Білім

Тәжірибелі маманның өнегесі

Колледж

Әрбір мамандықтың өз қиындығы мен ерекшелігі болады, бірақ кәсіби жолын электрик мамандығынан бастап, кейін жастарға білім беріп, болашақ мамандарды тәрбиелеген адамдардың өмірі ерекше. Міне, жиырма жылға жуық уақыт өндірісте еңбек еткен және одан да көбірек мөлшерде колледж оқытушысы болып жұмыс істеген Сәкен Сөкеновтің өмірі мен тәжірибесі барша жасқа үлгі боларлықтай.

Сәкен Өміртайұлы 1965 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Сол шаһардағы политехникумның ауыл шаруашылығын электрлендіру мамандығы бойынша білім алады. Отан алдындағы борышын атқарып, 1988 жылдың аяғында целлюлоза картон зауытында электромонтер болып еңбек жолын бастайды.

Электрик мамандығы — күрделі және жауапкершілікті талап ететін кәсіп. Бұл мамандықты таңдаған адам тек техникалық дағдыларды меңгеріп қана қоймай, өз жұмысында қауіпсіздік пен мұқият қимылды да сақтауға тиіс. Бастапқыда электромонтер болып жұмыс істеген ол көптеген қиындықтарды бастан кешірген. Электромонтер болып жұмыс істеген алғашқы жылдары көптеген тәжірибе мен оқиғаға толы болды. Целлюлоза картон зауытының цехтарында түрлі электр жабдықтарын орнатып, оларды жөндеумен айналысқан маман көп нәрсені үйренді. Отбасын құрып, сосын Ақтөбе қаласына қоныс аударады.

Қазақ жол қатынастары университетінен инженер-электрик біліктілігі бойынша мамандығын тереңдетіп игеруі оның кәсіби шеберлігін шыңдай түскендей еді.

Сәкен Өміртайұлы үшін өмір жолындағы елеулі өзгерістердің бірі — электрик мамандығынан оқытушы болуға өту, яғни өндірістен білім ордасына ауысу үлкен жауапкершілікті талап етті.Электрик болып жұмыс істеп жүрген кезде жинаған тәжірибесі мен кәсіби білімін жастарға жеткізу үшін оқу орнында сабақ бере бастады.

2000-2010 жылдар аралығында Ақтөбе қаржы-экономикалық колледжінің «Электрмен қамтамасыз ету» оқу-әдістемелік бірлестігінде еңбек етсе, 2010 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің «Автоматтандыру және басқару» бөлімінің  арнайы пән оқытушысы болып жұмыс істейді.

Оқушыларға электр жүйелерінің жұмысы мен қауіпсіздігі туралы дәрістер өткізу барысында олөндірісте жинаған барлық тәжірибесін, дағдыларын және теориялық білімін кеңінен бөлісіп отырады. Сабаққа деген қызығушылықты арттырып, әрбір оқушының кәсіби болашағына жол ашу мақсатында әртүрлі оқу әдістемелерін енгізді.

Сәкен Өміртайұлы «Өндірістік кәсіпорындарды электрмен қамтамасыздандыру», «Электрлік және электрмеханикалық жабдықтарды пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Станциялар мен қосалқы станциялардың электржабдықтарын пайдалану» атты оқулықтардың авторы, бұл оқу құралдары еліміздегі электрик мамандығына дайындайтын барлық колледжде қолданылуда. Сонымен қатар оның жетекшілігімен «Жаңартылған энергетика», «Жоғары кернеу желілері» атты білім бағдарламалары да құрастырылды.

Сәкен Өміртайұлының колледждегі қызметі тек білім беру саласымен шектелмейді. Ол көптеген жобаға қатысып, әдістемелік жаңалықтарды енгізді, оқу процесін жаңғыртуға белсенді түрде атсалысады. Жыл сайын оқушыларға арналған кәсіптік дағдылар бойынша WorldSkills ұлттық чемпионатына «Электрмонтаждық жұмыстар» құзыреттілігінен оқушыларды қатыстырып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Мысалы, Жасұлан Мақсатов аталған ұлттық чемпионатында жүлделі үшінші орынды иеленсе, Қайрат Аманалыұлы медальон жеңіп алды, ал Бейбарыс Әділ Batys Skiils чемпионатында жүлделі күміс медальдің иегері атанды. Білікті маман осы чемпионаттарда тапсырмаларды орындауды бағалайтын сарапшы ретінде де қызмет атқарды.

Ұлағатты ұстаздың еңбек жолында көтерген мәселелері мен ұстанымдары тек оқыту әдісіне ғана емес, шәкірт тәрбиесіне де бағытталды. Шәкірттеріодан өмірде де дұрыс жолды таңдауды үйренді, қазіргі таңда әртүрлі мекемелерде, кәсіпорындарда, ірі компанияларда еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жеткен түлектері аз емес. Бұл — Сәкен Өміртайұлының еңбегінің жемісі және қоғамға қосқан үлкен үлесі.

Құрметті оқытушының ерен еңбегі лайықты бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды.

Міне, осындай өмір бойы жастарға білім мен тәрбие беру ісіне адал қызмет еткен ұстаз биыл алпыс жасқа толғалы отыр.

Бұл — өткенді саралап, болашаққа көз жіберетін, еңбектің нәтижесін бағалайтын уақыт. Осы уақытта электрик мамандығынан оқытушылық қызметке өткен Сәкен Өміртайұлы үлкен жетістіктерге жетті. Оның еңбек жолы, кәсіби білім мен тәжірибе жинақтауы, оқытушылық қызметі бүгінде көптеген жастар үшін үлгі.

Меруерт МОЛДАБАЕВА,

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің әдіскері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button