Мереке

«Амал келді — жыл келді»

14 наурыз елімізде Наурыз мейрамының басы — Көрісу күні ретінде аталып өтіледі. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Атаулы күнді Есет батыр шағын ауданының тұрғындары да сән-салтанатымен атап өтті. «Геолог» мәдениет үйінің ұйымдастырумен өткен «Амал келді — Жыл келді» атты мерекелік бағдарламаға 100 әже мен 100 келін қатысты.

Наурызнаманың онкүндігі аясында ұйымдастырылған ауқымды іс-шара қазақ мәдениетінде айырықша орын алатын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан маңызды дәстүр «Бастаңғы» көрінісімен басталды. Ең алдымен мерекелік керуен «Дина» супермаркетінің алаңынан бастап адам көп шоғырланатын жерлермен жүріп өтті. Жиналғандар киіз үйде жайылған мерекелік дастарқаннан дәм татып, «Геолог» мәдениет үйінің алаңында ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалады.
— Мерекелік керуен ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Бір ерекшелігі — керуенге ерікті қала тұрғындары, Алматы ауданының Аналар кеңесі мен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының мүшелері, «Асыл ажелер» ансамблінің мүшелері қатысты. Тұрғындар үшін ұлттық спорт түрлерінен жарыс та болды. Мереке ораза айымен тұспа-тұс келгендіктен жастар жағы жарапазан да айтты. Көрісу күні — қазақ халқында ізеттілік пен мейірімділікті, ауызбіршілік пен татулықты дәріптейтін мереке. Жыл сайын Амал мерекесінде мерекелік шеру өткізуді үрдіске айналдырмақпыз, — дейді «Геолог» мәдениет үйінің әдіскері, «Шолпы» қыздар клубының жетекшісі Бибігүл Ақжігітова.

Мерекеде ақжаулықты әжелер алаңда жиналған жұртпен амандасып, көрісу дәстүрін көрсетті, келіндер үлкендерге сәлем етті. Іс-шара барысында Алматы ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобландин сөз сөйлеп, барша ақтөбеліктерді Наурыз мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін айтты:
— Жыл басы — Наурыз құтты болсын! Ел іргесі берік, бірлігіміз бекем болсын! Әр шаңыраққа бақыт, ұзақ ғұмыр тілеймін. Еліміздің аспаны ашық болып, Қазақстанымыз гүлдене берсін, — деді ол.
Амал мерекесіне арналған іс-шарада Алматы ауданы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Оңдасын Үсенұлы жиналғандарға ақ батасын берді. «Геолог» мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен биден шашу шашса, Үлгілі «Мұрагер» вокальдық тобы «Жарапазан» әнін орындады. Ақ жаулықты аналар көпшілікті мерекемен құттықтап, мерекенің маңыздылығын жастарға түсіндірді.
— Бұл күн – Табиғат-Ананың, Жер-Ананың, жалпы тіршілік атаулының көктемгі жаңаруы мен оянуының бастауы. Қазақ халқы үшін Амал күнгі дәстүрлер отбасындағы жылылық және татулықпен тығыз байланысты. Жасы кішілер үлкендердің үйіне арнайы барып, сәлем береді, ақсақалдардан бата сұрайды, адамдар ескі өкпе-реніштерден арылып, бір-бірімен төс қағыстырып қауышып жатады. Қазақ «Амалды амалдап өткіз» деп бекер айтпаған. Себебі үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанның аман-есен шығуы киіз үйде тұратын жұртшылық үшін қиын болғаны анық. Содан қар еріп, жер жіби бастағанда шеті мен шегі жоқ далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен көрісетін болған. Яғни, бұл күн — көктемге аман-сау жеткен халықтың тілек айтып, бір-бірімен қауышатын күні, — дейді «Асыл әжелер» ансамблінің мүшесі Майра Құбашева.
Мерекелік думан Сазды, Қурайлы, қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйінің алаңдарында, облыстық және қалалық кітапханаларда да өтті.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button