«Әдемілік бізге көптік етпейді…»

Қазіргі таңда 30-50 жас аралығындағы адамдар арасында шаш түсуіне шағымданатындар қатары көбейіп кетті. Көктемгі витамин жетіспеушілігі де шаштың түсіне әкелетін негізгі факторлардың бірі. Осы орайда шаш күтімі мен көктемгі шаш үлгілері төңірегінде мамандардың пікірін білген едік…
Трендтегі шаш үлгілері
Көктем жақындағанда аруларымыз шаш үлгісін өзгерткісі келеді. Кейбірі шашын түрлі түске боятып, шаш түбірін (фолликулын) зақымдап алады.Тіпті адамдардың көпшілігі шашын айына 2-3 рет, тіпті одан көп бояйтындар гипертиреоз (қалқанша безі ауруы), асқазан-ішек жолдарының қабынуына, түрлі созылмалы ауруға тап болатындығын біле бермейді. Сондай-ақ аллергиялық аурулар, лейкемия, бас ауруы осы шаш бояуынан пайда болады. Шаштараз Майгүл Балкеннің айтуынша, шашқа зиян келтірмес үшін аммиаксыз шаш бояуын пайдаланған дұрыс.
— Қазіргі таңда сән салондарда қолданылатын шаш бояуларының 75 пайызы аммиактан тұрады. Аммиак өкпенің зақымдануына, жүйке қызметінің бұзылуына әсер етеді. Сондай-ақ бояудың құрамында кездесетін парафенилендиамин деген қоспа да өте қауіпті. Сондықтан аллергиясы бар адамдар сақтық шараларын мұқият орындап, шаш боятқан дұрыс. Негізінен, аллергиясы бар қыз-келіншектерге аммиаксыз шаш бояулары ұсынылады. Шашты бояғанда самай шаштан 2 сантиметр жоғары алып, теріге тигізбей бояймыз. Ал егер 15-20 минуттың ішінде адамның бас терісі қыши бастаса, онда арнайы сусабынмен шаштағы бояуды жуып тастаймыз. Сондықтан сән салондарының мамандары қарапайым процедура алдында аллергияға сынама жүргізуге тиіс. Себебі кей адамдар аллергиясы барын жасырып қалады. Оның арты қайғылы оқиғаға алып келуі әбден мүмкін, — дейді шаштараз.
15 жылдан астам шаштараз болып істейтін Майгүл түрлі біліктілік курстарынан өтіп, кәсіби білімін жетілдірген. Алғашында тұрақты клиенттерінің үйіне барып, шашын сәндеп берген. Бүгінде ол жеке сұлулық салонын ашып, 10 шақты маманды жұмыспен қамтып отыр. Ол шаш сәндеуден басқа, лашмейкер, тырнақ әрлеу, шугаринг сияқты сұранысқа ие курстарды оқыған. Әңгіме барысында шаштараз маманы биылғы трендтегі шаш үлгілерін тізбектеп айтып берді.
— Үнемі әдемі болу үшін қыз-келіншектер бет терісіне күтім жасап қана қоймай, шаш үлгілерін де жаңартуға тиіс. Биыл локон, каскад, пикси-боб, лесенка, асимметрия, табиғи және химиялық жолмен жасалатын шаш бұйрасы (биозавивка) сынды шаш үлгілері сәнде. Шаш үлгісі адамның бет-пішініне, жасына, шашының қалыңдығы немесе жұқалылығына қарай жасалады. Пикси- боб каре, асимметриялық шаш қию қысқа шаштыларға жараса кетеді. Бүгінде сұлулық салонына келетін жастардың дені кореялық стильдегі шаш бұйрасын жасатады. Шаш бұйралау (биозавивка) процесі 1-1,5 сағат уақытқа созылады. Шашты бұйралауға келген адамның шашы бұрын боялмаған болуға тиіс. Бұйралау химиялық жолмен жасалатындықтан, шаш табиғи қалпын сақтағаны дұрыс. Себебі боялған шашқа бұйра түсірсе, шаш табиғи реңкін жоғалтып алуы мүмкін. Егер шаш боялған жағдайда ол адамға табиғи жолмен жасалатын шаш бұйрасын ұсынамыз. Табиғи бұйра 3 айға дейін қалпын жоғалтпайды. Ал химиялық бұйралау 4-6 айға дейін шашқа көлем беріп, ұсақ толқынданып тұрады. Каскад шаш үлгісі кез келген ұзындықтағы шашқа келе береді. Каскадта әртүрлі ұзындықтағы шаштар кезектесе орналасады, яғни төбе жақтағы қысқа шаштардан бастап ұзындығына қарай бірқалыпты ауысып отырады. Аталған шаш үлгісі жұқа шаштың өзіне көлем береді. Каскад шаш үлгісіне кекіл қойсаңыз, ажарыңызды ашып тұрады, — дейді Майгүл Балкен.

Оның айтуынша, салондарда шаш қию бағасы орташа есеппен алсақ, 2-3 мың теңге тұрады. Қазір әйелдер түрлі түстердің қосындысымен шашты боятқанды ұнатады. Оған 8-10 мың теңге көлемінде ақша төлейді.
— Өзіне күтім жасайтын әйелдер, кем дегенде, шаштаразға айына екі мәрте келеді. Ондай әйелдер той-томалаққа, қонаққа шашын сәндетпей бармайды.
Егер, кешкі сән үлгісімен шашты сәндеп беретін болсақ, ол 5-10 мың теңге болады. Әйелдердің шашын қию бағасы ұзындығына байланысты 3,5 мың теңгеден басталады. Табиғи және химиялық жолмен жасалатын шаш бұйрасы (биозавивка) шаштың қалыңдығы мен ұзындығына қарай 6500 теңгеден басталса, күйдіріп бояу (сложное окрашивание)13-50 мың шамасында. Бір ескеретіні, шаш үлгісін жасатқан адам міндетті түрде базалық шаш күтімінің арнайы сульфатсыз сусабынын, сарысуы мен спрейлерін сатып алуға тиіс. Және шашты қатты ысқылтым сумен жуып, бірден кептіруге асықпау керек. Алдымен шашты сүлгіге орнап, бірнеше минут күтіңіз. Әдетте шашты бірнеше бөліктерге бөліп кептіреді. Негізінен, шашты орташа температурада кептіру шаш түсуінің алдын алады. Сондықтан шашты түбірінен бастап кептіру керек. Сол кезде шаштың ылғалдылығы ұшына қарай өтеді, — дейді шаштараз.
Шаш күтіміне ерекше мән беруіміз керек. Ол үшін мына қағидаларды естен шығармағаныңыз жөн:
— Салқын ауа райында, әсіресе қыс бен күзде шашты салқын сумен жуған дұрыс;
— Далаға шашты толық кептіріп барып шығу керек, әйтпесе ұштанып кетеді;
— Шаш кептіретін құрылғыны, шаш бұйралауға немесе тіктеуге арналған құралдарды қолдануды азайту керек;
— Шашты күнде жуу оны әлсіретіп жібереді, тез майлануға әкеледі;
— Қыста баскиімсіз жүрмеу қажет;
— Бастың қан айналымын жақсарту үшін күнде қолмен массаж жасап тұрған дұрыс.
Қолаң шаштың құпиясы неде?
Косметология, дерматологиядан бөлек, трихология саласын жетік меңгерген Жанна Ержанова 14 жылдан бері осы салада жұмыс істейді. Ол трихологтың қабылдауына барған әрбір емделушіге трихоскоп аппаратымен зерттеу жүргізеді. Содан соң ем-дом шараларын тағайындап, қандай сусабын пайдалану керектігін айтып, кеңес береді.
— Шашы мықты сиреген адамдар маман ұсынған кеңеске жүгінгені дұрыс немесе арнайы сусабындарды қолданса болады. Олардың құрамында шаштың қатаюына әсер ететін заттар бар. Ал дүкен сөрелеріндегі жай сусабындар шаштың сыртқы жағын әдемі көрсеткенімен, бас терісіне жағымсыз әсер етуі мүмкін. Сондықтан бас терісін арнайы әдіспен күніне екі рет уқалап, қан айналымын жақсарту қажет. Үй жағдайында түймедақ, алоэ, қалақай, жалбыз шөптерін қайнатып, суын тұндырып, шашты жуғанда қолданса болады. Олар шаштың түсуін тежейді. Қыз-келіншектерді кератинді түзетуге жоламауға шақырамын. Себебі оның құрамындағы химиялық заттар шаштың түсуіне әкеледі. Шашының шамадан тыс түсе бастағанын байқаған адам бірден трихологиялық тексеруден өтуі керек, — дейді ол.
Трихологиялық ауру түрлеріне себорея, құрғақ немесе майлы қайызғақ, псориаз, алопеция, атопиялық дерматит, себореялық дерматит жатады. Шаш аурулары жалпы асқазан-ішек жолдары, қандағы темірдің жеткіліксіздігінен, әйелдерде эндокриндік жүйелердің әлсіздігінен, ерлерде асқорыту жолдарының бұзылуынан пайда болады дейді трихолог.
— Шаш екі бөліктен тұрады. Біріншісі — терінің сыртына қарай өсетін шаш талшығы, екіншісі — терінің астындағы шаш түбірі. Ол қан жүретін тамыр, нерв жүйелері, май бездерімен тығыз байланысты. Егер аталған организм мүшелеріне зақым келсе, шашта түрлі аурулар пайда болады. Ғылымда шаштың түсуін «алопеция» деп атайды. Шаштың түсу себебін анықтау үшін әуелі сараптама жасау қажет. Негізінен, шаштың түсуі тұқым қуалайды. Бұдан бөлек дұрыс әрі уақтылы тамақтанбау, шаш күтіміне мән бермеу, қандағы темір деңгейінің жеткіліксіздігі, гормондық ауытқушылық, жиі күйзеліске түсу, өт жолдары мен асқазан жұмысының бұзылуы, эндокрендік аурулар да шаштың түсуіне себеп, — дейді Жанна Мұратқызы.
Трихологиялық емдеу әдістері
Трихологиялық емдеу әдістеріне бас терісін тазарту, тітіркенген жерлерді тыныштандыру, нәрлендіру, ылғалдандыру сынды ем-дом шаралары жатады. Оған оттегі инфузиясы, бас терісінің дарсонвализациясы, трихологиялық массаж немесе ультрадыбыстық зерттеу сынды процедуралар кіреді. Маманның айтуынша, шаштың шамадан тыс түсуі кезінде бас терісінің қанмен қамтамасыз етілуін жақсартатын емдеу шаралары қолданылады.
— Шаш түсуінің себеп-салдарын анықтайтын трихоскопия аппараты арқылы шаш ауруларын тексеру құны 2400 теңгеден басталады. Ол шаш талшықтарындағы ауруларды ультра-дыбыстық зерттеу секілді анықтай алады. Арнайы дайындықты қажет етпейді. Көптеген адам оларды профилактикалық түрде жасайды. Трихологиялық тексеру зерттелген аймақтарды бірнеше рет үлкейтуден және камерадан алынған кескінді талдаудан тұрады. Тексеру кезінде бас терісіне, шаш түбіріне (фолликулына) ерекше мән беріледі, — дейді Жанна Мұратқызы.
Трихологтің айтуынша, қазіргі кезде 18-ге толмаған жасөспірімдерде де ақ шаш бар. Ақ шаш, негізінен, тұқым қуалаудан, витаминдердің жетіспеуінен (В12), жиі күйзеліске түсуден, шылым шегуден пайда болады. Сондай-ақ бастың жиі терлеуі де, қайызғақтан арылмауы да шаш ауруларына жатады. Асқазан-ішек жолдары, эндокриндік және иммундық жүйенің бұзылуы да шаштың түсуіне сеп болатын көрінеді. Одан қалса экология, шашты дұрыс күтпеу, стресс, инфекция да әсер етеді. Адамның шашы күндігіне 50-ден-80 талға дейін түседі, бұл қалыпты жағдай дейді маман.
— Шаштың түсі қара пигменттерге байланысты түрленеді. Мұны көбі біле бермеуі мүмкін. Егер шаш құрамында меланиндер (қара пигменттер) мол болса, шаштың түсі де қанық болады. Ал пигмент дұрыс қалыптаспаса, шаш бірте-бірте ағарып кетеді. Пигменттер қараторы, қара шашты адамның шашында көп болады. Ал керісінше, қоңыр өңді, сары шаштыларда — аздау, аққұба, сары шаштыларда тіптен аз болады. Шаштың ағаруын тежеу үшін кокос майы пайдалы. Оны күнде ұйықтар алдында бас терісіне массаж арқылы жақса, жақсы әсерін тигізеді. Қазіргі таңда шаштың сиреген жерлеріне арнайы ем алып, өсіруге мүмкіндік мол. Тіпті шаш трансплантациясы арнайы жеке клиникаларда жүргізіледі, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



