
Кеше облыстық өнер музейінде «Наурыз – ұлттың мерекесі, салт-дəстүр берекесі» тақырыбында мерекелік шара өтті. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында ұйымдастырған басқосуға мәдениет қызметкерлері, шеберлер, қала тұрғындары жиналды.
ЕліміздеНаурызнама онкүндігі аясында 17 наурыз «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» ретінде белгіленді. Соған сәйкес жер-жерде тақырыпқа сай жиын-отырыстар, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып жатыр. Облыстық өнер музейіндегі кеш — соның бір көрінісі.
— Өкінішке қарай, қазақ халқында ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлер бар. Айталық, бесікке бөлеу сәтіндегі ырымдардың көбі орындалмайды. Әсіресе әжелердің баланы бәле-жәледен сақтауға арналған жөн-жоралғыларын айтуға болады. Солардың бірсыпырасын бүгін жиналғандар алдында қайта жаңғыртып, көрсетсек дейміз. Әрі бесік сәбидің өсіп-жетілуіне, денсаулығына және рухани тәрбиесіне үлкен ықпал ететіні белгілі.
Сол сияқты босаға майлау, тізе бүгу сияқты дәстүрлердің мән-маңызы түсіндіріліп, көпшілікке жасау әдісі көрсетіледі. Жалпы, күн ұзағына жалғасатын мәдени шарамызға 60-тан астам адам шақырылды, — дейді облыстық өнер музейінің директорыГүлжан Қонаева.
Қолөнер шеберлері, зергерлер өздері жасаған бұйымдарын, әжелер ансамблінің мүшелері баланы қалай бесікке бөлеу керектігін көрсеткен шарада Ақтөбе музыкалық колледжі мен жыршылар мектебінің оқушылары ән-жырдан шашу шашты. Сондай-ақ жиналғандар қазақтың ұлттық тағамдары — наурызкөже мен бауырсақтан дәм татып, ат әбзелдері, қамшы, т.б. ұлттық құндылықтардан тұратын көшпелі көрме ұйымдастырылды.
Осындай шаралардан қалмай, белсенділік танытатын қолөнер шебері Қалимаш Кәрімбердиева: «Кішкентай кезімнен киіз үй жабдықтарын тоқимын. Ұмытылып бара жатқан өнер болғандықтан, сұраныс соншалықты жоғары дей алмаймын. Бағасы сапасы, қалыңдығы, ұзындығына қарай әрқилы. Мәселен, қызыл баудың 1 метрі — 15 мың теңгеден басталады. Бірақ бәрібір қол қусырып отырмаймын, басқа да қолөнер бұйымдарын жасауға ебім бар», — дейді зейнеткер.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы түсінік беріліп, ұлттық киімдер мен тағамдар, әдет-ғұрыптардың тарихы туралы айтылған шара аясында қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі де өткізілді.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



