Поэзия
Ректор уәдесін орындады
«Шұғыла» жыр жинағының тұсауы кесілді
Бейсенбі күні Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында «Шұғыла» әдеби бірлестігі мүшелерінің алғашқы жыр жинағының тұсаукесері өтті.
Жазушылар Одағы Ақтөбе филиалының жанынан құрылған «Шұғыла» әдеби бірлестігінің жұмыс жасап жатқанына екі жылға жуықтады. Осы жылдар ішінде бірлестік мүшелері бірнеше мәрте кездесулер ұйымдастырып, жас қалам иелері арасында Мұқағали Мақатаевтың туған күні қарсаңында «Қарасаздың мұзбалағы» атты мүшәйра өткізді.
Сондай бір жарқын кеш өткен жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында өткізіліп, онда жас талапкерлерге ақындар Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы ақ жол тілеген еді.
Ал институт ректоры Ғалымжан Нұрышев олардың балауса өлеңдерін жинақ етіп шығарып беруге уәде еткен болатын. Сол уәде орындалды. Міне, шұғылалықтардың алғашқы «Шұғыла» жыр жинағы жарыққа шықты.
Тұсаукесерде алғашқы болып сөз алған институт басшысы жас қаламгерлерге сәттілік тіледі.
— «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында институтымызда көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр. «Шұғыла» жинағы да осы бағдарлама негізінде топтастырылып, жарыққа шықты. Жастарды қолдау, олардың еңбектерін оқырмандарға жеткізу мақсатында жарық көрген жинаққа жиырма жас таланттың өлеңдері енді. Біз, міне, осылайша әлі де талантты жастарға қолұшымызды созып, ағалық пейілімізді танытып жүруіміз керек. Сондықтан алдағы уақытта да жас талапкерлерге бағыт-бағдарымызды беріп отыруды назардан тыс қалдырмаймыз. Тек бұл үшін жастар да ерінбей еңбек ете білсе болғаны, — деді Ғалымжан Нұрышев.
Мұнан соң ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев сөз алып, жас таланттарға жылы лебізін арнады.
— Біздің студент кезімізде де осындай жинақ жарық шықты. Бірақ сол «Темірқанат» өте шағын еді. Жинаққа өлеңдеріміз енгендіктен, біз өзімізді кітабы шыққан ақындардың қатарына қостық. Шынында сол шағын жинақ біздің одан арғы қадамымызға серпін болды. Кітапқа өлеңдері енген студенттер қазір елімізге танымал ақын-жазушылар, қаламгерлер болып қалыптасты. «Шұғыла» жинағы да сіздердің алғашқы қадамдарыңыз. Енді ерінбей ізденіп, еңбектенген дұрыс. Ақындық жүрекке ұя салған талант ұшқынымен ғана емес, негізінен жанкешті еңбекпен өркендейді, — деді ол.
Әдеби бірлестіктің қатары облыс орталығымен қатар алыс аудандар мен ауылдардағы жас ақындармен толығып келеді. Қазір бірлестіктің құрамында белсенді 40-қа жуық мүше бар. Жастар жиі бас қосып, шығармашылықтарымен бөлісіп отырады.
— «Шұғыла» жинағы — шұғылалықтардың алғашқы еңбегі. Жинаққа 16-30 жас аралығындағы жас қаламгерлердің өлеңдері іріктеліп алынды. Біздің қатарымыз көбейіп келеді. Сондықтан алда атқарар ісіміз көп, — дейді бірлестік жетекшісі Гүлжайнар Қалдина.
Кеш барысында Арай Мүсірова, Жұлдыз Қожабекова, Гүлжанат Пралина және Балагүл Бәкиевалар өлеңдерін оқып, жырсүйер қауымның ықыласына бөленді.
Р.S. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне шығарылған бұл жинаққа 20 жас талапкердің жырлары енгізілген. Жас талапкерлер кітабына белгілі ақын, публицист, аудармашы Мейірхан Ақдәулетұлы мен Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалының директоры Амантай Өтегенов алғысөздер жазып, оң қадам тілеген.
Айгүл ЖҰБАНЫШ.
Гүлжайнар Қалдина
Киіз тірлік
Илеуі қанып,
тапталып,
ыстыққа күйіп, піскен күн.
Білектей басса, от қарып,
өрнегі бірге түскен күн.
Арқанға ермек.
Еркі жоқ,
шыр айналып ортада
Жаралғаны үшін — дерті көп,
Бағы ма, әлде…
Сор…
Тоба!
Жылытып суық жалғанды,
бауырын мұзға жастанған.
Киіздегі мұң-арманды,
кім ұғар екен?
(Қасқа арман!..)
Уыңды да ішкем
мұң жұтып,
еркімді ессіз ақтарып.
көмейге отты қылғытып,
өңешім күйсе — шаттанып…
Киіз — тағдырым.
Көнбіс үн.
Жылуым саған — жалғанда.
Сен — бір асқақ өр мүсін,
Мен — текемет.
(таң қалма!)
Гүлжаһан Төреханова
Жар сөзі
Базарым боп бал қылықты мекен бұл,
Бауырыма қыстым бақыт бөлшегін…
Бақ ұямның бағбаны боп кетем, біл,
Мені сүйреп келе жатқан сол сенім!
Тәуба дейміз! Тағдыр атты Тәңірге,
Шуағыңа жылынады жаным бір.
Жүрегімді селт етпейтін әмірге,
Суымайтын сезіміңмен табындыр!
Қос алақан қауышқан сәт, бірге тек,
Қос жүрекке қиял қонды көктегі…
Сендік көңіл толтырғандай гүлге етек,
Еркелетіп қойшы, жаным, тек мені…
Гүлжанат Піралина
Тауып Сізден көңілімнің күй емін,
Өз жанымнан артығырақ сүйемін.
Сенер болсаң, тағдыр қосар жанымның,
Ойламаппын қызғаныштан күйерін.
Ағытқан соң өз ойыңның тиегін,
Сабақ алып, енді ақылға түйемін.
Аңдап сөйлеп, мұнан кейін ес жиып,
Сенші соған, аса қымбат кие ерім!
Балагүл Бакиева
Серт
Тағдырымды саған тапсырдым,
Көп болсын, жаным, жақсы күн.
Құзырыңда жан-тәнім,
Не бұйырасың, тақсырым?
Уысыңда өлең — өмірім,
Мұз едім, сүйдің, ерідім.
Жүрегім менің — нәресте,
Жылатпаймысың, серігім?
Сен болып таңдап алғаным,
Өзіңсіз тойға бармадым.
Берілдім адал жаныммен
Бағалаймысың, жан-жарым?
Өлең деп, сен деп жыр бақтым,
Біріңсіз қалай тұрмақпын?
Өкпелетсең сен мені,
Өлеңге кетем, қымбаттым!
Жақсыбек КемаЛ
Өмір өксіп барады көшеменен,
жасы тамды бетіме…
«Арғы ауылға» арымды төсеп енем,
қайғысы сіңіп етіме.
Өлім! Өлім!!!
Өлмесіме сенем бе?
Өкінішім өрімде.
Тағдырымның теперіші тереңде
Армандарым көгімде…
Шыншыл күнім шыңғырады, шерменде.
Ел күледі күдікшіл.
Жат бауырлар жақсылыққа сенген бе?
Көкейімде үміт жүр.
Сұрқия түн сықпытынан сескенген
Сайтан көңіл алаң дүр…
Пері тірлік пәтуамды ескерген,
Бұлыңғырлау ғалам бұл…
Индира Кереева
Наз
Хабарсыз кеттіңіз көп уақыт…
Ұқпадым…
Жоғалттық нені біз?
Ұялшақ жүректі тулатып,
Сіз мені «сүйем» деп едіңіз…
Деміңіз секілді таңғы леп,
Ұйқымнан оянғам елеңдеп.
Мен жүрмін жанарым жәудіреп,
Күттіріп қойғасын «келем» деп…
Ойымнан шықпайсыз күні-түн…
Сіз жоқсыз…
(Өмірім мұздады-ай…)
Біз шерткен сырларды ұмытып,
Алаңсыз жүресіз Сіз қалай?
Үмітім жылатпай жетелер
көңілді біз жүрген іздермен…
Мен сізді жек көріп кетер ем,
жүр мені серт қинап Сіз берген…
Сырымыз бір еді…
Білемін,
Мен берген Сертімді бұзбадым!
Селт етпей мен сүйген жүрегің,
Қай жерде отырсыз Сіз…
Жаным…
Жұлдыз Қожабекова
Сезім нөсері
Ұяңдығым-тамшы нөсер мөп-мөлдір,
Қабағымды қара бұлттар жаулайды.
Сендік сезім ақ аспаннан төккен нұр.
Алқынатын ақ жауыннан аумайды.
Жүзің жанып бал үміттен тұрсың сен,
Кірпіктерім қадалғанда найзадай.
От деміңнен қымсынып мен күрсінсем.
Жүрегіңде ойнап кетер найзағай.
Кеудеңде тұр қиялыңның толғағы,
Ұяң қызды арманыңмен таң қылдың.
Сезімдерің күй кешпесе болғаны,
Тағдырындай тек өткінші жаңбырдың…
Қуандық Реймов
Ақ ұлпа мамық ақ қарға,
Айналды менің сезімім.
Сағынған сара шақтарда
Таусыла берді төзімім.
Сен болып қолын бұлғайды,
Арманға толы атар күн.
Төбемнен төніп түн қайғы,
Ғашықтық уын татармын.
Сен жаққа сонау асығам,
Сағынтқан мені мекенге.
Кеудемді кернеп асыл ән
Құс болып ұшып жетем бе?!
Шомылып сырға тынамын,
Жүректі мұңды ой шымшып ап.
Сағыныш атты қыраным,
Өзіңсіз қалай тыншымақ?
Ұйқымды түнгі ұрладың,
Өртедің мұңмен өзекті.
Қайдасың, менің нұрлы әнім?
Өзіңсіз шақтар мезі етті!..
Нұркен Аманжолов
Он оқитын қыз
Кеше мен бір сұлу қызға жолықтым,
Жарым ба осы, бұл өмірден іздеген.
Сезімге де ерлік керек.
Соны ұқтым.
Сөз байластым он оқитын қызбенен.
Жалғыз бақта жүруші едім жабырқау,
Келді ме шын махаббатым күзбенен.
Оңай емес…
Қиын да емес секілді…
Сөз байласу он оқитын қызбенен.
Ол ауылда.
Мен қалада — қашықпыз,
Телефонмен сөйлесеміз жай ғана.
Жүзімізді бір көруге асықпыз,
Арман, үміт — жүректерде ой ғана.
Осылайша жүрген едік әдемі,
Бірімізге біріміз шын сенген боп.
Тұрақсыз-ау телефонның әлемі,
Хабарлассам…
Тұрады әркез сөнген боп.
Жолым болмай махаббаттан тағы да,
Бекер болды бөлек кеттік біз деген.
Қонбас құсым екен менің бағыма,
Айырылыстым он оқитын қызбенен.
Нұрлыбек Байниязов
Көк
Қараймын…
Көк аспан астында,
Шарбы бұлт жүзер жабысып.
Аппақ мамығы расында,
Желмен ойнайды жарысып.
Мөп-мөлдір тұнық аспанда,
Қыран құс ұшар қалықтап.
Күн көзімен сиқырласқан-ау,
Орнаған ақ мамық бақ.
Нұр шашқан күннің дидары,
Сығалап мамық бағынан.
Ойыма қиял сыйлады,
Қандай бақ мамық жамылған?
Көк аспан күннің жүзі де,
Жадырап мәз боп күлгендей.
Көшпелі бақтың өзі де,
Самалмен еріп келгендей.
Қол ұстасып күледі,
Күн мен бұлт, көк, айдын көл…
…Мен жайлы кім біледі —
Қозы көш жерде қайғым жүр.
Данагүл Баймұхашева
Сезім алқасы
Үзілді сезім алқасы,
Жүрекке өзің сыйлаған.
Ойланып өзің байқашы,
Кезім көп еді қимаған.
Күтумен сені сан мәрте,
Өтіпті босқа уақытым.
Басымнан ұшты тым ерте,
Аңсаған аппақ бақытым.
Жанашыр болар деп едім,
Есіңе де алмадың.
Өкпелімін демедім,
Жаныңа жақын бармадым.
Ұзады күндер жырақ боп,
Бірақ мен әлі сендікпін.
Жаныма жалау тұрақ жоқ,
Азабын тарттым кемдіктің.
Сен көпсің.
Ал мен жалғызбын,
Мұңдасым ғана өлеңім.
Басында тұрмын шың-құздың,
Итерсең болды.
Өлемін.
Болса да құрбан қу жаным,
Тоқтаса-дағы жүрегім.
Ол жақта сенің — ардағым,
Періштең болып жүремін.
Оразбек Кенбаев
Ақ бантик тағып шашыңа,
Сен өскен ауыл осы ма?
Мен жайлы сырлар шерттің бе?
Сағынған кезде досыңа.
Бақыт боп атар таңдарға,
Сенімің мүлде қалған ба?
Шығарып неге салмадың,
Ауылыңа барғанда?
Телміріп сөнерде күнге,
Мені іздеп келер дедің бе?
Жанардың жасын тауысып,
Жол жаққа елеңдедің бе?
Кетерде жыраққа жаным,
Үмітпен ұзақ қарадың.
Жаутаңдап сенің үйіңе,
Ауылдан ұзап барамын.
Арай Мүсірова
Тылсым сезім
Кей кездері қалғанда өзімменен,
Сырға батам тұңғиық сезімменен.
Жаныңа ғажайып бір күй сыйлайтын,
Не деген керемет еді сезім деген.
Сені іздеп түніменен көз ілмегем,
Таппай тағат достастым төзімменен.
Сезіммен арпалысып жүргенімде,
Жанымнан қайғы, мұң да сезілмеген.
Арнасынан өмірдің көп іздегем,
Көп іздегем, адасқан көп іздерден.
Іздеген ем, бұлт болып аспанымнан,
Іздегенмін тұңғиық теңіздерден.
Таптым ба деп қуанғам өзімменен,
Қайтейін жан жүрегім езілгенмен.
Жанымды тағы азапқа салып алып,
Алыстап барады ма сезім менен?
Не деген алдамшы еді сезім деген?
Нұрбол Ыбыраев
Қанаты жоқ періште
Жүрек алауын жандырдың кімге?
Өзіңді ойлап қаңғырдым түнде.
Өз бақытымды өзім ұшырдым,
Кінәламаймын тағдырды мүлде.
Адасып бақыт көшінен әнім,
Жолықтық екен несіне, жаным.
Өзіңмен өткен тәтті күндерді,
Сағынышпенен есіме аламын.
(Туған күнімде жолықтырдым да,)
Жаралы жүрек толып тұр мұңға.
Жарыңның жатып құшағында сен,
Мұңайған түннен жырымды тыңда!
Бүршігін жарып жүрегімде өлең,
Сағынып өмір сүремін бе мен?
…Өзге сұлуды бақытты етемін,
Өзіңді сүйген жүрегімменен…
Ерболат Шандин
Сені сүю…
Болмады деп арамызда үндестік,
жырақ жүріп жат секілді күн кештік.
Сәулем, маған сен оралшы қайтадан,
екеумізден болған шығар білместік.
Сен кеткелі айлар өтті арада,
қыс та келді аппақ қармен далаға.
Жақындайын десем саған бір табан,
тағдыр бізді алыстатып бара ма?
Саған қарай жетелейді тәтті үміт,
осы сезім әкетердей батырып.
Бір кездері сүймеп пе едік біз құлай,
өмір бізді жіберген бе жат қылып?
Менен алыс кеткеннен соң тысқары,
сен деп ұшад көңілімнің құстары.
Мен де жүрмін сүйгенімнен айрылып,
Жапырақсыз талдар сынды қыстағы.
Нұрлан Ақбаев
Сүйдім мөлдір көзіңді
Ғашық болып сүйдім, сәулем,
Сүйдім мөлдір көзіңді.
Жүрек шіркін дамылдамай,
Шын қалады өзіңді.
Өзгелерден артық көрдім,
Сендегі бар сезімді.
Қайғы, мұңға бірдей көндім,
Жан-жүрегім езілді.
Құшағыңда жылу көрдім,
Жарық күннің нұрынан.
Жүрегімді саған бердім,
«Айықсын» деп мұңынан.
Жидым саған қыр гүлдерін,
Сағымдармен алысып…
Тынығуды мен білмедім,
Көкте құспен жарысып…
Махаббаттың отын жақтым,
Бөленсін деп ләззатқа.
Неге маған кінә тақтың,
Неге салдың азапқа?
Махаббаттың сырын ашып,
Біле алмадым ұғынып.
Сен кетсең де алыс,
қашық,
Қарай берем бұрылып…
Сырым Сәтімов
Қоштасу
Бақыт іздеп жүрдік анық,
Өмір, шіркін, өзгерді.
Көздің жасын сүртіп алып,
«Қош» деп айтар кез келді.
Еске түсті сұлу көктем,
Таныстырған біздерді.
Ғашық жүрек жырын төккен,
Көктем кетіп, күз келді.
Көрген сәт те әлі есімде,
Арай атқан сол таңда.
Бақыттың бал дәмі үшін де,
қарыздармын сол жанға.
Алыстады неге арамыз?
Жырым едің мен үшін.
Көгершіндей,
ей, арман қыз,
сүйген едім сені шын.
Жүрек неге сен деп соқты?
Арман етпей басқаны.
Кеудемдегі жанған отты,
Сөндіре алмас жас жаным.
Болар әлі алар ақым,
Өмір жасар сый маған.
«Қош», бақытсыз махаббатым,
Он жетімде қимаған.
Үміттерім ұшқанменен,
Жүрек әлі сенбейсің.
Күзде тоңған құстарменен
кеттің, қайтіп келмейсің.
Махаббаты бала жастың,
Бір болуға сенімсіз.
Сен алыстап бара жатсың,
Қарап тұрмын мен үнсіз…
Ершат Қайболдин
Қалағаным, қабыл алшы тілекті,
қарағаның үмітімді үдетті.
Бар амалым бақытты ету жүректі,
жараладың жұдырықтай құр етті.
Шағаламын, қайда қанат қағамын?
Жағаладым махаббаттың аралын.
Замананың бергені — тек нала-мұң,
саған әнім шырқалуда, қарағым.
Пәк адалым, арыңдай пәк жанарың,
Бағаладым, бақытыма баладым!
Араладым бақты, тозып табаным,
таба аламын, іздеп сені табамын.
Доғарамын бұл сезімді ант ұрған,
жоғаламын арнап саған сан түрлі ән.
О-о, маралым, келінісің басқа үйдің,
орамалың дәлел оған тартылған.
Жоламадың, жүрдің менен жырақта,
жоқ амалым, шыдау керек сынаққа.
Бола аламын мен де өзгемен бақытты,
оған арым жібермейді бірақ та.
Ораламын десең егер сәріде,
Саған, жаным, құшақ ашық әлі де.
Үйленді деп сен де мені сөкпессің,
сүйген жүрек кешірімді бәріне.
Ақтолқын Тәжікова
Ой салу
Өмірде іс жасама ұялатын,
адал бол өмірді шын сүйе алатын.
Бумеранг секілді қайтып келер,
біреулерге жасаған қиянатың.
Адамдар жақсылықтан нәр алады,
ащы сөз жанды дәйім жаралады.
Жасаған жақсылығың біреулерге,
өзіңе кептер болып оралады.
Келеді саған жақсы хабар алып,
Әйтеуір бір қайтарым болары анық.
Жаманның қалса өзі жараланып,
Жақсылар көрінеді дараланып.
Біреудің қала көрме қарғысына,
Құдайдың қарсы келме жарғысына.
Қалғанша біреулердің көз жасына,
Бөленсең, бақыттысың алғысына.
Қуаныш Ысқақов
Жүрек сыры
Жүрегім сенсіз жылайды
Сағындым, іздей беремін.
Күз келсе, неге мұңайдың?
Көктем боп қайтып келемін.
Қалайша мені ұмыттың,
Сүюдің білмей себебін.
Сенсіз де өтер күндерім,
Сенсіз де бақыт теремін.
Ызғарлы жүрек ысыған,
Табады жанның жел емін…
Қолымды созсам, жетпейтін,
Арманым алыс арайлы.
Түнінде қалып тағдырдың,
Бақытым мұңмен қарайды.
Көңілім сенсіз күндерді,
Қаралы күнге балайды.
Сезімге жүйрік ерем деп,
Өткіздім бастан талайды.
Ермеймін енді!
Өзіммен,
Өзім боп қалсам, жарайды.



