Жұбанов университеті — ғалымдар ұстаханасы

12 сәуір — Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні. Ғылым дегенде, еліміздің батыс өлкесіндегі ғалымдар ұстаханасы болып отырған Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті алдымен ойға оралады. Бүгінде аталған оқу орнында 19 ғылым докторы, 184 ғылым кандидаты, 75 PhD жұмыс істейді. Бұған осы оқу ордасында еңбек етіп жүрген «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған 47 маманды қосыңыз.
Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Жұбановтың ғалымдарымен пікірлескен едік.
Жетістік кепілі — тынымсыз еңбек
Кез келген қоғамды алға сүйрейтін маңызды фактор — білім мен ғылым. «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл берсеңіз», — деп Абай айтқандай, білім, ғылым іздеу — таусылмас байлықтың, баянды бақыттың көзін іздеумен тең.
Математика ғылымдарының докторы, PhD Бибігүл Омарованың ұстанымы осындай.
Ойылда дүниеге келіп, ауыл мектебінде білім алған Бибігүл 12 жасында Ақтөбе қаласындағы М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына оқуға келеді. «Сен өсуің керек, білімді болуың керек. Егер сен білімді болсаң, соңыңнан ерген бауырларың да саған ұқсауға тырысады», — дейді қарапайым көлік жүргізушісі болып еңбек ететін әкесі қызын қалаға шығарып салып тұрып. Сол әке сөзі Бибігүлді үнемі алға жетелеп келе жатқандай…
— Әкемнің сол сөзі маған берілген үлкен тапсырма секілді еді. Соңымнан ерген үш бауырыма үлгі болуға тырыстым, сабақтың барлығын беске оқыдым. Математика пәнінен берген ұстазым Айсұлу Тышқанбаева апайымның сабақтарын жақсы көретінмін, оның сабақты өткізу тәсілдері ерекше еді. Менің математика пәніне қызығушылығым сол кезде оянды ғой деймін. Айсұлу апайымнан кейін Рабиға Ермекова апайымнан математикадан білім алып, олимпиадаларға қатыстым, ол ұстазым мектеп бағдарламасынан тыс кітаптар әкеліп беретін-ді. Кейін біздің мектебіміз Ақтөбе педагогикалық институтымен келісім жасап, оқушылар институттың оқытушыларынан дәрістер алып, олимпиадаларға дайындалып жүрді.
Мектеп бітірген жылы менің математика пәнінен алған жетістіктерім бойынша емтихансыз институтқа қабылданатыным белгілі болды, бірақ өзімді тексеріп көру үшін емтихан тапсыруға өтініш білдіріп, ең жоғары балл жинадым, — дейді Бибігүл.
Сол кезде факультеттің деканыболған Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Сартабановтың жетекшілігімен білім әлеміне, ғылым жолына бет алған Бибігүл студент кезінде де мектептегідей ізденімпаз, белсенді болғанын айтады.
— Сабағымды беске оқи жүріп, университет қабырғасындағы қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуға, түрлі жобалардан, жарыстардан қалмауға тырыстым. Университетті аяқтаған соң университеттің басшылығының ұсынысымен осында оқытушы болып еңбек жолымды бастадым. Аспирантураға түстім, — дейді Бибігүл.
Сөйтіп жүргенде өмірлік жарын кездестіріп, шаңырақ көтеріп, балалы болады. Отбасы мен ғылымды қатар алып жүрудің машақаты өз алдына. Алайда балаларын жетілдіріп алған ол ғылымға қайта оралуға шешім қабылдап, магистратураға түседі.
— 2013-2015 жылдары Алматыда магистратурада оқып жүргенде ағылшын тілін игеруге ден қойдым. Докторантураға түсуге дайындалып, өз ғылыми зерттеуімді ағылшын тілінде баяндау үшін, ғылыми жетістіктерімді халықаралық деңгейде танытуүшін ағылшын тілін жетілдірдім. Университетіміздің ректоры Лаура Чапайқызы ағылшын тілі бойынша тегін курстар ұйымдастырып, университет қызметкерлеріне тілді тереңдете оқуға мүмкіндік берді. Сол жерде ағылшын тілін білу деңгейімді арттырып, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша оқуға түсіп, Шотландияның Эдинбург қаласындағы университетте ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алдым, — дейді Бибігүл.
Қазір Бибігүл аталған университеттегі Heriot-Watt университетінің Ақтөбе кампусында «Инженерлерге арналған математика», «Ғалымдар мен инженерлерге арналған математика» курстарын жүргізеді. Бұл жерде жергілікті және шетелдік студенттер білім алады. Сабақтардың барлығы ағылшын тілінде өткізіледі. Шет тілін үйрену бір бөлек, оны ғылымда пайдалану, соның ішінде математикалық терминологияны тұтастай өзге тілде игеру тіпті бөлек. Бибігүл бұл бағытта тынымсыз еңбектің қажет екенін, ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеру мақсатында күн сайын уақыт бөліп, жетілдіріп отыратынын айтады.
— Әйелдердің отбасы мен ғылымды қатар алып жүруі өте қиын. Өзіңе, отбасыңа, туыстарыңа көңіл бөлу керек, ғалым ретінде де алға қойған мақсат-міндет көп. Осы екі ортадағы тепе-теңдікті сақтай білу маңызды. Кейде әйел адамдарға отбасын бірінші орынға қойып, ғылымнан, қызметінен бас тартуға тура келіп жатады. Бұл жолда отбасыңның қолдауы өте маңызды. Мен «Болашақ» арқылы сегіз айға шетелге кететін кезде шешім қабылдау қиын болды. Сол кезде жолдасымның, балаларымның, анамның, қайын атамның, бауырларымның қолдауы жігер берді. Балаларым өздері үй тірлігін, тамағын істеуге жауапкершілікті алып, шығарып салды. Шетелде білімімді жетілдіріп, тәжірибе алмастым, ғылыми кездесулерге қатысып, ғылыми баяндамалар жасап, шетелдік ғалымдармен байланыс орнаттым. Бұл ғалым үшін — зор мүмкіндік, — дейді ол.
Бибігүлдің жолдасы электрик болып жұмыс істейді, ұлы Жұбанов университетін металлургия мамандығы бойынша тәмамдаса, қызы 11-сыныпта білім алып жатыр.
— Қазіргі кезде балалардың математикаға деген қызығушылығы жоғары, көпшілігі IT саласы мамандар, инженер, бағдарламашы болғысы келеді. Жасанды интеллектпен жұмыс істеу, бағдарламалау, инженерлік есептер шығару үшін математика қажет екенін қазіргі жастар жақсы түсінеді. Бүгінде балалардың қызығушылығы мен ақпарат алу мүмкіндіктері бұрынғыдан әлдеқайда жоғары — олар ғаламтор, жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін керемет пайдаланады. Бұл математика мен инженерлік білімді қызығушылықпен меңгеріп жатқан жастардың болашақта үлкен жетістіктерге жететініне сенімді болуға мүмкіндік береді, — дейді Бибігүл.
Ғылыммен айналысу — өмір салты
Сандуғаш Мұхтарова — PhD доктор, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы және үш баланың анасы.
«Мен үшін ғылыммен айналысу — жай ғана мамандық емес, өмір салты. Себебі ғылыммен айналысу бір күндік жұмыс емес, ол — үздіксіз әрі тұрақты үдеріс. Ғылыммен айналысу, іздену — бірнеше айлар мен жылдарға созылатын қажырлы еңбекті талап ететін, күнделікті дағдыңа айналатын өмір салты», — дейді Сандуғаш.
Сандуғаш бала кезінен ғалымдардың арасында өсті. Оның атасы, ата-анасы, аға-апалары — барлығы да білім беру, ғылыми зерттеу саласында еңбек етіп, оған үлгі болды. Балалық шағынан бастап әулетіндегі ересектердің жетістіктеріне қызыға қарап өскен ол да мұғалім, ғалым болуды армандайды.
— Ғылыммен алғаш рет мектеп қабырғасында жүргенде айналыса бастадым.Ол кезде «Кіші ғылым академиясы» деген ұйым болды. Сол академияның жобаларына қатысып, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болдым. Студент кезімде ғылымға деген қызығушылығым одан әрі артып, конференцияларға белсене қатыстым. Осындай кішкентай жетістіктерім үлкен ғылым жолының баспалдағына айналды, — дейді Сандуғаш.
Сандуғаш бакалавриаттан кейін магистратураға, одан әрі докторантураға түсіп, PhD доктор атанды. Өз өмірін ғылымсыз елестете алмайтынСандуғаш әрбір жаңалық, зерттеу нәтижесі шабыттандырып, ғылымға деген сүйіспеншілігін арттыра түсетінін айтады:
— Әйел адам үшін ғылыммен айналысу оңай емес. Себебі әйелдің отбасында, бала тәрбиесінде жауапкершілігі жоғары. Ғылыммен айналысу және отбасы тірлігін қатар алып жүру — үлкен еңбек әрі ерлік.
Мен бұл жетістіктерге жолдасымның қолдауының арқасында жеттім. Былтыр «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанып, АҚШ-тың Миннесота университетінде ғылыми тағылымдамадан өттім. Бұл сапарға отбасымызбен бірге бардық, мен үшін бұл үлкен қолдау болды. АҚШ-та ғылыми тағылымдамадан өту менің үлкен арманым еді. АҚШ — ғылым мен технология саласында алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттердің бірі. Сол елде жүріп, ғылым жолында өз білімімнің әлі де толық еместігін түсіндім. Мен үшін бұл сапар — тек тәжірибе ғана емес, өз-өзіммен жұмыс істеудің, даму қажеттігін тағы бір мәрте ұғынудың маңызды кезеңі болды, — дейді Сандуғаш.
Сандуғаштың ұстанымы — Сократтың: «Кедей адам — қалтасында ақшасы жоқ адам емес, арманы жоқ адам» деген сөзі. Оның айтуынша, армандай білу — табысқа жетудің алғашқы баспалдағы, арман — мақсатқа, мақсат — жоспарға, ал жоспар — нақты әрекетке айналуы тиіс.
— Мен әр жетістігімді баспалдақтың бір сатысы деп есептеймін және бір сатыға көтерілгенде тоқтап қалмауға, келесі сатыға көтерілуге тырысамын. Болашақта халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, жаңалықтар ашып, ғылым жолында өз ізімді қалдырғым келеді. Тағылымдама барысында Канадада жұмыс істеп жүрген жерлесіміз, ғалым Әлия Қожабековамен таныстық, ол кісінің жетістіктері бізге үлкен мотивация болды. Сонымен қатар бағдарлама аясында бізге жетекшілік еткен Жұлдыз Аманқұлованы да ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ өзіммен қатарлас тағылымдамаға барған көптеген қазақ ғалым қыздарымен танысып, солардың тәжірибесінен де көп нәрсе үйрендім, — дейді ол.
Әйел адам үшін ғылыммен айналысу — екі есе жауапкершілік, екі есе еңбек, екі есе ерлік. Сандуғаш та ғылым жолында шабыт берген тұлғалардың ғалым әйелдер екенін айтады:
— Маған шабыт берген тұлғалардың бірі — Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Чапайқызы. Жас болғанына қарамастан, жоғары жетістіктерге жетіп, университет ректоры атанды. Лаура Чапайқызымен танысып, сұхбаттасқан сәтте зор мотивация алып, «Болашақ» халықаралық стипендиясына құжат тапсыру туралы нақты шешім қабылдадым.
Сондай-ақ ғылымда өз қолтаңбасын қалдырған әйел ғалымдардың бірі — Мария Кюри туралы бала кезден оқып, ғылымдағы әйел бейнесін сол кісінің бейнесі арқылы елестететінбіз. Оның: «Өмірде қорқатын ештеңе жоқ, тек түсінуге тиіс нәрселер бар» деген сөзі қатты әсер етті. Шынында адам алдына нақты мақсат қойып, батыл қадам жасаса, бағындырмайтын биік жоқ, — дейді Сандуғаш.
Оның айтуынша, «болашақта үлкен жетістіктерге жетемін» деп армандай алатын және осы арманы үшін әрекет етуден қорықпайтын адамдар ғана әлемді жақсы жағына қарай өзгерте алады.
P.S.Аталған университетте тек осы оқу орны қабырғасында еңбек етіп, ізденіп жүрген мамандарға ғана емес, сонымен бірге қандай да бір себептермен ғылымнан қол үзіп қалып, қайта оралғысы келетіндерге арналған ерекше жоба іске асырылып жатыр екен.
Университеттің баспасөз қызметі берген дерекке сүйенсек, «Ғылымға жаңа қадам» жобасы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының бастамасымен қолға алынған. Қазақстандағы әйелдердің академиялық мансабын үзіліс немесе бала күтімінен кейін қайта бастауына қолдау көрсетуге бағытталған жобаға облыс бойынша 25 әйел қатысып жатыр. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары оларды ғылымдағы соңғы үрдістермен таныстырып, зерттеу дағдыларын дамытуға және докторантураға түсуге дайындалуға мүмкіндік беретін дәрістер мен практикалық семинарлар өткізеді.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.