Жеңіс

Ол бөлімше командирі болған…

Менің атам Манай Жоламанов 1943 жылдың ақпан айында он сегіз жасқа толар-толмастан өзі жергілікті әскери комиссариатқа өтініш беріп, ел қорғауға майданға аттанады. Әуелі Уфа қаласындағы соғыс-жаяу әскер училищесіне жіберіледі де, сол жерде атқыш-минометшілер дайындайтын курстан өтеді. Сонымен бірге десантшы ретінде парашюттен секіруге де жаттығады. Осындай дайындықтан өткеннен кейін бұларды соғыстың нағыз қызып жатқан жерінен бір-ақ түсіреді. Бастапқыда Беларусь десанттық майданының 98-атқыштар дивизиясының №296-гвардиялық атқыштар полкінің құрамында сержант шенімен бөлімше командирі ретінде алғы шепте орналасады. Қаншама жаттығудан өткенімен, жаумен бетпе-бет келу де оңай емес. Бірақ қанқұйлы фашистерге деген ыза-кек кеңес жауынгерлерін алға ұмтылдырады.

Ол әскери сапта тұрған атқыштар полкі бірнеше елді мекендерді жау құрсауынан құтқарып, немістерді кейін шегіндірумен болады. Талай рет оқ пен оттың ортасынан аман-есен шыққан күндері де аз болмайды.

1945 жылдың наурыз айындағы шешуші шайқастардың бірінде Манай атам аяғынан ауыр жарақат алады. Сөйтіп, госпитальда үш ай жатып емделеді.

Ол «Қызыл жұлдыз», бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Мынадай жай біздің жадымызда жатталып қалды. 1976 жылдың маусым айында Шалқар аудандық әскери комиссариатынан арнайы адам келіп, атама  «Ерлігі үшін» медалін табыстайды. Сол кезде аудандық «Коммунизм таңы» газетінде «Отыз бір жылдан кейін марапат өз иесін тапты» деген мақала жарияланыпты. Онда «Бесінші атқыштар ротасының бөлімше командирі, қызыл әскер Манай Жоламанов 1945 жылы 16 наурызда 207-биіктікте өзінің бөлімшесімен бірінші болып жау траншеясына басып кіріп, он бес гитлершіні өлтіріп, жаудың төрт солдатын тұтқындағаны үшін берілген» деп баян етіліпті.

Бұл оның соғыстағы қатысқан соңғы шайқасы болған екен.

Сол мақалада 1944 жылдың 21 маусымында бесінші атқыштар ротасының минометшісі Манай Жоламановтың Свирь өзенін кесіп өтуде бірінші болып оң жағалауға шығып, неміс пулеметшілерінің тобын құртқанын да жазған еді.

Атам майданнан елге оралған соң елде жалғыз қалған анасын алып, Шалқар қаласына келеді.

Сосын үй болу қамын ойлап, Жармағанбетқызы Бәтима әжемізбен шаңырақ көтереді. Олардың отбасында сегіз перзент дүниеге келіп, оларды оқытып, тәрбие береді. Барлығының да үйлі-баранды болғандарын көреді. Атамыз балалары түгілі, немерелерінің жоғары оқу орындарына түсуіне де қолдау жасап отырды.

Өзі құрметті демалысқа шыққанша Бершүгір туберкулез санаториясында, үй құрылысы дистанциясында, орман шаруашылығында, сумен жабдықтау мекемесінде, құрылыс-монтаж пойызында еңбек етті. Осылардың барлығында да ол білікті маман ретінде құрметке ие болды, түрлі марапаттар алып отырды.

Тағы бір айта кететін жайт, атамыз өзінің әкесін іздестірумен болды. Кезінде Шалқар аудандық қаржы бөлімінің басшысы болып қызмет істеген Жолмағанбет атамыз 1937 жылдың қуғын-сүргініне ілігіп, халық жауы деп ұсталып кеткен екен. Ол сол ұсталғаннан хабар-ошарсыз кетеді. Артында кәрі әке-шешесі, әйелі мен балалары қалады. Сол уақыттарда менің атам Манай он екі жаста ғана екен.

Ол сол жасөспірім кезінен «халық жауының баласы» деген қара таңбаның қасіретін шегіп өседі. Тіпті өз қатарларынан да түрткі көріп, небәрі жетінші класты бітіріп, ерте есейеді. Өзі де қамкөңіл болып жүрген анасы Ақбалаға қолғабыс жасаймын деп, қабырғасы қатаймай ауыр жұмыстарға жегіледі. Бір ұйқысы кем болып, аш-жалаңаш күндерді де бастан өткереді.

«Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дегендей, Ұлы Отан соғысы басталып, елімізге батыстан неміс фашистері басып кіргенде бас көтерер азаматтар қолына қару алып, сапқа тұрғаны белгілі. Менің атам да жасы жетпегенімен, сол алғашқы күндерден өзін-өзі қайрап, әскерге тезірек аттануды алдына мақсат етіп қояды. Сондағы бір мақсаты — халық жауының баласы деген жалалы атаудан құтылу болса керек…

Елге жеңіспен оралып, заман тынышталған кезде атамыз өз әкесінің дерегін тағы да іздестіре бастады. Арнайы белгі қойып, құран бағыштап жүрді. Еліміздің егемендік алу тұсында, тоқсаныншы жылдары ғана қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жүріп жатқан тұста Қауіпсіздік комитетінің архивінен ұлы атамыздың неге қамалғаны, оның үстінен кімдер арыз жазғаны, қай жерде атылғаны, денесі қай жерде қалғаны туралы мәліметтер қолына түседі. Сол деректер арқылы ол кісінің Ақтөбе маңындағы әйгілі Түйетөбедегі үш шұңқырдың бірінде жатқанын білдік. Манай атамыз балаларын жанына алып, жыл сайын 31 мамырда сол жерге баратын. Дұғасын оқып, аруаққа тағзым ететін…

Аяғынан жүре алмай қалғанынша осы дағдысынан жаңылған жоқ.

…Негізінде, атам майдан әңгімелерін айтуды ұната бермейтін. Тек балаларына: «Соғыс деген сұмдықты сендер көрмеңдер, ендігі жерде тек бейбіт заман болсын», — деп көп айтады екен… Сол себепті де біз атамыздың майдан жолдары туралы қағазға көбірек түсіре алмай қалдық.

Атам 2005 жылы сексен жасында өмірден өтті. Көзі тірі болғанда биыл жүзге келер еді…

Ерлан ЖОЛАМАНОВ,

немересі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button