Жүрек жанашыры

Жүрек деген жақсы сөз бар. Баяғыда шешелеріміз «Баламның баласы — жүрегімнің қолқасы» деп отыратын. Перзентіне сүйсіне, сағына қарайтын ана атаулының аузынан «Жүрегім!» деген сөз де жиі шығады екен.
Жүрегіміз соғып тұрғанда мынау дүниеге құштарлықпен қарап, айналамыздан жақсылық күтіп отыратынымыз және ақиқат.
Ал сол жүректің шын мәніндегі жанашыры кім? Былай қарағанда, өзіміз сол аяулы жүрегімізді аямай, отқа да, суға салады екенбіз. Кез келген нәрсеге шыж-быж болып, күйіп-пісіп, болмайтын жайдан дау шығаруға да құштармыз кейде. Соның бәрі жүрекке салмақ түсіреді. Сосын амал жоқ, дәрігер жағалаймыз.
Сондайда сіздің алдыңыздан шығып, дертіңізге дауа, жаныңызға жалау болатын жан — ақ халатты абзал дәрігер.
Біз медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы терапевтер ассоциациясының, Ресей және Еуропа кардиологтар қоғамының төралқа мүшесі, Қазақстан кардиологтар ассоциациясы Ақтөбе филиалының директоры, профессор Бекболат Жолдинді осы ауқымдағы сиректердің қатарына жатқызар едік…
Әке тағылымы
Бүгінде жетпіс бес жастың биігіне көтеріліп отырған Бекболат Жолдиннің осы кезге дейінгі жүріп өткен жолдары денсаулық сақтау қызметіндегі абыройлы кезеңдер, салиқалы сатылар іспетті.
Бұрынғы «Крупская» колхозының аумағында Шұқырши деп аталатын елді мекен бар. Сол жерде дүние есігін ашқан ол елге қиындықтар әкелген соғыс дабылы басылып, бейбіт күннің мамыражай тіршілігі өрістей бастаған тұста мектепке барады.
Әкесі Құлжан Жолдин Байғанин өңірінде ауылдың бас көтерер азаматтарының бірі саналған. Ол бозбала кезінен шаруашылық жұмыстарына араласып, қатарынан ерте жетіледі.
Жарқамыс орта мектебінің тоғызыншы класын бітіріп, аудандық қаржы бөлімінің салық жөніндегі агенті болып қызметке кіріседі. Осындай жолдан өткеннен кейін Темірдегі зоотехникалық-малдәрігерлік техникумға оқуға түсіп, ол жерден зоотехник мамандығын алып шығады. Сөйтіп, 1949 жылы аудандық ауылшаруашылық бөліміне қызметке орналасады.
Ауылдық кеңестің төрағасы, шаруашылықта бас зоотехник, ферма меңгерушісі болып еңбек етеді. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Өзі де еңбекқор әке мен асыл ана Іңкәш әже бауырынан өрген сегіз баласының білімді болып өсіп, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуы жолында ақыл-кеңесін аямайды, сөзімен де, ісімен үлгі көрсетеді. Сол асқар тау сынды аяулы жан жетпіс бір жасында өмірден өтті. «Үкіметтің жұмысы деп уақытпен санаспай, күні-түн жүріп еңбек етті. Жеті жыл жүрек жетіспеушілігі дертімен сырқаттанды. Қолымнан келгенінше ем-домымды жасадым, бәлкім, аз да болса ғұмырын ұзартуға септігім тиген шығар. Бірақ сол жағдайдың өзі маған адам денсаулығының қаншалықты қымбаттылығын, дәрігер көмегінің маңыздылығын бұрынғыдан да айрықша ұғындырып кеткендей болды», — дейді Бекболат аға.
Әке аманаты адам болу, қатарыңнан қалмау, жақсылыққа жақын жүруге саяды ғой әдетте. Бекболат та өзінің осы ұстаныммен өскендігін білдіріп жүреді. Соңынан ерген бауырларына да жол көрсетуден жалыққан емес. Кіші інісі Жанболат ағасына еліктеп, дәрігерлік мамандықты таңдаған. Ол да өзі сияқты Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, Жамбыл облысына барып қызмет істеді. Өкінішке қарай, өмірден ерте кетті…
Өз балаларынан Артур мен Әнуар әке жолын қуып, медицина саласында жемісті еңбек етуде. Ал қызы Гүлнара «Қазхромда» экономист мамандығы бойынша қызмет жасайды.
Бекеңнің өмірлік серігі Галина Хамитқызының өзі құрметті еңбек демалысына шыққанша дене тәрбиесі диспансерінде спорттық дәрігер болып қызмет істеді, инемен емдеу ісімен шұғылданды.
Алғашқы қадам
Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын 1972 жылы бітірген дипломды жас маманды сол кездегі тәртіп бойынша жолдамамен қызметке жаңадан құрылып жатқан Торғай облысына жібереді. Облыстың орталығы Арқалық қаласындағы ауруханада үш жыл еңбек етеді. Қызметке қабілеті байқалғасын оны бөлімше меңгерушісі етіп бекітеді.
— Мамандығым бойынша тәжірибе жинау өз алдына, ең бастысы, өмір мектебінен өткендей болдым. Сол кезде облыстың бірінші басшысы Сақан Құсайынов еді. Жасы елудің үстіне енді шыққанымен біз үшін одан да егде көрінеді, беделі биік басшы, алдына кіруге бата алмайтын күйдеміз. Алайда сол кісі бір күні сырқаттанып қалған кезінде емдеуге мені жіберді.
Арқалық шағын қала ғой, сондықтан көп нәрсе көз алдыңда өтіп жатады. Сақан Құсайынұлының жұмысқа күнде көше бойымен жаяу бара жатқанын көретінбіз.
Үйіне барғанымда мені жылы жүзбен есіктен өзі шығып қарсы алып, еркін жүріп-тұруыма пейіл білдіретін. Әңгіме ауанынан ұлтжанды азамат екенін байқадым, сөздері салиқалы, жүріс-тұрысы байыпты.
Одан кейін облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болған Өзбекәлі Жәнібековпен кездесіп тұрудың сәті түсті. Бұл кісінің өмірі аңыз сияқты ғой. Торғай өңіріне көптеген жаңалықтар ала барды, тарихты тірілтті, ұлттық салт-дістүрлерімізді жаңғыртты.
Міне, осы кісілермен тілдесу, сөздерін тыңдау маған үлкен сабақ болды, оны әлі күнге дейін ұмытпаймын, — дейді Бекболат Құлжанұлы медицинадағы алғашқы қадамдарын еске алғанда.
Торғайда қызметте жүргенде жол көрсетіп, ақыл-кеңесін берген тәлімгері Рысқұл Жақанов есімін де бүгінге дейін құрметпен ойға алып жүреді. Тәжірибесі мол дәрігер Хромтау өңірінен шыққан екен.
Осылайша Арқалықтағы үш жыл оның дәрігер ретіндегі қадамына қанат бітірді, жан-жақты ізденістеріне жол ашты. Сөйтіп, Ақтөбеге ол кәсібіне деген ерекше құлшыныспен оралды.
Ғылым мен тәжірибе тоғысында
Елге келген соң кеше ғана өзі білім алып шыққан Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында терапия мамандығы бойынша клиникалық ординатурада оқыды. Содан кейін облыстық дәрігерлік-денешынықтыру диспансерінде терапевт дәрігер болып жұмысын жалғастырды.
Ал 1979 жылдан бастап одан кейінгі барлық еңбек жолы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетімен тығыз байланысты, осы университетте ассистент лауазымынан бастап доцент, дәрігерлердің білімін жетілдіру факультетінің деканы, кафедра жетекшісі сатыларынан өтті. Және мұның барлығы да емдеу орындарындағы практикалық қызметінен бір сәтке де ажырап көрген емес.
1998 жылы Мәскеу медициналық стоматологиялық университетінің диссертациялық кеңесінде хрономедицина және хронотерапия мәселелері бойынша кардиология мамандығы бойынша медицина ғылымдарының докторы, профессор Рина Заславскаяның жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғап, медицина ғылымының кандидаты атағына ие болды. Көп ұзамай оған академиялық доцент, 2007 жылы профессор атағы берілді. Бұл атақтардың астарында тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденістер, төгілген маңдай тер жатқанын біреу білсе, біреу білмес бүгінде. Бірақ соның бәрінің нәтижесі — адамдарға аялы алақан арқылы ем болып жетіп жатқаны. Алдына ажары кетіп келген қаншама адамның алғысына бөленді, үлкендердің батасын алып, қатар замандастарының құрмет-ілтипатына ие болғаны еңбегінің жанғаны емес пе!?
Бекболат Құлжанұлы үшін ғылыми ізденістері мен қолға алған тақырыптарының бірқатары — кардиология, кардиоонкология, эпидемиология және клиникалық фармакологияның өзекті мәселелеріне байланысты. Ол туралы берілген бір мінездемеде: «Антиангинальді дәрілердің хронофармакодинамикасын, созылмалы инфекциялық емес аурулар эпидемиологиясын, созылмалы жүрек жетіспеушілігін, ісікке қарсы препараттардың кардиоуыттылығын зерттеуге елеулі үлесін қосты» деп жазылыпты. Медицинаның мәніне терең бойлай бермейтін қарапайым адам үшін осы сөйлемнің толықтай ұғынылуы қиындау болғанымен, ғалымның біраз шаруаға бел шешіп кіріскенін, өз саласында айтарлықтай жұмыстар тындырғанын көңіл көзімен қапысыз сезіне аласыз.
Ол — 132 клиникалық ординатор мен резидент, 3 аспирант, 2 PhD докторантын, 2 магистрант даярлаған білікті ұстаз. Ғалымның шәкірттері қазіргі уақытта өз елімізде ғана емес, сондай-ақ шет мемлекеттерде де жемісті еңбек етуде.
Ғылыми-зерттеулерінің нәтижелері 300-ден астам жарияланымда қарастырылды, оның ішінде оқу процесін жетілдіруге арналған 15 оқу-әдістемелік нұсқау, 3 рационализаторлық ұсыныс, 4 авторлық куәлік және 20-дан астам мақала бар.
Профессор Бекболат Жолдиннің бастамасымен және тікелей араласуымен Ақтөбе қалалық клиникалық аурухана құрамында алғаш рет 1985 жылы миокард инфарктісімен ауырған науқастарды емдеуге арналған бөлім ашылды. Ал 2007 жылы университеттің медициналық орталығы базасында аумақтық кардиохирургиялық орталығының іске қосылуы бұл бағыттағы айтарлықтай ілгері қадам болды. Сонымен бірге аймақтық дәрігерлер үшін дәрігер-клиникалық фармаколог, резидентурада дәрігер-кардиолог дайындау, жүрек жетіспеушілігі кабинеттерін ашу, маңызды тақырыптарды қамтыған конференциялар, семинарлар өткізу жүзеге асырылды.
Профессордың жүрек жетіспеушілігі тақырындағы ғылыми-зерттеу еңбектері мен мақалалары «Клиническая медицина», «Терапевтический архив» сияқты ТМД елдері бойынша шығатын жетекші медициналық журналдарда жарияланды, Вашингтон мен Мәскеуде өткен халықаралық конгрестерде баяндалды.
Профессордың ғылым саласындағы тағы бір жетістігі — Білім және ғылым министрлігі қаржыландырған «Сүт безі қатерлі ісігінің химиотерапиясынан туындаған кардиотоксикалық асқынуларды ерте диагностикалау және емдеу бағдарламасын әзірлеу» ғылыми-техникалық жобасын қолға алуы. Бұл жұмыс республика бойынша осы бағыттағы кардиоонкологияның негізін қалаған алғашқы еңбектердің бірі болды. Ғылыми өнімділікті бағалауға арналған ғылыми-метрикалық көрсеткіш — Хирш индексі бойынша да ғалымның еңбегі жоғары бағалануы сүйсінерлік жай.
Алдағы мамыр айында Сербияда Еуропалық жүрек әлсіздігімен шұғылданатын дәрігерлердің конгресі өтепекші, сол жиынға ақтөбелік кардиолог-ғалымдардың он бір жұмысы қабылдануы да бір жетістік емес пе!?
Білікті ғалым өзі туып-өскен өңірге де ұдайы ат басын бұрып тұрады. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ол осыдан бірер жыл бұрын аудандық ауруханада, Жарқамыс ауылында жүрек-қан тамыр ауруларымен ауыратын науқастарды қарап, кеңес берді, аудандық аурухананың жиын залында жергілікті дəрігерлермен созылмалы жүрек жетіспеушілігі дертін емдеу тəсілдеріне арнап семинар-кеңес өткізді.
Профессор Бекболат Жолдин ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Парасат» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталды.
Ол — «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, облыс әкімінің «Үздік дәрігер» сыйлығының, академияның «Дарынды ұстаз» номинациясының жеңімпазы, сондай-ақ Қазақстан кардиологтар қауымдастығының «Кардиология саласының қайраткері» және «Ақ жүрек» белгілерін кеудесіне таққан өз кәсібінің білгірі.
…Бір сәт күнделікті жұмыстан қолы босап, демалысқа ерік берген сәтінде қолына кітап алатыны бар ғалым ағаның. Өзінің замандасы, ел басқарған үлкен азамат Бақтықожа Ізмұхамбетовтің:
Қалғаным жоқ өмірде құр алақан,
Дәрежем жоқ біреуден сұрап алған.
Өткен күндер — байлығым жиып-терген,
Орын алдым бірталай биіктерден, — деген өлең жолдары осындайда жадында жатталып қалыпты. Көңіліндегі көп ойлармен сабақтас болғандықтан да шығар, сірә…
* * *
Бүгін, 18 сәуір күні Ақтөбеде профессор Бекболат Жолдиннің мерейтойына арналып «ХХІ ғасыр кардиологиясы: кардиоонкология, жүрек жеткіліксіздігі мен липидологиядағы инновациялар» атауымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтпекші. Оған Ресей Федерациясынан, Грузиядан, Қырғызстаннан сондай-ақ Қазақстанның танымал кардиологтары қатысады деп күтілуде.
Бұл алқалы жиынның бүкіл саналы ғұмырын адам денсаулығын қорғауға арнап келе жатқан білікті дәрігер һәм ғибраты мол ғалым Бекболат Жолдиннің өмірлік ұстанымымен сабақтас тағы бір ізденісті де игілікті қадамдарға негіз болатындығына сеніміміз мол.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



