Облыстық ғылыми кеңестің алғашқы отырысы өтті

12 сәуір — Ғылым қызметкерлері күні
Облыс әкімі Асхат Шахаров ақтөбелік ғалымдармен бірге Ұлттық құрылтайда ел Президенті айтқан ғылымды дамытуға қатысты тапсырмалардыіске асыру жолдарын талқылап, университет жанынан ашылған бірнеше зертхананың жұмысын көріп, ғылыми-зерттеу бағытындағы мүмкіндіктерімен танысты.
12 сәуір — Ғылым қызметкерлері күніне орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» залында облыс әкімдігі жанынан құрылған ғылымикеңестің алғашқы отырысы өтті.
Кеңес жұмысына оның төрағасы — облыс әкімі Асхат Шахаров, басқарма басшылары, кәсіпкерлер, өңірдегі жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, жас зерттеушілер қатысты.
Облыс әкімі алғысөзінде өңірдің орнықты дамуы үшін ғылымның маңыздылығын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі ғылымды дамытуға қатысты Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген тапсырмаларын еске салды.
— Бүгін біз өте маңызды және тарихи шарада — облыс әкімдігі жанынан құрылғанғылым кеңесінің алғашқы отырысында бас қосып отырмыз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында жергілікті атқарушы органдар мен отандық ғалымдарға ғылымды дамыту үшін бірқатар тапсырмалар берді. Сол жүктеген міндеттердің жүзеге асыру жолдарын сіз бен біз болып, талқылап, өңір дамуына бағыттауымыз керек.
Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті — озық ойлы ұлтқа айналу. Оған білім мен ғылымды дамытпай, қол жеткізу мүмкін емес.
Ақтөбе облысы — тек қана Батыс Қазақстанның индустриалды және экономикалық орталығы ғана емес, сондай-ақ жоғары әлеуеті бар интеллектуалдық хаб. Облысымызда мұнай, тау-кен өндірісі және металлургия салалары дамыған, сондай-ақ күшті бейінді және көпсалалы университеттер жұмыс істейді.
Өңірде Ғылым кеңесінің құрылуы — академиялық ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған қадам, бұл нақты ұсыныстарды әзірлеу үшін жұмыс алаңы болуы керек. Біз өнеркәсіп, университеттер, бизнес және қоғамдық ұйымдар өкілдерін диалогқа тартуға, оларға алаңдар ұсынып-үйлестіруге және пилоттық жобаларды іске асыруға көмек көрсетуге дайынбыз.Биыл ғылымды дамытуға облыстық бюджеттен арнайы қаржы қарастырылды. Бұл шешім Президент тапсырмаларын орындау аясында қабылданып, өңірлік ғылыми экожүйені қалыптастыруға маңызды қадам болады деген сенімдемін. Ғылым жөніндегі кеңес — бұл аймақ дамуының нақты экономикалық драйвері. Мемлекет пен ғылымның бірлескен іс-әрекеті кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады деп есептеймін, — деп атап өтті облыс әкімі Асхат Шахаров.
Жиын тізгінін ұстаған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова университеттің ғылымды дамытудағы маңызды рөлін және ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды нақты өндірістерге енгізудің маңыздылығын алға тартты.
Іс-шара барысында бірнеше жетекші ғалымдар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті. Академиялық және ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, PhD доктор Ербол Шабанов техногендік қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа технологиялары туралы баяндады.
— Біз ұсынатын әдістер өңіріміздің экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуге арналған жаңа технологиялар қоршаған ортаға тигізетін залалды азайтады, экономикалық жағынан да тиімді, — деді Ербол Шабанов.
Ал университеттің биология кафедрасының доценті, PhD доктор Арман Ісімов ауыл шаруашылығы жануарлары ауруларының эпидемиологиялық мониторингі бойынша өзінің ғылыми зерттеулерінің нәтижелеріне тоқталды.
— Мал ауруларына дер кезінде ден қою — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды. Біздің зерттеу нәтижелеріміз нақты профилактикалық шаралар ұсынуға мүмкіндік береді, — дедіАрман Ісімов.
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры, медицина ғылымдарының докторы Арыстан Мамырбаев оқу орнындағы ғылыми-техникалық жобалардың іске асырылуы туралы әңгімеледі. Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің экология кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты Ақылжан Телеуов Ембі-Мұғалжар үстіртінің жерасты суларының инженерлік қоры туралы айтты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің коммерцияландыру кеңсесінің жетекшісі Нұрбек Дүймұханов ғылым мен бизнесті ынталандыру, қаржыландыру жолдарын және салық жеңілдіктері туралы түсіндірді.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Облыс әкімі Асхат Шахаров ғылымды қолдау өңірді дамытудың негізі екенін, болашақта ғылыми зерттеулерді дамытуға және оларды нақты өндірістік процестерге енгізуге бағытталған бастамалар жалғастырылатынын атап өтті.
Ғылым жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қол жеткізу үшін билік пен ғылыми қауымдастықтың бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті.
Одан соң облыс әкімі Асхат Шахаров Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Инновациялық технологиялар паркіндегі жұмысын жаңадан бастаған зертханаларды аралап, жұмысын көрді.
Облыс әкімі әуелі «Молекулалық және жасушалық биотехнология» зертханасына барды.Ірі қара малдың түйінді дерматитін тудыратын Lumpy Skin Disease Virus (LSDV) вирусына байланысты серологиялық және молекулалық-генетикалық диагностикалау мен мониторинг әдістерін әзірлеу және енгізумен айналысатын зертхана заманауи қондырғылармен жабдықталған. Мұнда білікті ғалымдар командасы жұмыс істейді.
— 2024 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған ғылыми жобалар байқауында 120 миллион теңге грант ұтып алдым. Жоба мақсаты —
серологиялық-молекулярлық зерттеулер жүргізіп, ірі қара малдағы түйінді дерматитті ерте кезеңнен анықтау.
Біздің зертхана мал шаруашылығы саласындағы иммунизация бағытында жұмыс істейді, яғни вакцинация жасап, көмектесе аламыз. Сосын зерттеумәліметтері негізінде вирустың штамдары бойынша деректер базасы жасалады, бұл ұзақ мерзімді эпизоотиялық бақылауды қамтамасыз етуге және жаңа вакциналарды әзірлеуге мүмкіндік береді.Себебі инспекция жылына екі рет мониторинг жасаса, біздің зертхана 12 ай бойы мониторинг жүргізіп отырады. Былтыр грант жобасы аясында Маңғыстау облысының 15 шаруа қожалығында болып, ірі қарадан рандомды түрде сынама алдық. Себебі ірі қара малдың түйінді дерматиті елімізде осы өңірде бірінші тіркелді. Бұл — Африкада 1949 жылдан бері барэкзотикалық ауру. Биыл еліміздің төрт өңіріне экспедицияға шығатын боламыз. Әуелі осы облыстың Ойыл, Қобда аудандарына барамыз. Зерттеулер аясында инфекцияны тасымалдаушы негізгі векторларды (жәндіктерді) анықтау, LSDV вирусының географиялық таралуы мен оның генетикалық саласын талдау жүргізіледі, — деді жоба жетекшісі, биология кафедрасының доценті, PhD доктор Арман Ісімов.
Ал Академиялық және ғылыми-зерттеу орталығында ашылған зертханалар бірнеше бағытта жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Материалдарды металлургиялық өңдеу», «Жаратылыстану» және «Материалдардың физика-химиялық талдау» зертханаларызаманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Аталған зертханалар «Өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарта отырып, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа технологияларын әзірлеу» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында ашылған. Университет тарихында алғаш рет жалпы құны 3 миллиард теңге болатын грантты жеңіп алған болатын. Сөйтіп, осы жоба аясында Академиялық және ғылыми-зерттеу орталығын құрды. Орталық жетекшісі, PhD доктор Ербол Шабанов жобаның жалпы құрамында алпысқа жуық маман қызмет ететінін, бұл зертханалар өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретінін айтты.
Зертхана жетекшілерімен әңгімелесу барысында өңір басшысы Асхат Шахаров:
— Өндіріс пен ғылым қатар жүрсе, нәтиже де оң болады деп ойлаймын. Жер қойнауын пайдаланушы ірі кәсіпорындар тапқан табысының бір пайызын ғылыми-зерттеу жұмыстарынааударуға тиіс. Осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр, жыл аяғында жақсы жетістіктер болады деп сенеміз, — деді.
Ертеңіне ғылыми кеңес мүшелері секцияларға бөлініп, салалық мәселелерді талқылады. Екі күнге созылған кеңес жұмысы барысында қатысушылар сұрақтарын қойып, пікірлерін ортаға салды. Талқылаулар нәтижесінде маңызды мәселелер мен бағыттар анықталып, ұсыныстар қабылданды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.