Басты жаңалықтарЖеңіс

Әлия музейі заманауи технологиялармен жабдықталды

Биыл Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы  Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толады. Сонымен бірге биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына — Жеңіске 80 жыл. Облыста осыған орай түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіліп, батыр атындағы музейлер мен орталықтар жаңартылды. 

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде  былтырдан бері жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи технологиямен жабдықталды.

Музей1985 жылдан бері батыр қыздың өмірі мен ерлік жолын зерттеу, насихаттау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу  бағытында қызмет атқарып келеді. Оның экспозициясы әр жылдарда заман талабына сай жаңартылып отырды.

Ә.Молдағұлованың 100 жылдығын өткізу бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес музейге заманауи цифрлық технологиялар пайдаланылып, реэкспозиция жүргізілді.

Арнайы витриналар жасақталды

Музейдің ғылыми қызметкерлері тақырыптық-экспозициялық жоспар құрған кезде тұлғалық музей екенін ескере отырып, экспозиция Әлия есімімен байланыстырылды.

Ғылыми кеңестің отырысындамузей экспозициясының көркемдік безендіруін талдау, витриналарға сай атау беру, жинақтау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу сынды нақты міндеттер қойылған-ды. Әлия музейінің реэкспозициясы жүйелі, сондай-ақ тақырыптық әдіс бойынша құрылды. Топтау тәртібі мен экспонат материалдарын тиімді ұйымдастыру экспозиция құрудың әдісін анықтайды. Музей мемориалдық бағытта болғандықтан, материалдарды қайта жинақтау кезінде тарихи тұлғаның жеке заттары жетіспегендіктен, музейдің қор сақтаушысы мен ғылыми қызметкерлері музей қорынан батыр қыздың есімі мен ерлігіне қатысы бар жәдігерді қамти отырып, экспозициялық кешеннің деректілігі мен тартымдылығын арттыру жолын іздестірген болатын. Осы арқылы музей қызметкерлері сол уақыттың рухын жеткізуге, экспозициялық кешеннің тарихи деректілігін көрсете білуге тырысты.

Қызметкерлердің ғылыми-ізденіс жұмыстары аясында музейге құнды экспонаттар жинақталды. Атап айтсақ, Әлияның тума-туыстарына қатысты фотосуреттер, нағашы ағасы Бисембай Хабиевтің шыныаяқ жинағы, шахматы, Ария Бисембаеваның қол сағаты, батыр қызға арналған шағын формалы мүсіндері, «Әлия» іздестірушілер тобының арнайы формасы, «УМИВ-1» әскери мина іздегіші, суретшілердің палитрасы, катушкадағы пленка таспасы, «Алтын Орфей» статуэткасының көшірмесі, Әмір Оралбайдың баспа машинасы және «Әлия гүлі» халықтық қазақ би ансамблінің марапаттары, т.б. жәдігерлер жинақталды.

Музейде батыр қыздың өмірі мен ерлік жолын көрсететін ақпараттар мен экспонаттар, қазіргі заманауи музей жабдықтары, тума-туыстары мен оқыған жерлері, мергендік мектебі мен майдандағы өмірін көрсететін, Әлия есімімен аталатын мекемелер мен мектептер, музейлер, жыр арнаған ақын-жазушылар мен зерттеушілер, қойылған ескерткіштер мен суреттер, түсірілген фильмдер батырдың есімімен аталатын би ұжымы мен іздестірушілер тобына арналған  витриналар жасақталды.

«Виртуалды промоутер» бес тілде ақпарат береді

Батырдың 100 жылдығы қарсаңында жөндеуден өткен музейге заманауи экспозициялар қойылды. Реэкспозиция жұмыстарынан кейін жаңғыртылған, жаңа технологиялармен жабдықталған музей залының экспозициясында AR-технология, VR (виар) көзілдірікті мультимедиялық технология, «Визуализация», цифрлық сторителлинг, 3D-mapping, Әлияның хат жазып отырған голограммасы, «3D анимация» голографиясындағы виртуалды промоутер,  3D форматтағырельефті карта, виртуалды тур, бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоскорнатылды.

Жаңартылған экспозицияда қонақтарды музей туралы 5 тілде қысқаша ақпарат беретін «Виртуалды промоутер» қарсы алады. Қазақстанның батыр есіміне берілген барлық облыстағы нысандарды QR-кодтар арқылы белгіленген жарықдиодтық контурларымен салынған 3D рельефтік картасынан білуге болады. Сонымен бірге «Әлияның өмірі мен ерлік жолы» бейнеленген жәнебатырдың соңғы шайқасы көрсетілген жарықдиодтық контурларымен салынған карталарын көруге мүмкіндік бар.

Кіреберіске Әлияның үш өмірлік кезеңін қамтитын портреттері ілінді. Бұл портреттер фотолар негізінде кенепке майлы бояумен салынған.

Келесі экспозицияда майлы бояумен салынған Әлияның туған жері — Бұлақ ауылының панорамалық көрінісі заманауи мультимедиялық технологиялармен толықтырылған. 3D-мэппинг пен VR (виртуалды шындық) көзілдірігі арқылы келушілер батыр қыздың туған жеріне «барып», Әлияның балалық шағынан сыр шертетін әсерлі көріністерді тамашалай алады. Экспозицияның алдыңғы бөлігі көпфигуралы композициямен және табиғи ландшафт рельефтерімен үйлестіріле жасалып, музей қорындағы құнды экспонаттармен толықтырылған.

Әрі қарайғы экспозициядабатыр қыздың туған-туыстары мен білім алған мектептері туралы мәліметтер қойылған. Сонымен қатар 1941 жылы неміс фашистері Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына соғыс ашқан кездегі Ленинград қаласының ауыр тағдыры туралы ақпарат беріледі.Бұл кезең Шостаковичтің «Ленинград» туралы 7-ші симфониясының әуенімен дыбысталған Ленинград қаласының панорамалық көрінісі арқылы әсерлі түрде берілген.

Әлияның өмір жолына арналған экспозиция Вятск орта мектебіндегі Татьяна Суворованың естеліктерімен басталып, Рыбинск авиация техникумы мен Амеровадағы мергендер мектебі туралы деректермен жалғасады. Сонымен қатар 54-атқыштар бригадасының 4-ші батальоны құрамындағы қазақ жауынгерлерінің жиналыс алдындағы фотосуреттері келушілерге сол кезеңнің тарихи сәттерінен сыр шертеді.

Соғыс кезінде пайдаланылған блиндаждың көшірмесі жаңадан қайта жасақталып, ішіне жасанды интеллекттің көмегімен батырдың тума-туыстарына хат жазып отырған голограммасы енгізілді.

Келесі экспозицияда Әлияның мергендік сыңарымен бірге барлау сәті бейнеленген. Батырдың «Соңғы шайқас» диорамасында Әлияның ерлікпен қаза тапқан панорамалық көрінісі әсерлі етіп көрсетіліп, соңында «Әлия» әні шырқалады. Одан әрі экспозицияда батырдың жерленген жері туралы мәліметтер келтіріліп, соғыс кезеңін бейнелейтін жаңартылған барельефпен бедерленген.

Арнайы проектор арқылы фондық музыкамен сүйемелденген «Бейбіт аспан» көрінісінде жылдың төрт мезгілін тамашалауға болады. Бұл экспозиция келушілерге табиғаттың өзгерістерін бейнелеп, бейбіт өмірдің маңызды екендігін көрсетеді.

«Саған белгі орнаттық мәрмәр тастан»…

Келесі бөлімде музейдің тарихы мен тынысы, қонақтары мен қаһарман қызымыздың ерлігіне ән-жыр арнаған ақын-жазушылар мен сазгерлердің, суретшілер мен режиссерлердің туындыларынан сыр шертетін «Музей тынысы», «Ерлік иесіне тағзым», «Рухына бас иеді өр тұлғалар», «Өнер туындысына айналған бейне» секілді экспозициялар қойылды. Әлия есімімен аталатын мекемелерге арналған экспозицияда «Құрметіңе аталды мектептер мен көшелер»тақырыбында витрина қойылды. Сонымен қатар ескерткіштерге арналғанбөлімде«Саған белгі орнаттық мәрмәр тастан» атты витрина жасақталды.

«Әлия гүлі» халықтық қазақ би ансамблі мен музей жанынан құрылған «Әлия» іздестіру тобының мүшелерінің музейге сыйға берілген жәдігерлері бойынша  витриналары жасақталды.

Арнайы витриналарға Әлия оқыған мергендер мектебінің түлектері Л.Бакиева мен М.Забоеваның әскери киімі, майданда киілетін тон, Әлияның нағашы ағалары Әбубәкір Молдағұлов пен Бисембай Хабиевтің гимнастеркасы мен «Әлия» іздестірушілер тобының арнайы киімдері қойылды.

Сонымен бірге ақтөбелік Кеңес Одағының Батырлары мен үш дәрежелі «Даңқ» орденінің иегерлеріне арнап «Тұлғаларың әрқашан биік тұрар» атты 2 витрина жасақталып, біріне жоғарыда аталған адамдардың аты-жөндері жазылса, екіншісіне заттай жәдігерлері мен фотолары жинақталды.

312-атқыштар дивизиясы мен 101-атқыштар бригадасына арналған витриналарға Ақтөбеден кеткен жауынгерлердің фотолары мен медаль-ордендері қойылды.

Музей залы бойынша виртуалды тур, қордағы құнды фото-видео материалдар, көркем-деректі фильмдер енгізілген бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоск қойылды.

 P.S. Музей, ондағы бірегей экспозиция — тек келушілердің тамашалауына ғана арналмаған, сонымен қатар әртүрлі деңгейдегі іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұратын және ғылыммен айналысып жүрген жас ғалымдарға таптырмас ғылыми-әдістемелік орталыққызметін атқарып, білім мен ғылымның дамуына үлес қосатын орын.  Музей өңірге туристерді тартуға, Ә.Молдағұлованың ерлігі негізінде жастарды отансүйгіштікке, патриоттық рухта тәрбиелеуге, тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттауға, мәдени-ағартушылық іс-шараларды өткізуге зор ықпалын тигізеді.

 Адина ТҮГЕЛҒАЛИЕВА,

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің кіші ғылыми қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button