Пікір

Табыстың тағы бір көзі

Еліміз егемендік алған жылдан бергі кезеңде кәсіп ашуға барынша мүмкіндік жасалуда.

Біздің қалталы бауырларымыздың арасында бәсекелесіп мейрамхана салу үйреншікті жайға айналды. Бізді мазалайтыны — сол іскер азаматтарымыздың ойына халық игілігіне деп, шипажай, пансионат, санаторий деп аталатын медициналық мекемелер салу келмей ме?

Көргенімізді айтайық, жақында Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданына барып, жаңадан салынған, қара балшықпен емдейтін «Орда Сығанақ» шипажайында емделіп қайттым. Еліміздің батыс аймағында Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан барған он бес адамбыз, әрқайсысымыз екі жүз мың теңгеден үш миллион теңге төледік.

Әлгі шипажай ғимараттары Батыс Қытай-Батыс Еуропа автокөлік дәлізінің құбыла бетінде тың жерге салынған, таяу маңда елді мекен жоқ, биылды қоса есептегенде төртінші жыл жұмыс істеп жатыр екен. Құрылтайшысы Асқар есімді азаматпен аз-кем пікірлескенімізде айтқаны — әлі атқарылар шаруа баршылық, «көш жүре түзеледі» деген, жағдайымыз бұдан да жақсарады деді.

Келушілерге жасап жатқан ем-домы: қара балшығымен әлденеше ауқымда сылап-сипайды, тұзды су ванналары бар, буын-буынды оңалту үшін осызамандық дәрі-дәрмекті, балауызды, ультратолқынды қондырғыларды қолданады. Асханасында тәулігіне төрт түрлі дәмді ас мәзірін ұсынады. Қабылдаған емімнің нәтижесі — он күнде екі келі салмақ қосыппын. Мәселе ішіп-жеуде емес, ем-домында.

Сәтімен жүзеге асырылған сапардан кейін ойға түйгенім — біздің облысымыздың қала-ауылдарында қалталы азаматтар көбейіп келеді, олардың қатарында зейнеткерлер, тіпті дәрігерлер де бар, жоғарыда мысалға алған Асқар бауырымыз сияқты шипажай салуды қолға алса орынды болар еді. Әңгіменің тұздығын еселейін, естуімізше Түркістан облысының Сарыағаш ауданында алпысқа тарта, одан беріде Жаңақорған өңірінде бес-алты шипажай қызмет етеді екен, тағы бірнешеуі салынып жатқан көрінеді. Сауабы мол мұндай кәсіптің тұрғылықты халыққа берері көп, әрі қосымша табыс көзі.

Оқырман біздің өңірде шипажай салуға қай жер ыңғайлы деуі мүмкін. Өзім туып өскен Шалқар ауданы Кеңес Одағы тұсында минералды суымен танымал болған еді. Тіпті Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қалаларынан арнайы ғалымдар келіп, зерттеу жүргізді, ғылым кандидаттығына, докторлығына диссертациялар қорғады, Шалқар қаласында тұрақтап, минералды су өндіретін цехта жұмыс істегендері де болды. Еліміз егемендік алған соң олар тарихи отанына қоныс аударды. Шипалы бұлақ өзіміздің меншігімізге ауысты, ренішті жай — тамаша байлыққа иелік етіп, кәдеге жаратушылар жиі ауысып, ақырында жабылып тынды.

Бұған қоса Шалқар аймағында Қорғантұз, Тоқпан, Бейіс, Балғасын, Қошқарата, аудан орталығына таяу маңда Ақтұз деп аталатын тұзды көлдер бар. Жыл сайын жаздың ыстық кезеңінде осы тұздарға арнайы сапар шегіп, емделушілер қатары сиреген емес.

Бір кездері Ембі қаласының іргесіндегі Миялыкөлдің маңында (Шевченко ауылы) шипажай салынады деген әңгімені де естігенбіз. Ол да сап тиылды. Жалпы, біздің облысымыздың аумағында шипажай салуға болатындай мекендер жетіп артылады. Біз осы мақаланы жазу арқылы атқарушы билік органдарының, зерделі кәсіпкерлердің назарын аударуды жөн санадық. Жан-жақты сарапқа салып, игілікті шаруа атқаруға болатындай.

Кенжебай СҮЙЕУМАҒАНБЕТҰЛЫ,

еңбек ардагері.

Қандыағаш қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button