Беларусь елінен келген дәрігерлер сәбилерге ота жасады

Ақтөбе қаласындағы көпсалалы облыстық балалар ауруханасында туа бітті жүрек ақауының ауыр түріне шалдыққан 8 сәбиге ашық әдіспен ота жасалды. Барлық операция сәтті өтті. Отаны Минск қаласының республикалық ғылыми-практикалық орталығының балалар кардиохирургі, «EACTS» Еуропалық кардиоторакальды хирургтар қоғамының,Ресей кардиохирургтары қоғамының мүшесі Юрий Линник бастаған дәрігерлер жасады.
Бір аптаға созылған шеберлік сағатында жергілікті дәрігерлер тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ кардиолог дәрігерлерге,реаниматолог-анестезиологтарға арналған оқыту семинарлары өткізілді. Отадан кейін дәрігерлер баспасөз конференциясын өткізді. Аталған шеберлік сағатын «BI-Жұлдызай» қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Яғни шетелден келетін мамандарға төленетін және барлық отаға қажетті шығындарды қор төледі. Қор меңгерушісі Ұлжалғас Мұхамбетованың айтуынша, қордың «Мүмкіндік» деп аталатын жобасы бар. Бұл іс-шара сол жоба бойынша жүзеге асып отыр.
— «Мүмкіндік» жобасы тек медицина бағытына арналған. Сирек кездесетін дертке шалдыққан балаларды әлемдік стандарт бойынша, жаңа технологиямен емдеуге мүмкіндік береді. Егер бұндай науқасты сырт елде емдететін болса, ата-ана қыруар қаржы жұмсар еді. Ал қор, біріншіден, отаны тегін жасатуға мүмкіндік берсе, екіншіден, біздің мамандар білікті дәрігерлермен тәжірибе алмасады. Себебі медицина саласы жыл сайын дамып жатыр. Мәселен, жүрекке жасалатын отаның бірнеше әдісі болуы мүмкін. Сондықтан мамандар әлемдік стандартқа сай жұмыс істейтін дәрігерлерден көп нәрсені үйренеді, — деді Ұлжалғас Мұхамбетова.
Қор өкілі Ақтөбе өңірін таңдау кездейсоқ емес екенін айтты. Себебі еліміздің батыс өңірі бойынша ақтөбелік кардиохирургтар балаларға ота жасап жүр. Аурухана қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған. Яғни шетелдік мамандардың келіп, операция жасауына барлық мүмкіндік бар. Минск қаласынан келген дәрігер Юрий Линник қайырымдылық қорына алғысын білдірді.
— Қорға, ақтөбелік әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Аз ғана уақыттың ішінде күрделі отаны жасадық. Ақтөбеге төрт адамнан тұратын команда келдік. Олар — кардиолог, перфузиолог, анестезиолог-реаниматолог. Бір аптада 8 балаға ота жасалды. Барлығы да туабітті жүрек ақауына шалдыққан. Ота сәтті өтті. Ендігі кезекте оңалту шаралары жүргізіледі. Сәбилердің барлығы да ауруханадан сауығып шығатынына сенімдімін. Жалпы, балалар арасындағы туабітті жүрек ақауы жыл сайын көбеймесе, азаймай отыр. Оның себебі әртүрлі, — деген Юрий Линник қай уақытта да ақтөбелік дәрігерлерге қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Сондай-ақ операциядан кейін жүрек ақауы бар35балағатексеру жүргізілді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.