
Наурызнама онкүндігінің бесінші күні — Ұлттық киім күні. Осы орайда Ақтөбеде ашық аспан астында «Этно-fashion Aqtobe-2025» ұлттық киім фестивалі өтті. Бұл іс-шараға екі мыңнан астам адам қатысты. Мақсат — ұлттық киімді ұлықтау.
Сәукеле, бөрік киіп, оюланған әшекей бұйымдар таққан қыз-келіншектер мен жадағай киген жігіттер Өнер орталығынан бастап «Қазақ халқына мың алғыс» стеласына дейін тізіліп, жаяу жүріп келді. Сахнада жергілікті әншілер ән айтып, күйшілер күй тартты.
Бұдан кейін ұлттық киім киген қыз-жігіттер сән үлгілерін көрсетті. Әсіресе жергілікті тігіншілердің заманауи сәндік киімдері келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Кимешек киген әжелер мен тақия, шапан киген аталар да фестивальге ерекше сән берді. Әсіресе ұлттық киім киген жастар мұндай іс-шараның дәстүрлі түрде өтіп тұрғанын қалайтынын айтты.
— Бала кезімде ұлттық киімді тек Наурыз мерекесінде ғана киетін едік. Ол уақытта насихат әлсіз болды ма, әлде қазіргідей сән үлгілері дамымағандықтан ба, аса қызықпайтын едік. Ал қазір ұлттық киімді тек мерекеде емес, былайғы күндері де киеміз. Өзім оқитын медициналық колледжде әр жұма сайын ұл-қыздар ұлттық киім киіп келеді. Оюланған замануи үлгідегі киімдерді күнде киіп жүретіндер бар. Жалпы, ұлттық киім рухымызды көтеретінін өсе келе түсіндім, — дейді Сымбат Қуанышева.
Ал заманауи үлгідегі шапан киген тұрғын Әлішер Серікұлы қазақы нақышта тігілген киімді өзге күндері де жиі киіп жүруге тырысатынын айтты.
— Ұлттық киімді дәріптейтін іс-шаралардың көп болғаны жақсы. Себебі жас буынға неғұрлым көбірек айтып, насихаттасақ, олар орта жасқа келгенде құндылықтарды түсіне бастайды, — деді ол.
Фестивалді тамашалауға келген көрермендер де қазақы нақытша киініп келуге тырысқан. Күн жылы болғандықтан адамдардың да көңілдері көтеріңкі болды. Олар іс-шараны соңына дейін тамашалады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.