Жүректерді жылытқан күн

Алғыс айту күні
Қалалық мәдениет сарайы және, қазақ зағиптар қоғамы, «Геолог», Қурайлы, Нокин мәдениет үйлерінің өнерпаздары ақтөбеліктерді Алғыс айту күнімен құттықтады. Олар адам көп шоғырланатын сауда орталықтарына барып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Іс-шара «Нұрдәулет» сауда орталығынан басталды. Алғыс керуенінің өнерпаздары мерекенің маңызын түсіндіріп, көпшілікке тәтті таратты.
— «Шын жүректен» атты Алғыс керуені 28 ақпанда басталды. Ең алдымен, Мәдениет үйінің өнерпаздары «Білім – инновация» мамандандырылған лицей– интернаты, «Атамекен-нан» нан комбинаты, №2 қалалық зауыт полиция бөлімі және жедел жәрдем станциясына барып, жұмысшыларға арнайы құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтар үлестіріп, жанды дауыста ән шырқады. Содан соң қаламыздағы «Нұрдәулет», «Алтай» сауда орталықтары мен «Анвар» гипермаркетіне арнайы барып, тұрғындарды атаулы мерекемен құттықтап қайттық. Алғыс айту — бірлік мерекесі. Сондықтан жыл сайын бұл мерекенің маңыздылығын өскелең ұрпаққа ұғындырып, жастардың бойына ізгілік қасиеттерін сіңіргіміз келеді, — дейді қалалық мәдениет сарайының әдіскері Нұрғазиза Маратау.
Алғыс айту күнінде сауда орталықтарына жиналғандардың қарасы көп болды. Бірі азық-түлік қамымен жүрсе, бірі жақындарына сыйлық іздеп шыққан.
— Алғыс айту күні жыл сайын елімізде кең көлемде атап өтіледі. Бұл мереке бірлікке үндейді. Мейрам қарсаңында қаламызда Алғыс керуенінің өтетіндігін әлеуметтік желілерден естіп, білген едім. Мерекелік іс-шараға балаларымды ала келдім. Қос ұлым жергілікті өнерпаздардың өнеріне тәнті болды. Сауда орталығынан құр шықпай, жақындарыма пайдалы әрі бағасы қолжетімді сыйлық сатып алдым. Айтулы күнде жақындарыма ізгі ниетпен сыйлық сыйлаймын, — дейді қала тұрғыны Асланбек Қабақов.
Содан соң Алғыс керуені адам көп шоғырланатын Орталық базар, Теміржол вокзалы, Ақтөбе халықаралық әуежайы мен Қарғалы тұрғын алабы, Есет батыр шағын ауданындағы «Анвар», «Дина» супермаркеттеріне барып, қала тұрғындарына сый-сияпат таратты.
Жиналғандар әншілермен бірге қосыла ән шырқап, көпшілікке таныс әуендерге би биледі. Тіпті рейстің келуін күтіп отырған жолаушылар өнерпаздардың өнерін ұялы телефонына түсіріп, жақындарына таратып та үлгеріп жатты.
«Қурайлы» мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Гүлден Ермұхамбетованың айтуынша, биыл Алғыс айту күні ерекше форматта өткізілген.
— Мәдениет үйінің артистері Тұрғындар қалашығындағы базарға, «Анвар», «Дина» супермаркеттеріне барып, әннен шашу шашты. Банк қызметкерлерін де мерекемен құттықтап, әрқайсысына естелік сыйлықтар үлестірді. Биыл Алғыс айту күні Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен, қала тұрғындарына ішінде құттықтау хаты бар дәм салынған сөмке мен магнитті күнтізбе тараттық. Әншілердің орындауындағы әндер мен шағын сыйлықтар қала тұрғындарын бейжай қалдырмай, көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны сөзсіз. Енді алдағы Наурыз мейрамында адам көп жиналатын алаңдарда мерекелік думан ұйымдастырып, тұрғындарға бауырсақ пен наурызкөже таратамыз, — дейді ұйымдастырушы.
Гүлден Ермұхамбетова бұл іс-шараның Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылғанын айтады. Жиналғандар арасында ұлттық киім киген Мәдениет үйі өнерпаздарының өнеріне ерекше риза болып, алғысын білдіргендер көп болды.
— Осы сәтті пайдаланып бауырларым мен достарымды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңыраққа құт-береке тілеймін. Атаулы күнде адамдарға мерекелік көңіл күй сыйлаған әншілерге ризашылығым шексіз. Әрбір адамды жылы сөзбен, әсем әнмен демеп, алғысқа бөлеудің өзі зор бақыт, — дейді әскери қызметкер Серік Әбіш.
Іс-шара «Мега-Шығыс», Жарық ауылындағы көтерме сауда базары мен Кеңес Нокин көшесіндегі ірі сауда орталықтарында жалғасты. Қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлаған бұл үрдіс келер жылы да жалғасын табады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.