АНСАМБЛЬДЕР ШЕРУІ

Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастырумен «Ансамбльдер шеруі» өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған концертте қалалық мәдениет сарайы, қазақ зағиптар қоғамы, Сазды, «Геолог» және Нокин мәдениет үйлерінің жанынан құрылған ансамбльдер өнер көрсетті.
Қалалық мәдениет сарайында өткен концертте ансамбль өнерпаздары қазақ, өзбек, қырғыз, үнді, удмур тіліндегі және түркі тілдес халықтардың шығармаларын орындап, қобыз, жетіген, шертер, фортепиано, аккордеон, баян, флейта, кларнет, скрипка, виолончель, гитара аспаптарында өнер көрсетті. Мәдениет үйінің бишілері мың бұрала билеп, кештің көркін аша түсті.
Ансамбльдер шеруі «Әлия гүлі», «Серпін», «Атамекен-Асылым», «Ақмаржан», «Шабыт», «Арай», Қазына» сияқты өнер ұжымдарының концертіне ұласты.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



