Басты жаңалықтар

«Жеке тұлғаның есіміне көше атауын сұрау көбейіп тұр…»

«…Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Сөз жоқ. Олардың есімін ел жадында сақтау — перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет.
Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуге болмайды».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық
құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінен.

…Қарапайым көрінгенімен, көше атауының астарында үлкен идеологиялық, тарихи әрі мәдени салмақ жатыр. Себебі көше, елдімекен немесе нысан атауы — халықтың санасына сіңіп, ұрпақтың ұлттық жадына әсер ететін маңызды құндылықтардың бірі. Сондықтан бұл саланы жүйелеу, тәртіпке келтіру соңғы жылдары елімізде ерекше назарға алынып отыр.

Президент тапсырмасы: Жол картасы жүзеге асады

Жуырда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ономастика саласын жүйелеу қажеттігін атап өтті. Бұл үндеуден кейін арнайы Жол картасы әзірленіп, ономастика құжаттарына бірқатар өзгерістер енгізілді. Атау беруде тарихи, дәстүрлі, жер-суға қатысты мәні бар нұсқаларға басымдық беру басты ұстанымға айналды.
Өңірде бұл бағытта да жүйелі жұмыс атқарылып келеді.
Аймақта бір облыстық маңызы бар қала, 12 аудан, 8 аудандық маңызы бар қала, 133 ауылдық округ және 312 ауыл бар. Барлығы 3700-ге жуық көше тіркелсе, соның 66,6 пайызы дәстүрлі топонимдерге тиесілі. Ал 30 пайызы тарихи тұлғалардың есімімен аталса, 3,3 — пайызы мән-мағынасы көмескі немесе қоғамға кең танылмаған атаулар.
Соңғы жылдары ономастика саласында үлкен бетбұрыс кезеңі басталды. Көше атауына жеке тұлғалардың есімін беру ұсыныстары күн санап көбейіп отыр. Алайда ономастика тұлғалық мақтаныштың емес, ұлттың рухани келбетінің көрсеткіші болуға тиіс. Бұндай мәселе тек Ақтөбеде ғана емес, еліміздің барлық өңірінде байқалады. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда ономастика саласын қайта қарау қажеттігін нақтылады. Президент елдің біртұтас идеологиялық кеңістігін қалыптастыру үшін атаулар жүйесін тәртіпке келтіруді тапсырды. Соған орай арнайы Жол картасы әзірленіп, өңірлерге жіберілді. Бүгінде облыста осыған сәйкес ескі атаулардан арылып, елдік мүддеге сай, танымал тарихи тұлғалар мен ұлттық құндылықтарға негізделген атаулар тізімі жасақталды, — дейді Бақтыгүл Әбиева.

Оның айтуынша, көшеге атау беруде бірнеше негізгі принцип сақталуға тиіс. Бұл — тарихи маңыздылық, қоғамдық мойындалу, елге сіңірген еңбек және идеологиялық мазмұн.
Көше атауын «Атам ауыл-аймаққа сыйлы болды» деген уәжбен беру дұрыс емес. Бұл — ономастиканың маңызын төмендету. Бір ұрпақ үшін қадірлі есім келесі ұрпақ үшін мүлде белгісіз болуы мүмкін. Біз ұлттық санаға қызмет ететін атауларды таңдауға міндеттіміз.
Қазіргі таңда атау беру мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Бұл бағытта бақылау мен талап күшейтіліп, бұрын еркін қарастырылған кейбір салалар да ономастика комиссиясының құзыретіне берілді. Соның ішінде жекеменшік мектептер мен білім беру ұйымдарының атаулары да енді реттеліп отыр. Бұған дейін мұндай мекемелер атауды өз қалауы бойынша таңдап, кейде ұлттық мүддеге, тілдік нормаларға сәйкес келмейтін, тіпті кездейсоқ қойылған атауларды пайдаланатын. Мысалы, кейбір жекеменшік мектептерге ағылшын, түрік немесе бейтарап атаулар беріліп, бұл атаулар жергілікті жердің тарихи-мәдени ерекшеліктеріне мүлде сай келмей жататын. Енді бұл тәртіп өзгерді. Жекеменшік мекеме болғанына қарамастан, ондай ұйымдарға атау беру алдында сараптама жасалып, атаудың мазмұны, идеологиялық салмағы және ұлттық сипаты жан-жақты қаралады.
Тағы бір маңызды мәселе — көшелердің атауы картографиялық платформаларда дұрыс көрсетілуі. Қазіргі таңда елімізде 2GIS, «Яндекс» тәрізді платформалармен бірлесе отырып, қазақша атауларды толық және дұрыс енгізу жұмыстары қолға алынды. Бұл — мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістіктегі мәртебесін арттыруға бағытталған нақты қадам. Бүгінде еліміздің бірқатар қаласында бұл жүйе іске қосылды, — деді Б.Ботайқызы.

«Ақтөбенің» анықтамасы
Тәуелсіздік алғаннан бері өңірімізде бір облыстық маңызы бар қала, 4 аудан, 3 аудандық маңызы бар қала, 2 атауы жоқ аудан қайта аталды. Сонымен қатар 170 елдімекен, 728 көше, 84 мемлекет меншігіндегі нысан тарихи атау бойынша қайта аталды. 2024 жылы идеологиялық тұрғыдан ескірген 3 білім беру ұйымының атауы өзгертілді.

Жағабұлақтан келген хат
Жуырда редакцияға хат келді. Онда Жағабұлақ ауылының тұрғыны Самат Жүсіпов жергілікті көше атауына қатысты ойымен бөлісіпті. Хатта: «Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Соғыс жылдарында еліміздің әр өңірінен, соның ішінде біздің Ақтөбе облысы мен Мұғалжар ауданынан да майдан даласына аттанған жауынгерлердің саны аз болмағаны белгілі. Солардың бірі — менің әкем Жағыпар Жүсіпов. Ол Екінші дүниежүзілік соғыспен қатар, Кеңес-Фин соғысына да қатысып, елге аман-есен оралған. Әкем майдан шебінде барлығы тоғыз жыл шайқасты. Соғыстан кейінгі бейбіт күнде де ауыл тіршілігіне белсене араласып, дамуына өз үлесін қосты. Әрине, ол жалғыз емес, ауылымызда өмірін еңбекпен өрнектеген ардагерлер аз болмады. Соған орай, Жағабұлақ ауылындағы орталық көшелердің бірі кезінде «Жеңістің 40 жылдығы» деген атауға ие болған еді. Бұл — ауылдан соғысқа аттанған барша жауынгерлерге деген ортақ құрметтің белгісі, майдан даласынан оралмаған боздақтарға деген тағзым. Енді осы атауды өзгертіп, жеке тұлғаның есімін беру ұсынылып жатыр», — деген ол аталған көшенің атауын жеке тұлғаның есімімен алмастыруға қарсы екенін білдірді. Самат Жүсіпов бұл мәселе бойынша нақты жауап алуды сұраған. Бақтыгүл Әбиевамен сұхбат барысында жолданған хат турасында сөз қозғадық.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығымен бекітілген әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау немесе көше атауының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тұрғындардың пікірі ескерілетіні заңмен бекітілген.

Бұл үрдіс нақты алгоритм бойынша жүзеге асады. Ең алдымен, аудандық әкімдік пен мәслихаттың ресми сайттарында көше атауын өзгертуге қатысты хабарландыру жарияланады. Сонымен қатар бір ай бұрын аудандық басылым бетінде қоғамдық тыңдалым өтетіні туралы ақпарат берілуге тиіс. Тыңдалым өткен соң хаттама толтырылып, оның көшірмесі әкімдік сайтына және жергілікті газетке жарияланады. Осыдан кейін құжаттар облыстық ономастика комиссиясына жолданады. Комиссияның шешімі мен қорытындысы негізінде атау республикалық деңгейде бекітіледі, — деді ол.

Бақтыгүл Ботайқызының айтуынша, атау беру кезінде тарихи тұлғалардың есіміне басымдық беріледі. Алайда ұсынылған кісі есімі тарихи тұлғалар тізімінде болмаса, ондай ұсыныс кері қайтарылады. Бұл тізім екі жыл сайын жаңартылып отырады. Комиссияға ұсыныс беру үшін тұлғаның өмірбаяны, марапаттары, қоғамдық және тарихи еңбектері, архивтік деректері мен Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтынан алынған растаушы құжаттар қоса тапсырылады. Осы негізде облыс бойынша жинақталған тізім ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады. Комиссия сараптамадан өткізгеннен кейін ғана нақты шешім шығарылады.

Қазіргі таңда облыс бойынша басты назар идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларын тарихи атауларына қайтаруға бағытталған. Мәселен, Алға ауданының Болгарка, Мәртөк ауданының Родников, сондай-ақ Вознесеновка елдімекендерінің атауын қайта атау бойынша ұсыныстар жолданған болатын. Облыста бекітілген Жол картасына сәйкес 49 атауға қатысты жұмыс жүргізілуде. Оның 19-ы бойынша республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысы алынды. Қазіргі уақытта бұл атаулар Egov.kz порталында ашық қоғамдық талқылауға шығарылды. 10 күн өткен соң облыстық әкімдік пен мәслихаттың бірлескен қаулысы дайындалып, мәселе мәслихат сессиясында қаралады. Қолдау тапқан жағдайда бұл 19 көше ресми түрде жаңа атау иеленеді.

Ашық пікір алаңына жарияланған жобаларға қатысты тұрғындардан түрлі пікірлер түсуде. Кейбір азаматтар көше атауын өзгертуге қатысты шығын туралы алаңдаушылық білдірген. Алайда бұл өзгерістер тұрғындарға ешқандай материалдық шығын келтірмейді. Халыққа қызмет көрсету орталығында үй құжаттарын қайта рәсімдеу тегін жүзеге асырылады. Құжаттар «мекенжай тіркелімі» ақпараттық базасы арқылы автоматты түрде өзгертіледі.

2025 жылғы Жол картасына сәйкес облыс бойынша 44 көше қайта аталып, атауы жоқ немесе қайталанған көшелерге атау беріледі. Оның ішінде Байғанин және Шалқар аудандарындағы кейбір көшелерге алғаш рет ресми атау берілмек. Қалған атаулар Ақтөбе қаласындағы көше атауларын жүйелеуге бағытталған. Қазіргі таңда 97 көшенің атауын өзгерту туралы ұсыныс тізімде тұр. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асады, — дейді Б.Әбиева.
Облыстық ономастика комиссиясы мамандарының айтуынша, атау беру немесе өзгерту кезінде әдістемелік ұсынымдар қатаң сақталады. Атап айтқанда, балабақша мен аурухана секілді әлеуметтік нысандарға жеке тұлғалардың есімін беру тиісті талаптарға сәйкес келмейді. Бұл — мемлекеттік деңгейде бекітілген тәртіп.

Сонымен қатар мемлекет меншігіндегі нысан атаулары елді мекен атауымен сәйкестендіріліп қойылған болса, олар да қайта атауға жатпайды.
Соңғы жылдары біз облыс аумағындағы жаңартылған атауларды жүйелеу мақсатында арнайы топонимиялық сөздік пен атлас карта әзірледік.
Жалпы, облыс көлемінде 13 елді мекеннің атауын қайта атау жоспарда тұр. Қазіргі таңда солардың үшеуі бойынша нақты ұсыныс берілді. Қалғаны кезең-кезеңімен жүзеге асады
, — дейді  Бақтыгүл Ботайқызы.

Тұрғындар не дейді?

Көше атауларының өзгеруіне қатысты тұрғындардың пікірін білу үшін және олардың жаңа атауларды қабылдау деңгейін анықтау мақсатында сауалнама жүргізген едік…

Назерке Айбекқызы, Көктем-1шағын ауданының тұрғыны:

Көктем тұрғын алабын жергілікті халық әлі де «Заречный» деп атайды. Жаңа атауға үйренісе алмай жүрген жұртшылықтың аузында ескі атау әлі жүр. Бұл атау беруден бөлек, насихатталуына да көңіл бөлудің керектігін көрсететін болар, бәлкім…

Ғабдол Сейітов, Д.Қонаев көшесінің тұрғыны:

Біздің көше бұрын «Зеленстрой» деп аталды. Жергілікті халық осы жердегі сауда орталығының болуына байланысты солай атап кетті. Қазір бұл көшеге Дінмұхамед Қонаевтің есімін берді. Әрі аялдама да осы тұлғаның есімімен аталады. Бұл өзгеріске қуаныштымын. Меніңше, қазақтың ұлы тұлғаларының есімдерін көше атауларына беру өте маңызды. Жаңа атаулардың қазақша түрде картаға енгізілгеніне де өте ризамын. Қазіргі таңда зейнеткерлік демалыста болсам да, қала ішінде көлікпен адамдарды тасымалдаймын. Көлікпен жүргенде жаңа атауларды оңай табамын, себебі олар картада нақты көрсетілген.

Айнара Дарбаева, С.Жиенбаев көшесінің тұрғыны:

Мен Сағи Жиенбаев көшесінің тұрғынымын. Бірақ көбіне біздің тұратын ауданды «ГМЗ» деп атайды. Бұл аталымды қолдану ұзақ уақыт бойы қалыптасып кеткен және тұрғындар үшін әдеттегі атау болып қалған. Дегенменкөшелердің ресми атауымен аталғанын қалаймын. Бұл өзгерісті өзім үшін ғана емес, балаларым үшін де қолдаймын. Себебі оларды дұрыс тәрбиелеп, жаңа атауларға құрмет көрсетуге үйреткім келеді. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Бұл тұлғаның атындағы көшеде тұру — үлкен мақтаныш. Көшенің есімімен аталатын ақынның шығармашылығы да мен үшін үлкен құрметке ие.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button