ЖеңісМәдениет

ЕСКЕРІЛУГЕ ТИІС ЕРЛІК

Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жауынгерлердің батырлығы мен еңбегін ұмытпай, өскелең ұрпаққа насихаттау — маңызды міндет. Облыстық ардагерлер кеңесінің пленумында осы мәселе қаралды.

Жиында аға буын өкілдері Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық барысын талқылап, жерлес майдангерлердің есімін ардақтады.

Ұлы Отан соғысына 122 мыңнан астам ақтөбелік аттанып, олардың 36 мыңға жуығы майданнан оралмады. Ерліктері үшін 35 ақтөбелікке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, 9 жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Бүгінде  облыста бір ғана Ұлы Отан соғысының ардагері қалды. Ол — Хромтау ауданының тұрғыны Василий Грецкий. Сонымен қатар 2 280 тыл және 1886 соғыс ардагеріне теңестірілген азамат тіркелген.

Сондай-ақ жиында ерлігі лайықты бағаланбаған 9 ақтөбелік жауынгерді жоғары марапатқа ұсыну мәселесі көтерілді.

Былтыр қазанда ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысында Жеңістің 80 жылдығына дайындық мәселесі қаралып, құрамында 23 адамнан тұратын арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Бұл топтың отырысында соғыста нағыз ерлік көрсетіп, бірнеше орден-медальмен марапатталған тоғыз майдангер жерлесіміздің ұрпақтарының өтініштері қаралды. Өтініштерде батыр майдангерлер — Қуанай Әбдірахманов, Елеу Сағынов, Ақби Рақов, Мұқамбетқали Сарбасов, Назарбай Сүндетбаев, Қияқбай Жарықов, Сайым Балмұханов, Халида Маманова, Бақберген Баешевтердің есімін ұлықтау мақсатында оларға «Халық Қаһарманы» атағын беру, қала, ауыл көшелеріне, саябақтар мен мектептерге есімдерін беру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институтына бір батырдың есімін беріп, ауласына ескерткіш қою, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы «Батырлар аллеясына» ескерткіш тақталар орнату, батыр жауынгерлеріміздің ерліктерін жас ұрпаққа насихаттау үшін мектеп оқулықтарына енгізу ұсынылды. Осы мәселеге қатысты тиісті тарихи деректер мен құжаттар жинақталып, республикалық ардагерлер ұйымының Орталық кеңесіне, облыс әкімдігіне, Ақтөбе және Алматы қалаларының, сондай-ақ аудан әкімдеріне ұсыныс хаттар жолданды. Қазіргі таңда бұл ұсыныстар Қазақстан Қорғаныс министрлігі, Үкімет және жергілікті мемлекеттік басқару органдары деңгейінде қаралып жатыр. Ұсыныстар ел Үкіметінің былтыр  31 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» іс-шаралар жоспарымен үндесіп отыр. Сондықтан майдангер жерлестеріміздің ерліктерін ұлықтау бағытындағы ұсыныстардың жақын арада қолдау табатынына сенім мол, — деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов.

Қобдалық Ақби Рақовтың ерлігі туралы көп жазылып жүр. Оның зайыбы Клаура Баймұратова да ерінің артынан соғысқа аттанған.

Ақби Рақов — екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ танкистерінің бірі. Ол 18 жасында майданға өз еркімен аттанып, Орынбордағы танк училищесінде білім алып, лейтенант шенін алған. Кейін Украина майданына жіберіліп, 1943 жылы Днепр шайқасында ерекше батырлық танытқан. Ауыр жараланып, тұтқынға түскен ол концлагерьде азап шеккен. Соғыстан кейін Сталиннің тұтқынға түскен жауынгерлерге деген сенімсіз саясатының салдарынан сүзгі лагерінен өткен. Донбасс шахталарын қалпына келтіру жұмысына жіберілгенімен, кейін КСРО Қорғаныс министрлігінің тексерісі оның майдандағы ерлігін толық растады. Алайда соғыста алған ауыр жарақаттары оның өмірін қысқартты. Ақби Рақов 1949 жылы, небәрі 26 жасында дүниеден өтті.

Жерлесіміз Ақби Рақовтың есімі кеңінен танымал болмаса да, ерлігі ел жадында қалуға тиіс. Соғыста Кеңес Одағының Батыры атағына лайықты ерлік жасаған азаматтар жалғыз ол емес, баршылық. Дегенмен бұл жауынгерге Батыр атағын беру — халықтың тілегі, — дейді Қобда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Кереймағанбетов.

Жиынға соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлердің ұрпақтары мен жанашырлары да қатысты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button