Білім

Ұлттық тәрбие — ұлт болашағы

Тәрбие

Қазіргі дамыған дәуірде озық қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу — бүгінгі күннің басты талабы. Ұлттық тәрбиеден нәр алған адам рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, биік дәрежеге көтеріледі. Адам баласының бүкіл адами қасиеттері отбасында беріліп, бүкіл ғұмырына негіз болады. Адамның әдептілігі мен мәдениет деңгейі оның сөзінен, ісінен, мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан көрінеді. «Жас бала — жас бір шыбық, жас күнінде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ», — деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, халқымыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Осы орайда өскелең ұрпақтың санасына тәрбие мен ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталған іс-шаралардың маңызы зор. «Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілу керек. Онсыз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген екен ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби. Бала шыр етіп өмірге келгеннен бастап, оның ойлы, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл-ойының жетілуіне ерекше мән берген. Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген нақыл бар. Кішкентай бала бойында адалдық, әділдік, мейірімділік, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттерді сіңіруде халықтық педагогиканың маңызы зор. Дана халқымыз балаға әдептілік тәрбиесін үйрету арқылы оны жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулыған. Ұлттық тәрбие деген тіркестің өзі — қазақ халқы үшін қасиетті ұғым. Ата-бабамыз қалыптастырған қалыпта болашақ ұрпақтың тәрбиесіне көңіл бөлсек, дауға да, жауға да берілмейтін ұрпақ боларымыз анық. Тәрбие — қоғамдық, өндірістік және мәдени өмірдің белсенді қатысушысын даярлауды мақсат етіп қойған жеке адамды қалыптастырудың жүйелі процесі. Ол білім берумен тығыз байланысты. Қорыта айтқанда, халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған рухани мұрасын, асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерін жастарымыздың бойына сіңіріп, ұлағатты азамат тәрбиелеу — ата-ана мен ұстаздар қауымына жүктелетін басты міндет.

Бақтыгүл АЛТЫБАЕВА,

І.Есенберлин атындағы №15 орта мектептің тарих, география пәнінің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button