Ойылдың Зейнолласы
Тағылым
Әріптесім, қобдалық журналист Балнияз Ажниязов, бір кездескенімізде менің алдыма бүгінде шежіреге айналған суреттерді жайып салғаны бар. Соның ішінен бір сурет көзіме оттай басылды. Ол суретте марқұм Зейнолла ағамыз 1960 жылы Мәскеуде өткен Бүкілдүниежүзілік жастар фестивалінде қазіргі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге түскен екен. Кезінде жарты әлемді дүр сілкіндірген бұл басқосуға Нұрсұлтан Әбішұлы Қарағандыдан жас металлург, ал Зейнолла ағамыз Ақтөбе облысының Ойыл ауданынан жастар жетекшісі ретінде қатысыпты. Әрине, мен жерлес ағамыздан мүшел жастан артық кіші болғандықтан, оның өмірінің бастапқы кезеңдерін толық біле бермейтінім заңды ғой. Бірақ кішкентай ғана Сарбие деген бір орысы жоқ қазақ ауылында өсіп, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда Мәскеудің И.В.Сталин атындағы болат қорыту институтында оқып, үш мыңдықшылардың қатарында сол туған ауылына келіп, жиырма жастың о жақ, бұ жағында, ұжымшар төрағасы болғанын, одан кейін аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланғанын естігенмін. Мына сурет сол жылдардан хабар береді.
Ал алпысыншы жылдардың орта шенінен бегі қарайғы ел үшін еткен еңбегін өзіміздің де көзіміз көрді. Бұл кезде мен аудандық газеттің қадамын енді бастап жүрген журналисі едім. Ойыл өресінде Зейнолла Сағиевті білмейтін бұл тұста үлкен де, кіші де жоқ. Алдында ғана Қобдаға қосылып, қайта ашылған Ойыл аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары. Лауазымды қызметтің салмағының да заманына қарай болатынын енді түсініп жүрмін. Ол кезде бұл үлкен қызмет болатын, ауданның екі-үш басшысының бірі, өзінің орны, салмағы бар тұлға. Қазір ғой орынбасар дегеннің қадірінің кеткені, бары-жоғы білінбейді. Қандай азаматтар жасап жүр дегенде, есімдері де есіңе түспейді.
Бүгінде ауданның бірінші басшысы бітіре алмайтын көп шаруаларды Зәкең ағамыздың өзі шеше беретін. Мәдениет, тұрмыс, сауда, жол құрылысы салаларына басшылық жасады. Ауданның бұл аталған шаруаларының қай-қайсысы да облыста бірінші орында тұруға тиіс деп есептейтін адам еді. Сол үшін күресіп, жан салып жұмыс істеді. Әрине, оның бәрін қамтып айту маған оңай болмас, өзім куә болған бір-екі саланы ғана әңгімемнің арқауын айналдырайын.
Зәкең, әсіресе, ауданның мәдениетіне қатты мән берді. Клуб, автоклуб, мәдениет үйі, халық театры, көркемөнерпаздар үйірмелерінің жұмыстарын ауыл, аудан емес, аймаққа үлгі болатын дәрежеге көтерді. Құм арасында жатқан құйттай ауылдардың да тұрақты көркемөнерпаздар үйірмелері, ұлттық музыка аспаптары болуын талап етті.
— Аталарымыз «Ойылдың бойы — ән мен жыр» деп бекер айтпаған. Біздің өңірдің өнерпаздары еш жерге дес беруге тиісті емес,— деп отыратын. Өнердің қадірін білуінің реті де бар еді. Өйткені өзі де жастайынан өлең жазған ақын, домбыра ұстап ән салған сал-серілердің ауылынан болатын. Осы қасиеті оны өнерпаздар қауымына, ақын-жазушыларға, қыз-қырқынға жақын етіп отырды. Аудан өресіндегі өнершіл топты уысында ұстағаны өз алдына, республикамыздың астанасы – Алматы қаласында тұратын біраз белгілі ақын-жазушылармен де жақын араласатын.
Соның нәтижесі, 1966 жылы Ойылға Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев, Ғаббас Жұмабаевтар келді. Аудандық Мәдениет үйінде, сол кездің өзінде есімдері елге әйгілі болған ақындармен оқырмандардың кездесуі өтті. «Тірі ақындарды» сонда тұңғыш рет көріп, кітаптарына қолтаңба жаздырып алғанымды мен әлі күнге дейін ұмытпаймын. Марқұм ағамыздың алғырлығына адам ілесе алмайтын. «Бір оқпен екі қоян атуға» шебер Зәкең ақындарды ауданға тек кездесуге, ішіп-жеп кетуге шақырмаған екен. Қуандық ағамыз сол кездегі ең көркем, түрлі-түсті болып Алматыдан шығатын республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналының жауапты хатшысы еді. Сол сапардың қортындысымен журналдың бір номері тұтастай Ойыл ауданының мәдениеті мен өнеріне, тұрмысына арналды.
Ол кезде бір қалыптасқан жақсы дәстүр бар еді. Араға жыл салып ауылдарда, аудандарда көркемөнерпаздар фестивалі өтетін. Соның нәтижесімен бұл өнер додасы облыс орталығында жалғасатын. Соғысқа дейін-ақ Нұрсұлу Тапалова сынды одаққа белгілі биші, Жалғасбай Мақанов, Жаулыбай Қазтуғановтай әнші-термеші, Бәтіш Дәденовадай домбырашы шыққан, өнері ерте орда тіккен Ойыл өңірі облыста фестиваль өтсе болды, бірінші орын алып отырған. Ауданның осы тұғырдан түспеуін мақсат еткен Зәкең ағамыз бұл шаруаның тізгінін ауданның басшылығына келген күннен бастап өз қолына алады.
Соның бір көрінісі, 1967 жылы көктемде өткен облыстық фестивальға ерекше дайындық жасалды. Себебі, бұл жолғы өнер байқауы Ұлы Октябрь революциясының 50 жылдық мерекесіне арналып өткізілетін болды. Сондықтан Зәкең намысты қолдан бермеуге бар күшті салды. Ауданның бүкіл саяси-көпшілік, ұйымдастыру, шаруашылық жұмыстарын осы шараға бағыттады. Алдын ала фестивальдің жоспар-жобасын, сценарийін өзі жазып, оны мүлтіксіз орындауға кірісті. Облыс орталығындағы өнер додасына ауданнан 100 қыз, 100 жігіт баратын болды. Осы құрамда домбыра оркестрі және хор құрылды. Оны дайындау үшін үш ай бұрын Ақтөбе мәдени-ағару техникумын енді бітіріп жатқан ойылдық талантты жас өнерпаз, дирижер Болат Қонақбаев ауданға шақыртылды. Өзі аяқтай жүріп, екі жүз қыз бен жігітке Алматының арнайы ұлттық киім тігетін фабрикасынан бірыңғай үлгідегі концерттік киімдер тіккізді. Қызылды-жасылды, сарыала, мың сан құбылған қира мақпал мен пүліштен, жібектен тіккен камзол, бешпент-шалбар, қос етек көйлек, қызыл шегірен етік сынды ұлттық киімдерді алғаш рет біз сонда көрдік. «Адам көркі — шүберек» деген рас екен. Жүз қыз, жүз жігіт осы киімдерді киіп сахна төріне шыққанда жайнап жанып жүре берді. Онсыз да талайдың мысын құртып жүрген арулар біржола хор қызына айналып, бұрын жігіт-желеңнің көзіне түсе бермейтін «жаман қыздар» көктен бүгін түскендей ажарланып шыға келді.
Әуелі Ойылдың, кейін Ақтөбенің орталық көшелерімен жүргенімізде қайырылып қарамаған жан болмады. (Ол кезде солай халыққа көрсетіп салтанатты шерумен алып жүретін үрдіс бар еді). Ұлттық оркестрдің күллі аспаптары астанадағы шеберханадан су жаңа күйінде алдырылды. Асанқайғы, Мұраттан бастап, берідегі Қызыл әншіге дейін ежелгі Көкжар жері туралы жыр-толғау баршылық, бірақ, бұған қоса, Зәкең 200 адам орындайтын хордың репертуарында Ойыл туралы қазіргі заманғы арнайы ән болу керек деп шешті. Оны кәсіпқой композиторларға жаздыру үшін өзі күн ілгері Алматыға аттанды. Сол жақта жата-түстене жүріп, ақын-жазушылардың, композиторлардың тілін тауып, «Ойыл вальсін» жаздырып әкелді. Оның өлеңін Қуандық Шаңғытбаев, музыкасын атақты композитор Әбілахат Есбаев жазған. Әрине, қай кезде де ақын-композитор деген халық тегін жұмыс істемейді, ағамыз көңілін тапқан ғой…
Осындай кең көлемде дайындықпен келген Ойыл көркемөнерпаздарының концерті табысты өтті. Облыстық байқауда хоры да, домбыра оркестрі де бірінші орын алды. Жалпы есеп бойынша да бас жүлдеге ие болды. Өнерлерінің өте биік теңдесі жоқ болғаны ғой, 200 қыз бен жігіт қатысатын домбыра оркестрі мен хор, фестивальдан кейін бір аптадан соң, Ақтөбеге жұмыс сапарымен келетін Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамбет Қонаевты күтіп жатты. Димекеңнің қатысуымен болған ойылдықтардың концерті теміржолшылардың Мәдениет үйінде өтті. Көрермендер залға сыймай, көрген де арманда, көрмеген де арманда болды.
Алайда осынша еңбек сіңіріп, Ойылдың өнердегі даңқын соншалықты асқақтатқан ағамыздың қуанышын қазақтың іші тар, күншілдігі ұзаққа жеткізбеді. Арада жыл өтпей жатып, жоғарыға «домалақ арыз» жазылып, тексеру көбейеді. Әрине, сонша ұлттық киім, музыкалық құрал-жабдық, манағы арнаулы жазылатын ән, өнерпаз қауымның облыс орталығына бару-келу шығыны тегін болмайтыны белгілі емес пе? Зәкең мұның бірсыпырасын сол көркемөнерпаздардың өздеріне Ойылдың ауылдарын, көршілес аудандардың халқын аралатып, ақылы концерт қойып, сонымен өтеткен екен. (Қазіргі заманда туатын адам ғой!). Оған мекемеде есеп жүргізілген де, аудандық қаржы басқармасына тіркелмеген. Міне, осы факт бәле болып жабысады. Соның негізінде облыстық газетте «Қайран ақша, жолда жатса!» деген фельетон жарияланып, бұл мәселе ушыға түседі. Кеңес өкіметінің тоңмойын саясатының бір кемшілігі — икемделу дегенді білмейді. Ішілген-желінген ештеңе жоқ, бәрі аудан халқының игілігіне жұмсалды дегенге сенбейді. Қаржы ережесі бұзылды ма, болды, қылмыс деп біледі. Әне, сөйтіп, іскер басшы ішпей-жемей зәбір көрді, қызметінен төмендеді.
Төмендегенде де, ешқайда кеткен жоқ, сол Ойылда, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, №196 Ойыл кәсіптік-техникалық училищесінің директоры болды. Қоғам еңбегімді зая етті-ау деп мойымай, туған елін көркейтуге бағытталған кіршіксіз қызметін жалғастыра берді. Осы жерде бір оқиға есіме түсіп отыр. Жетпісінші жылдардың іші еді. Аудандық партия комитеті бірыңғай саяси күн өткізіп, маған Аманкелді атындағы кеңшарға баруға тапсырма берді. Астымда көлігім болмағандықтан, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Зейнолла ағамызбен саптасып баруды ұсынды. Алдын ала телефон соғып, ағамызбен келістім. Қыстың іші еді. Күн керемет боран, сақылдаған аяз. Дегенмен, уағдаласқан сағатымда ағаның үйіне келдім. Мен бұған дейін талай бірге жүргенмен, ағамыздың үйінде болып көрмеген едім. Шарбағына кірсем, жедел жәрдем үлгісіндегі «Уаз» автокөлігінің астында Зәкең әлдебір жерін жөндеп жатыр. Сол күйінде сәлем алды да, «Ішке кіре бер!» деді. Баяғы Көкжар жәрмеңкесі кезінде кірпіштен салынып, қарағаймен қапталған көне үйдің бір бөлмесіне ендім. Көзіме бірден шалынғаны — үй іші толған бала. Қолдарында бір-бір тостаған, алюминий қасық, үпірлеп-шүпірлеп сүйегімен қуырылған қуырдақты соғып жатыр. Мал етіне ұқсамайды. Сөйткенше соңымнан ағамыз да жетіп:
— Түнде қоян атып әкеліп едім. Қуырдаққа оң келдің. Отыра қал! — деді. Ішер асын жерге қоятын аңшы деп естуші едім. Келіні, інісі Теңелбайдың келіншегі Мария балалардың алдындағыдай алюминий тостаған мен қасықты менің алдыма да қойды. Толтырып қуырдақ салды. Айналама қарап, «Мұнша қуырдақ болу үшін қанша қоян ату керек?» деп ойлап қойып, алдымдағы жеңсік асты соғып отырмын. Ағамыздың он баласы барын, зайыбы, біздің ұстазымыз Талай апамыздың Батыр ана екенін сол жолы алғаш рет білдім. Бастықтың үйі дейтін емес, тым жұпыны тұрады екен. Еденге дейін жалаңаш.
Қуырдаққа тойып, далаға шыққан соң, түтеп тұрған бораннан қаймығып, енді жол жүруге зауқым соқпай тұрды. Манағыдай емес, беделді адамға да бойым үйренген, «Аға, көліктің жағдайы қалай?» деп сұрап қоямын.
— Оның несін сұрайсың?— дейді ол. — Нешебір жылғы шірік қой. «Задный мост» жасамайды, «передокпен» жүрмін.
— Ойбай-ау, қыс ішінде далада қалмаймыз ба?— деп, мен шошып кеттім.
Сонда ағамыз маған біртүрлі мүсіркей қарағандай болып:
— Ау, нағыз жігіт жолдан қорқа ма? Ер азамат қайта осындай кезде өршелене түсу керек қой. Қазір жүріп кетеміз!— деді.
Үлкен кісіге енді не айта аламын, кете бардық. Біраз қиыншылық көріп, тоңғанымыз өзімізге олжа деп, шаруамызды бітіріп, бір аптадан соң үйге оралдық-ау, әйтеуір.
1978 жылы Зәкеңнің жолда жүріп қайтыс болғанын естігенде, осы оқиға есіме түсті. Онда мен тіпті алыста, туристік сапармен Болгарияға барып, Мәскеуге оралып келе жатыр едім. Оқиғаны жол үстінде естідім. Болған жай күні бүгінгідей есімде. Күніне дейін білемін — 22 қазан. Сол күні тек Ойыл емес, Ақтөбе өңірінде әлде бір ауа соғып, ауа райы аяқ астынан бұзылып, боран болады. Осы кезде Зәкең ағамыз өзінің туған ауылы Сарбие жақта жол сапарда жүр екен. Түн ішінде «Ойылға барып жатамын» деп, ауылдастарының қарсылығына қарамай, жолға шығып кетеді.
Жол үстінде байырғы сырқаты білінеді. (Соңғы жылдары қант диабеті сырқатымен ауыратын). Сірә жағдайының ауырлығын сезінген болса керек, жолдан елсізге қарай шығып, маялап үйілген үлкен іскірттің жанына көлігін қойып, өзі шөпті кеулеп ішіне кіріп жатады. Қол орамалын таяққа байлап, іскірт сыртына шаншиды. Іздеушілер ертесіне сол орамал арқылы тауып алады…
Зәкең ағамыздың өлімінің өзі де қайсарлығы мен бірбеткейлігін көрсететін еді. Алайда соның өзінде боранға ұшып өлді деуге мүлде болмайды, бойға жабысқан ауыр дерттің, тура келген ажалдың салдары. Әйтпесе, біз білетін ағамыз ажалға оңай мойын ұсына қоятын адам емес еді.
Елуге де жетпеген, қамшының сабындай қысқа ғұмырында артына еңбегімен із қалдырып, «Ойылдың Зейнолласы» атанған ағамыз елдің есінде қалды.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.



