Ерлік ешқашан ескірмейді

Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына, сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Қызғалдақ ғұмыр — Әлия» атты ауызша журнал ұйымдастырылды.
Осы іс-шара барысында оқырманға Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музей әзірлеген «Ер есімі — ел есінде» атты жылжымалы көрме де ұсынылды.
Ауызша журналдың «Әлия ерлігі — өшпес тарих» атты алғашқы бөлімінде кітапханашы Айдана Асылханова қатысушыларды батыр қыздың өмірбаянымен, майдандағы ерлігімен таныстырды. Әлияның бейбіт өмірдегі үлгі-өнегесі, өзінен кішілерге қамқорлығы, жақындарының естеліктеріндегі естілігі мен өжеттігі жөнінде де айтылды. Сонымен қатар Әлия жайында жазылған еңбектер, олардың авторлары, батыр қыздың құрметіне қойылған ескерткіштер, көше атаулары жөнінде мәліметтер берілді.
Жиналған оқырмандар мен кітапханашылар, БАҚ өкілдері алдында Ақтөбедегі Қазанғап атындағы өнер мектебінің оқушылары жатқа өлең оқыды. Бұл кешке олар Сағи Жиенбаев, Ертай Ашықбаев және Гүлсамал Аймаханова сынды ақтөбелік ақындардың батыр рухына арнаған жырларын жаттап келіпті.
Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музей тарапынан әзірленген «Ер есімі — ел есінде» атты жылжымалы көрме арқылы да Әлияның туған жері мен өскен ортасы, қысқа да болса, мағыналы ғұмыры туралы мол мағлұмат берілді. Көрме «Әлияның туған жері», «Балғын Әлия», «Әлия оқыған мектептер», «Әлия есімімен» атты бөлімдерден құралған. Музейдің қызметкері Сәулеш Базарбайқызы Әлияның балалық шағы, туыстары туралы кеңінен әңгімеледі. Әлияның туған үйінің көне суреті де сақталып қалыпты. Құйттай ғана Бұлақ ауылында туып, өз әулеті қудалауға түскендіктен, нағашыларының қолында өскен қыз кішкентайынан-ақ қайсар, әділетсүйгіш мінезімен танылған.
Музейде ІІ дүниежүзілік соғыс жауынгерлерінен қалған түрлі жәдігерлер де сақтаулы. Музей қызметкерлері олардың да бір бөлігін ала келіп, жас оқырмандарға әрқайсысының тарихын баяндап берді. Айта кетейік, Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музейдің ашылғанына биыл 40 жыл толады.
Шараның негізгі ұйымдастырушысы облыстық балалар кітапханасы да «Әлия — батыр қызы сен халқымның» атты кітап көрмесін жасақтапты. Сөрелерге топтастырылған Әлия Молдағұлова туралы әр жылдардағы кітаптар, альбомдар мен жыр жинақтары оның ерлігінің ешқашан ескірмейтін тақырып екенін паш етіп тұрғандай…
Айна САРЫБАЙ.