Есепке жүйріктердің дәстүрлі жарысы

Ақтөбе қаласындағыАqbobek International School және «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы бірлеседәстүрлі Fact and Realматематика олимпиадасын ұйымдастырды.
Бұл қандай олимпиада? Мақсаты қандай? Кімдерге арналған? Қай кезде, қалай өтеді? Осындай сұрақтар төңірегінде «Ақбөбек» халықаралық мектебінің математика пәні мұғалімі Мұратбек Есжановпен әңгімелескен едік…
«Ақбөбек» халықаралық мектебінің математика пәні мұғалімі Мұратбек Есжановтың айтуынша, дәстүрлі Fact and Real математика олимпиадасы биыл төртінші жыл қатарынан өткізілді.
— Fact and Real—математикалық бағыттағы өзіміздің авторлық олимпиадамыз. Осыдан төрт жыл бұрын «Ақбөбек»халықаралық мектебінің мұғалімдері 5-6 сынып оқушыларына арналған олимпиада өткізу туралы идеяны жүзеге асырды. Неліктен? Біріншіден, бұл сыныптың оқушыларына арналған олимпиада өте аз. Әрі білім бәйгелеріне қызығушылық оқушыларда осы кезде басталады. Екіншіден, қазақтілді олимпиадалар мүлдем жоқтың қасы. Fact and Realолимпиадасында есеп қазақ тілінде беріледі, қажет болса ғана орысшаға аударылады. Үшіншіден, адал өтетін, қатысушының көңілі толатын олимпиада болсын дедік.
Биылғы білім додасына облыстың түрлі мектептерінен 5-6 сыныптарда оқитын 205 оқушы қатысты. Олимпиада жекелей және топтық кезеңде өтті. Жеке кезеңде оқушылар екі сағат бойы күрделі математикалық есептер мен теңдеулерді шешу арқылы өз білімдерін сынады. Осы кезеңде әрбір қатысушы өз күш-жігерін танытып, көптеген оқушы жоғары деңгейдегі дайындықпен келгендерін көрсетті.Ал топтық кезеңде қатысушылар командалар құрып, бірлесіп жұмыс жасады. Бұл кезең тек математикалық дағдыларды ғана емес, сондай-ақ оқушылардың бір-бірімен тиімді байланыс орната отырып, ынтымақтастық қабілеттерін де көрсетуді талап етті. Жекелей сынға түскен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталса, топтық кезеңнің жеңімпаздарына «Campit» лагерінде тегін демалу жолдамасы берілді, — деді Мұратбек Есжанов.
Білім бәйгесінде 5-сынып бойынша жекелей сынға түскен №56 мектептің оқушысы Арлан Қастербекұлы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға Aqbobek International School оқушысы Дінмұхаммед Жанғали ие болса, үшінші орынды М.Құсайынов атындағы облыстық мамандандырылғандарынды балаларға арналғанлицей-интернатының оқушысыМирхан Истемиров иеленді.
6-сыныпта оқитындар арасында №36 мектептің оқушысыСанжар Амантай топ жарды. Ал Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейдің оқушысыАмир Құлманов пен №51 гимназияның оқушысыДәулет Әзімбай кейінгі жүлделерден көрінді. Мұнда бірінші орынға ие болғандарға — 100 мың теңге, екінші орын жүлдегерлеріне — 50 мың теңге, үшінші орын иеленгендерге 30 мың теңге берілді.
Олимпиада жүлдегерлерінің әрқайсысы өз мектептерінің атын шығарып, ата-анасының да мерейін өсірді. Олардың арасынан алдағы уақытта үлкен ғалымдар мен математиктер шығатынына күмән жоқ.
Топтық кезең бойынша №18 мектептің командасы чемпион атанды. Екінші орынға
№24 мектептің командасы ие болса, №36 мектептің командасы үшінші орыннан көрінді.
— Біздің облыста мамандандырылған 3-ақ мектеп бар. Олар: Білім инновация лицейі, Мақсот Құсайынов атындағы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған лицей-интернаты, облыстық мамандандырылған физика-математика лицей-интернаты. Ал бізге қарағанда халық саны 7 есе аз Солтүстік Қазақстандағы Петропавл қаласында осындай мамандандырылған 11 мектеп бар. Себебі ол жақта олимпиадалар жиі өтеді әрі деңгейі де жоғары. Біздің өңір де сондай жетістікке жетсе деген тілегіміз бар, — деді Мұратбек Есжанов.
Наурыз айының соңында Aqbobek International School және «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған IV дәстүрлі республикалық «Fact and Real for teachers» олимпиадасы да ерекше назарға ие болды.
— Биыл республикалық олимпиадаға 150 адам өтініш білдіріп, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақмола, Батыс Қазақстан және біздің облыстан барлығы 105 мұғалім қатысты. Мектептің кіреберісінен мұғалімдерге құрмет көрсетіп, әдемілеп қарсы алдық. Олимпиада барысында математика пәні мұғалімдеріөздерінің әдістемелік біліктілігін шыңдап, кәсіби деңгейін жоғары бағалуға мүмкіндік алды. Білім додасының соңында Алматы облысынан келген математикАйбын Сәді абсолютті жеңімпаз атанып, 500 мың теңге көлемінде сыйақы алды. Жүлде қоры 1 миллион теңге болды. 45 жүлдегердің бәріне де «Fact and Real for teachers» олимпиадасының төсбелгілері мен ақшалай сыйлықтар табысталды, — деді Мұратбек Есжанов.
Сондай-ақ ол олимпиада өткізудегі мақсат орындалғанын, яғни бірінші рет өткізген жылы өңір математиктерінің бірімен бірі танысып, одан соң ортақ чат ашылып, математиктер клубы құрылғанын да әңгімеледі.
Мұратбек Есжанов «Ақбөбек» халықаралық мектебі алдағы уақытта мұғалімдер арасында қазақша есептер жүктелген онлайн платформада 12 ай бойы олимпиада өткізуді ойлап отырғанын да жеткізді. Алайда жылына бір рет наурызда өтетін дәстүрлі олимпиада жалғаса бермек.
P.S.Fact&Real олимпиадасы бұл тек білім сайысы ғана емес, оқушылар мен мұғалімдер үшін үлкен тәжірибе мен мотивация көзі болды. Мұндай олимпиадалар жастарды ғылымға тарту, командалық рухты қалыптастыру, математика саласында жаңа таланттарды ашуға мүмкіндік береді.
Төрт жыл ішінде бұл білім бәйгесінің танымалдылығы артып, мектеп оқушылары мен мұғалімдердің басын қосып, шығармашылық әлеуетін дамытатын игі іс-шараға айналғаны анық.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.