Ұстаздар облыстық олимпиаданы қорытындылады

Шығармашылық академиясында 2024-2025 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңін қорытындылау жиыны өтті.
Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, аудандық, қалалық білім бөлімінің басшылары, мектеп директорлары қатысты. «Республикалық пәндік олимпиаданың ұйымдастырылу барысы мен қорытындысы туралы» баяндама жасаған білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада алдымен мектеп ішінде ұйымдастырылады. Содан кейін аудандық, облыстық кезеңдер өтеді. Осы үш кезеңнен өткен бала республикалық кезеңге жолдама алады. Қазіргі таңда облыстық кезеңнен жеңімпаз атанған 72 бала пәндік олимпиадаға қатысып жатыр. Жарыс жеті қалада өтуде. Осы сайыста жеңген оқушы құрама команданың сапына еніп, халықаралық олимпиадаға қатысады.
— Олимпиаданың облыстық кезеңін қорытындылаудағы мақсат — ұстаздарға, білім беру ұйымдарына мотивация болсын деген ниет. Себебі олимпиада өткізу үлкен күш пен жауапкершілікті қажет етеді. Облыстық кезең бойынша үздік мектеп, үздік командаларды анықтадық. Оларды марапаттадық. Мұндай марапат ұстаздарға үлкен серпін берері анық, — деді Нұргүл Бертілеуова.
К.ҚОПАЕВА.



