
Дөңгелек үстел
І.Есенберлин атындағы №15 орта мектепте«Ұлттық рухты оятқан ұлы шығарма» атты дөңгелек үстел өтті.
Қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толуына орай мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндері бірлестігі ұстаздарының ұйымдастыруымен өткен іс-шара қаламгердің«Қаһар» романына арналды. Оған ұстаздар, жоғары класс оқушылары, оқырмандар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында жазушының «Көшпенділер» трилогиясының үшінші кітабы — «Қаһар» романы туралы деректі фильмнен үзінді көрсетіліп, шолу жасалды.
«Қаһар» — көркемдік деңгейі жоғары роман. Дөңгелек үстелге қатысушылар осы туынды, ондағы тарихи оқиғалармен қатар, Кенесары хан жайында да жан-жақты деректер келтіріп, ой бөлісті. Белгілі режиссер С.Нарымбетовтің «Аманат» фильміндегі Кенесары хан бейнесін ашатын тұстар да экраннан көрсетілді. «Қаһардың» көптеген тарихи құжаттар мен фактілердің негізінде жазылған роман екені оқырманға мәлім. Осы тұрғыда оқырмандар мұғалімнің сұрақтарына жауап беріп, тарихтан қаншалықты хабардар екендерін көрсетті.
Соңынан оқушылар жатқа өлең оқыды, оның ішінде қазақ ақындарының Кенесары ханға арнаған жырлары да оқылды.
Раушан ҚАЛИ,
Ақтөбе қаласы.