Сұлтан атаның жауынгерлік жолы

Осыдан он жыл бұрын тоқсан жастан асқан Ұлы Отан соғысының ардагері Сұлтан Досмұратовтың Астана қаласында Жеңістің жетпіс жылдығына ұйымдастырылған мерекелік шеруге ақтөбеліктер тарапынан баратын ардагерлердің ішінде топ бастап тұрғаны жадымызда.
Биылғы Жеңіс мерекесі қарсаңында қиын шақта ел қорғаған майдангер туралы сөз қозғаудың, оның рухына тағзым етудің реті келіп отыр.
Сұлтан ата әскерге 18 жасында, яғни 1942 жылдың тамызында ауыл мұғалімі болып жүрген жерінен алынады. Басқұдық ауылынан сол кезде өзі секілді әскерге аттанғандардың барлығы — он сегіз бен жиырма аралығындағы жастар еді.
Майдангердің біз қағазға түсіріп алған естелігінен үзінділер келтіре кетелік.
Сол кезде Ақтөбеде жасақталған №2 әскери училищенің алты айлық курсын толық оқып тауыспастан, майдан даласына аттануға бұйрық алады.
1942 жылдың желтоқсанында бірден Мәскеу түбіндегі Прохоров шайқасына тап болады. Жау Мәскеуге жақындап қалған, небәрі 17 шақырым ғана қашықтықта тұрады. Бұл кезде біздің әскер жау шебін бұзып, тойтарыс беруге күш жинап жатқан. Екі ай бойы жаудан қорғанып, қарсы шабуылдайды. Осылайша Мәскеу түбіне қосалқы күш жеткенше қанды қырғыннан көз ашпайды. Бұдан кейін оларды Калинин майданына бағыттайды. Бұл жерде Мәншүк Мәметова соғысқан майдан даласына тап болады.
«Бір ұрыста сол аяғыма оқ тиіп, көп уақыт госпитальда жаттым. Дәрігерлер аяғымды кесетін боп шешті. Бірақ мен жаралы аяқты құшақтап, «бұл аяқ әлі талай немісті қыруға жарайды» деп кесуге келісім берген жоқпын. Сөйтіп, қос балдақпен елге оралдым. Елге оралғаннан кейін де оқ тиген аяғымнан көп бейнет көрдім. Дегенмен сол кезде менің көрген бұл бейнетім айналамда соғысқа аттанған ерінен қара қағаз алып, қан жұтқан отбасының, болмаса жетімдіктің зарын тартқандардың көрген қасіретінің қасында түк те емес еді», — деп ақсақал айтқан әңгіме әлі күнге ойымда тұр.
Ол Невель қаласы үшін болған шайқаста 96-дивизия, 331-жаяу әскер полкінің құрамында старшина шенінде соғысса, Курск, Орел, Белград түбіндегі ұрыстарда взвод командирі болды. Беларусь майданы, Сураж өзенінен өтіп, Гомель қаласын жаудан азат ету жолындағы кескілескен соғыстарды да ардагер ата есіне алып отыратын.
Қан майданда көрсеткен ерліктері үшін оған «Қызыл Жұлдыз» ордені беріледі.
Зейнет жасына дейін ұстаздық еткен оның білім беру саласындағы еңбегі үшін «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісі кеудесіне тағылады.
Біздің ойымызда қалған және бір жай, ол сөз арасында: «Ата-анадан жетім қалып, Ырғызда балалар үйінде өстім. Кейін интернатта жатып, білім алдым. Орта мектепте оқыған кезімізде алғашқы әскери дайындық сабағынан Шегебаев дейтін мұғалім дәріс берді. Сол мұғалім үйреткен дене жаттығуларын, салқын сумен шайыну секілді әдістерді осы кезге дейін жасаймын. Құтикөлден 25 шақырым қашықтықтағы Ырғыз селосына дейін шаңғы тебуден жарыс ұйымдастыратын. Талай рет бірінші келіп жүрдім. Ырғыздың жері тау-тасты. Аяққа шаңғы байлап, таудан төмен қарай 6-9 метр биіктіктен қарғытатын. Конькиде тебеміз. Соның да көп пайдасы қазір тиіп жатыр. Оның үстіне, қысы-жазы шұбат, қымыз ішемін», — дегені бар-ды қадірлі қарияның.
Ақсақал қиын да қызықты, ұзақ ғұмыр кешіп, өмірден өткенде алты ұлынан тараған отызға жуық немере-шөберені көзі көріп кетті.
Оның өмірге құштарлығы, ілгері ұмтылысы, соның нәтижесінде мағыналы өмір сүруінің сырларын біз бүгінгі жастарға үлгі болса екен деп келтіріп отырмыз.
Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.