Күйдіргіден сақтаныңыз!

Маман кеңесі
Күйдіргі — шөпқоректі жануарлар мен адамдар ауыратын аса қауіпті жедел инфекциялық ауру.
Адамдарға жұқпа көзі — үй жануарлары (ірі қара мал, қой, қозы, шошқа). Жануарлар ауруды бұрын күйдіргімен ауырған малды көмген жерлерге жақын орналасқан жайлауда жайылып жүргенде жұқтыруы мүмкін, себебі күйдіргі қоздырғышы топырақта спора түрінде ұзақ жылдар бойы сақталады. Адам күйдіргі ауруын жануарды күтіп-баптау, мал сою, бөлшектеу, терісін сыдыру кезінде жарақат алғанда жұқтыруы мүмкін. Сонымен қатар ет, сүт өнімдерін пайдалану және жүн теріні өңдеу барысында ауа-шаң жолымен жұқтыруы мүмкін.
Ақтөбе қаласында күйдіргі ауруының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты.
Ауру 95-97% жағдайда жергілікті (теріде) түрде өтіп, терідегі инфекцияның түскен жерінде қызыл дақтың пайда болуымен жедел басталады, дақ пустулаға, кейін қара қабықшамен қапталған айналасы қызарған жараға айналады. Дене қызуы бірінші күннің соңында 39-40ºС-ге дейін көтеріліп, 5-7 күн сақталады.
Күйдіргіге азғана күдік туғанның өзінде медициналық көмекке жүгіну қажет. Ауру малмен немесе залалданған материалмен жанасқан адам 2 апта дәрігерлік бақылауға алынады.
Күйдіргі ауруының алдын алуда маңыздысы — ауыл шаруашылығы малының ауруын болдырмау және жою. Ол үшін ауру анықталған малды оқшаулап, өлексесін өртеп, аурумен залалданған нысандарды (қора, жем, т.б.) залалсыздандыру,ауыл шаруашылығы малын, әсіресе жеке иеліктегі малды уақтылы күйдіргіге қарсы егу керек.
Күйдіргінің алдын алу үшін тұрғындар ветеринарлық-санитарлық қадағалау рұқсатынсыз мәжбүрлі түрде сойылған малдың етін жемеу керектігін білуі қажет. Сонымен қатар сапа сертификаты жоқ бөтен елден келген ет өнімдерін қолдану да қауіпті.
Мал бағумен айналысатын адамдар жеке бас гигиенасын сақтауы керек. Кәсібіне байланысты күйдіргі ауруымен ауыру қауіптілігі жоғары адамдар (ветеринар маман, малды сою алдында ұсталатын орында жұмыс жасайтын, мал сойып, терісін сыдырып, етін бөлшектейтіндер және т.б.) күйдіргіге қарсы екпеден бас тартпауы керек.
Назар аударыңыз! Өз денсаулығыңыздың қауіпсіздігі үшін ветеринарлық куәлігі жоқ, сатуға рұқсат алмаған адамдардан ет өнімдерін алмаңыз.
Есіңізде болсын: Ауруды емдегеннен гөрі алдын алу оңай!
Гүлжамал БИЕКЕНОВА,
Ақтөбе қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылаубасқармасы
эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы.