Жаманнан жирен…

«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Әділетті қоғам — кемел келешек» тақырыбында кездесу өтті. Жиынға көпсалалы «Тарлан» колледжінің білім алушылары, медиаторлар, спортшылар мен құқық қорғау саласының өкілдері қатысты.
Іс-шарада жастар арасындағы құқықбұзушылықтар мен отбасындағы зорлық-зомбылық, буллинг пен лудомания құқықтық білімді дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
— Биыл «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында «Жастарға кеңес» жобасы еліміздің барлық өңірінде қолға алынды. Бүгінде қалалық жастар ресурстық орталығы қаламыздағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарында кездесулер ұйымдастырып, жастарды толғандырған мәселелерді шешуге септігін тигізіп келеді. Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ювеналды полиция бөлімшесімен бірлесе қалалық спартакиадалар мен «Жасөспірім», «Демалыс», «Түнгі қаладағы балалар» сынды рейдтік іс-шараларға атсалысып келеміз, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Еркебұлан Жақсылықов.
Жиынға қатысқан дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Рустам Ибраев жастарды құмар ойындардың арбауына түспей, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
— Заңсыз құмар ойындарының қауіпті салдарының бірі — психикалық тәуелділік. Жалпы, құмар ойын отбасының құлдырауына әкеледі. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану денсаулығымызды нығайтады. Спортта жеңіске жету үшін күш-жігер, ынта және айлалы әрекет керек. Ең бастысы, бос уақытын спорт залында өткізетін жеткіншектер зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстайды, — дейді спортшы.
Жиын соңында қалалық ресурстық орталығының мамандары өзекті тақырыпты талқылауға келген іс-шара қонақтарына ризашылығын жеткізіп, алдағы уақытта жастарды осындай жаман әдеттерден сақтандыруда бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.