Білім

Зияткерлік білім және даму стратегиясы

Биыл өткен оқу жылында NIS стратегия өзгерді. Зияткерлік мектептердің 2035 жылға дейінгі жаңа стратегиясы адами капитал, ұлттық құндылықтар және тұрақты дамуды іргелі негіз етіп, үш бағытта жүзеге асады. Ақтөбе қаласындағы NIS мектебінің директоры Қайырбек Буксукбаевпен жүргізілген сұхбат осы және өзге де сауалдарға жауап іздейді.

— Жаңа стратегия қандай мақсаттарды көздейді?

— Былтыр«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында стратегия өзгерді. Бұл — «Стратегия-2035» деп аталады. Стратегияның өзгерісі нәтижесінде ұйымның көптеген процесі, құрылымы, оның жұмысжүйелері, қызметкерлерді қабылдау, оларды үйретуде, сонымен қатар мектептердің автономиясы сияқтытағы басқа да бағыттарда өзгерістер көзделген. Ең бастысы жаңа стратегия білім беру саласындағы әлемде болып жатқан жаңалықтарды көрсетеді. Бұл өзгерістер тек оқытудың жаңа жолдарын табумен шектелмейді, сонымен бірге мұғалім, оқушы, ата-ана секілді оқу процесіне қатысатын барлық адамның рөлі мен жағдайына ерекше негізделген. Жаңа стратегияда ұйымныңтұрақты дамуының ұзақ мерзімді Жол картасы ұсынылған. Өйткені әлем және мемлекет деңгейінде жүріп жатқан қарқынды өзгерістер тез бейімделуді талап етеді. Бұл орайда дербес білім беру ұйымы 15 жылда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгені сөзсіз. Дегенмен алда жаңа мақсаттар мен міндеттерді айқындау қажет болды. Ал ұйымның бұған дейін қолданыста болған, яғни 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында көзделген мақсаттардың көбі мерзімінен бұрын орындалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында балалар мен жасөспірімдердің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық құндылықтар жүйесін құруға, цифрлық білім беру ресурстарының қолжетімдігімен жасанды интеллект технологияларын қолдануға баса назар аударды.  Сондықтан да жаңа стратегия зияткерлік мектептер желісін құру, қамтамасыз ету және басқарудың, сондай-ақ дербес білім беру ұйымының тәжірибесін еліміздегі жалпы білім беретін мектептерге таратудың 15 жылдық тәжірибесіне негізделген.

— Тәжірибені кеңінен тарату барысында қандай іс-шаралар көзделіп отыр?— Стратегияда көзделген өзгерістер біздің мектебімізге де тікелей ықпал етеді. Біріншіден, бұл ұзақ мерзімді мақсаттарымызға қатысты. Соңғы он бес жылда біз ұлттық және халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтасақ, енді алдағы он бес жылда осы тәжірибемізді кеңінен таратып, халықаралық деңгейде бөлісуді мақсат етіп отырмыз. Бұл бағытта шетелдік және отандық серіктестермен, жоғары оқу орындарымен, мектептермен және басқа да білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орнатуды көздейміз. Екіншіден, осы стратегия аясында «Біртұтас даму» тұжырымдамасы қабылданды. Бұл — білім, тәрбие және жаһандану қағидаларын үйлестіре отырып дамыту. Яғни білім беру процесінде академиялық білім, тәрбие және жаһандану үрдістері қатар жүруге тиіс.

Бұл орайда зияткерлік мектептің оқу бағдарламасына қандай өзгерістер енгізілді?

— Бүгінде мектебімізде жүзеге асырылып жатқан стратегиялық өзгерістердің бірі — оқу процесіне жаңа жобалардың енгізілуі. Атап айтқанда, 7-8 сынып оқушылары үшін арнайы факультативтік сабақ ретінде домбыра және хореография үйірмелері жұмыс істейді. Бұл жобаның ерекшелігі — бұрынғыдай тек оқушылардың қалауы бойынша емес, барлық бала үшін міндетті болады. Нәтижесінде мектепті аяқтаған әр оқушы бірнеше күй тартып, домбыра шертуді меңгеріп шығады. Сонымен қатар хореография және спорт арқылы оқушылар салауатты өмір салтына бейімделеді. Ал 9-10 сыныптарда балалардың әл-ауқатына бағытталған арнайы бағдарлама енгізілді. Бұл — біздің тарапымыздан 2024 жылы әзірленіп, оқу жоспарына енгізілген жаңа жоба. Бағдарлама кураторлар мен мұғалімдердің қатысуымен үйірме форматында өткізіледі және сабақ кестесіне енгізілді. Сабақ барысында аудио-бейнематериалдар, арнайы оқулықтар пайдаланылады, түрлі тапсырмалар мен психологиялық тренингтер жүргізіледі. Бұл бағдарлама оқушылардың жеке қауіпсіздігі, қарым-қатынас мәдениеті, отбасылық құндылықтар және қоғаммен байланысын нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар жоғары мектепте, яғни 11-12 сыныптардаоқушылар жоғары оқу орындарына бейімделу мақсатында бейіндік пәндерді тереңдетіп оқиды. Мысалы, химия 10-сыныпта 4 сағат болса, 11-сыныпта 6 сағатқа дейін көбейтіледі. Математика пәні 7-10 сағатқа дейін артады. Сонымен қатар оқу бағдарламасына жаһандықперспективалықжобалаужұмыстарыатты жаңа пән енгізілді. Бұл пәнді оқушылар аптасына 5 сағат оқиды. Олар жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді үйренеді. Нақтырақ айтсақ, ақпаратты жинау, талдау, салыстыру, сенімді дереккөздерді іріктеу, ғылыми жұмыс жазу және оны рәсімдеу жолдарын меңгереді. Жыл соңында курстық жұмыс жазып, оны қорғайды. Бұл жоба бағаланбайды, тек қорғау міндетті. Жоба антиплагиат жүйесі арқылы тексеріледі.

Оқушыларымыз жоғары оқу орындарына дайындық барысында өз бағытын ерте анықтап, сол саланың пәндерін тереңдетіп оқуға мүмкіндік алады. Мысалы, медицинаға қызығушылығы бар оқушы 11-12 сыныпта химия мен биологияны тереңдетіп оқиды, ал басқа пәндерден босатылады.

Сонымен қатар жоғары мектептегі оқушылар үшін графика және жобалау атты жаңа пән енгізілді. Бұл пән сәулетші, дизайнер, жобалаушы болғысы келетін оқушыларға арналған. Аптасына 3 сағат өтеді. Бірінші жартыжылдықта оқушылар сызуды қағазда үйренсе, екінші жартыжылдықта AutoCAD сияқты арнайы бағдарламалар арқылы компьютерде жобалау машықтарын меңгереді. Осыған ұқсас география және экономика бағытында да жаңа пәндер енгізілді. Бұл бағдарлама қаржы, туризм және экономика салаларына қызығушылық танытқан оқушылар үшін арналған және бейіндік білім беруге мүмкіндік береді.

Былтырдан бастап біз 11-сынып оқушыларына арналған тағылымдамадан өту бағдарламасын енгіздік. Бұл бағдарлама оқушылардың қалауына байланысты жүзеге асырылады. Мысалы, химия және биология пәндеріне қызығушылық танытқан оқушылар медициналық бағытты таңдай алады. Осы мақсатта біз физика-химиялық және аналитикалық зерттеулер атты арнайы курсты енгіздік. Бұл курс аясында оқушылар медициналық қондырғылардың жұмыс істеу принциптерімен танысады. Атап айтқанда, оқушыларымызға МРТ, рентген, электрофорез, ультра дыбыстық зерттеу сияқты қондырғылардың физикалық негіздері мен қолданылуы оқытылады. Себебі біздегі болашақ медицина мамандары мектеп бағдарламасында физика пәнін тереңдетіп оқымайды, ал медициналық құрылғылардың жұмыс істеу механизмі физикаға негізделген. Осы курстың арқасында оқушылар теорияны да, практикалық дағдыларды да меңгереді. Ол үшін біз Ақтөбедегі жеке бір клиникамен келісімшартқа отырдық. Курс ұзақтығы — бір жыл. Бүгінде осы курсқа қатысатын топтағы 10 оқушы айына бір рет сол клиникада жоғарыда аталған медициналық қондырғылардың жұмыс істеу технологиясымен танысып, сондағы мамандармен бірге жұмыс жасап көреді. Курсты теориялық жағынан өзіміздің мұғалімдер жүргізеді.

Осы бағытта тағы бір топ тағылымдамадан өтуді бастап кетті. Бұл — қаржы және экономика саласына негізделген курс. Мектепте теориялық негіздер берілсе, тәжірибелік кезең банк мекемесінде өтіп жүр. Бұл мақсатта бір банкпен келісім жасалды. Айына бір рет оқушылар сол банкке барып, банк қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істейді. Банк қызметкерлері өз оқу бағдарламасына сәйкес оқушыларды нақты іспен таныстырады.

— Жақында сіз басшылық ететін мектептің 6-сыныбына қабылдау емтиханының өткенін білеміз…

— Мектепке оқушылар конкурстық іріктеу арқылы қабылданады. Ең басты талап —  Қазақстан Республикасының кез келген азаматы, алтыншы сыныпта оқып жүрген оқушы осы іріктеуге қатыса алады. Егер оқушы іріктеуде жоғары нәтиже көрсетсе, республикалық грант тағайындалады.Іріктеудің өзіндік ерекшелігі бар. Тест тапсырмаларын Нидерландтағы Cito ұйымы әзірлейді. Оларға тесттің толық мазмұны, форматы мен құрылымы тиесілі, ал біз тек оператор қызметін атқарамыз. Астанадағы Педагогикалық өлшеулер орталығы осындай емтихандардың, бағдарламалардың, оқулықтардың Қазақстан жағдайына бейімділігін бақылап отырады. Бұл бағытта Астанадағы Білім беру бағдарламалары, Педагогикалық өлшеулер және Педагогикалық шеберлік орталықтары осы іспен тікелей айналысады. Бұл орайда Citoұйымы сапаға, қауіпсіздік пен ашықтыққа және өз беделіне жауапты. Сондықтан іріктеу процедурасы жоғары қауіпсіздік талаптарына сай өткізілді. Бізге тапсырмалар емтихан өтетін күні жеткізіледі, оқушылар емтиханды қағаз жүзінде тапсырды. Қапталған конверттер оқушының көзінше ашылады. Емтиханнан кейін жұмыстар жиналып, сыртқа жіберіледі. Бағалауды Citoжүзеге асырады, біз оған араласпаймыз.

Биыл да емтихан процесі  YouTube арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Барлық аудиторияға бейнебақылау орнатылды. Яғни әрбір ата-анаға немесе кез келген мүдделі тұлғаға емтихан барысын онлайн бақылауға мүмкіндік жасалды. Іріктеу конкурсының қорытындысы қырық күннен кейін мектептің ресми сайтында жарияланады. Мектепке қабылдау тәртібі де сол жерде толық көрсетілген.

Жақында біз Бельгия мен Нидерландыда тағылымдамадан өттік. Бельгияның білім жүйесінде 6-сыныпта оқушылар мемлекеттік емтихан тапсырады. Нәтижесіне қарай олар үш топқа бөлінеді. Бірінші топ — емтиханнан жоғары балл жинағандар. Бұл топқа өткен оқушылар тереңдетілген бағдарламада оқиды, сосын кейін жоғары оқу орындарына түседі. Екінші топ — орташа балл жинағандар. Бұл топтағы оқушылар дуальды білім алады. Яғни оларға теория мен тәжірибе қатар оқытылып, үйретіледі. Ал 15 жасында тағы емтихан тапсырып, нәтижесіне қарай бағытталады. Үшінші топ — емтиханнан төмен балл жинағандар. Бұл топтағы оқушылар практикалық бағытта оқиды, сабақ жеңілдетілген тәсілде өткізіледі.  Ұлдар еңбекке, қыздар тігін, аспаздық сияқты кәсіпке бейімделеді. Олар оқуын 16 жасында аяқтап, колледжге түседі. Бүгінде дамыған елдердің көпшілігіне 30 пайыз ғана жоғары білімді маман керек. Ал 70 пайыз маман — қызмет көрсету саласына қажет.

— Егер отбасы жағдайына байланысты басқа өңірге көшу қажет болса, бала қалай ауыстырылады?

— Басты талап — бала қазіргі мектебінде кемінде бір жыл оқуы керек. Одан кейін зияткерлік мектептің басқа филиалына ауысуға болады, егер ол жерде бос орын болса. Алайда көбінесе бос орын бола бермейді. Тағы бір айта кететін жайт, бүгінде бізде 120 орындық жатақхана бар. Қазіргі таңда еліміздің, облыстың әр өңірінен келген 100 бала сонда тұрып жатыр. Жалпы мектебімізде 840 оқушы білім алуда. Қазіргі уақытта педагогикалық құрылымның қатарында 3 шетелдік мұғалім сабақ береді. Бұл — мектеп стратегиясында көрсетілген талап.

Жоғары сыныптарда профильді пәндер ағылшын тілінде оқытылады. Мұғалімдеріміздің дені физика, биология, химия сабақтарын ағылшын тілінде жүргізеді. Біздің мақсат — оқушыны белгілі бір жоғары оқу орындарына немесе шетелдің оқу орындарына түсіруге бағыттау емес, оларға негізгі пәндер мен білім дағдыларына, тәрбиелік компоненттерге баса мән беру.Оқушы қай оқу орнына түсуді қалайды, бұл — оның өз еркі. Мектеп жаратылыстану-математика бағытына бейімделгендіктен, ата-аналар мен оқушылар да бұл бағытта терең білім алатынын жақсы түсінеді. Осыған байланысты түлектердің басым бөлігі техникалық және ғылыми жоғары оқу орындарына түседі. Аз ғана бөлігі гуманитарлық бағытты таңдайды.

Ақтөбе қаласында білім ошағының жұмыс жасағанына биыл 12 жыл. Сол уақыттан бері түлектеріміздің 18 пайызы шетелдік жоғары оқу орындарына түссе, 26 пайызы өзіміздің университетке қабылданды, ал қалғандары еліміздегі жоғары оқу орындарына түскен. Біздің түлектер ҰБТ тапсырмайды. Оның орнына сыртқы жиынтық бағалау емтиханын тапсырады. Бұл — 12-сыныпта екі апта бойы мамыр айында өткізілетін емтихан. Кейін осы емтихан нәтижесі арнайы кесте арқылы ҰБТ балымен сәйкестендіріліп, оқушыға сертификат беріледі. Осы сертификат арқылы олар еліміздегі кез келген жоғары оқу орнына мемлекеттік грантқа құжат тапсыра алады. Бұл жүйе Үкімет пен Оқу-ағарту министрлігімен келісе отырып енгізілген.

— Жасанды интеллект оқу процесінде қолданыла ма?

— Иә, бізде жасанды интеллектке негізделген бағдарламалар қолданылады. Мысалы, Power BI — Excel-ге ұқсас, бірақ аналитикалық мүмкіндіктері әлдеқайда жоғары. Берілген мәліметтерді талдап, бағыт ұсынып отырады. Мұндай бағдарламалар әкімшілік пен мұғалімдердің жұмысын оңтайландырады.

Ал оқушыларға ең бастысы — бағдарламалау негіздерін меңгерту. Егер бала бағдарламалауды үйренсе, жасанды интеллектке негізделген өз бағдарламасын немесе сайтын да жасай алады. Жақында өткен олимпиадада дәл осындай тапсырма берілген. Оқушылар нөлден бастап жаңа бағдарлама құрастырды. Бұл олардың нақты дағдыларын көрсететін нәтиже болды.

Сұхбаттасқан Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button