МәдениетӘдебиет

Анаға хат

Мұхтар ҚҰРМАНАЛИН

Ана

(қысқарған нұсқа)

Күлімдесем көңілімде гүл көктейді,

Болсын бүгін қуанышым көп мейлі.

Бала кезде бастан кешкен бір жағдай,

Есейсем де әлі есімнен кетпейді.

 

Қатал қысқа көрсете алмай қарсылық,

Бір жағынан отынымыз таусылып.

Әке-шешем және әпкем — төртеуміз

Жер кепеде тұратынбыз тар, суық.

 

Дөңбекшумен түні бойы зар қаққан,

Тәулігіне талықсып бір нәр татқан.

Әкем байғұс күзден бері күркілдеп,

Төсек тартып жатқан ауыр сырқаттан.

 

Жадау тұрмыс алса-дағы жағадан,

Алғы күнге үміт арта қараған.

Біздің үйдің бас көтерер адамы —

Жоқшылыққа мойымайтын жан анам…

 

Бір күні мен

Өзіме-өзім өкпелеп,

Қайттым үйге: «Түбіме ойын жетті» — деп.

Бітіріппін бәтеңкемнің саудасын,

Кешке дейін киіз допты тепкілеп…

 

Сыртта — қалың сірескен қар, жел баяу,

Жас та болсам білем, керек жанды аяу.

Күйінгеннен жата қалып жыладым,

— Оқуыма қалай барам, ойбай-ау!

 

Біздер үшін бастан кешіп күй мұңлы,

Тізе бүкпей өткізетін кей күнді.

Жалғыз ұлын жұбатуға асықпай,

Мұндай сәтте шыдай ма ана мейірімді?

 

— Ештеңе етпес, аман болсын өз басың,

Көрсетпеші, қандай ауыр көз жасың?

Ел іші ғой, ескі-құсқы табылар,

Айналайын, алма әкеңнің мазасын.

 

Осылайша анам мені жұбатты,

Алдаған жоқ орнатам деп ұжмақты.

Құласам да, жыласам да бәріне

Секілді тек жалғыз өзі жауапты.

 

Басқа амалы болмады ма, не керек,

Ертеңіне тұрғызды да ертерек.

Арқалаған күйі мені жолсызбен,

Мектебіме тартты тура, төтелеп.

 

Осал бөгет емес екен омбы қар,

Түнде бітеп тастапты сай, жолды бар.

«Аяз мықты, қымта шетін көрпенің, —

Деп қояды, — беті-қолың домбығар».

 

Байқап басып келе жатыр ақырын,

Жеткізетін емес екі-үш шақырым.

Енді білдім бәтеңкенің қадірін,

Енді білдім ата-ананың ақылын.

 

Көрші ауылға бала арқалап баратқан,

Бұл кім дей ме —

Қайсыбіреу қарап таң.

Анам колхоз шаруасынан қалмады,

Мені-дағы қалдырған жоқ сабақтан.

 

Қысы-жазы қамыс орып, дестелеп,

Білегіне дарыған ғой күш бөлек.

Бастан асып жатса-дағы бейнеті,

Мені қайта алып кетті түсте кеп.

 

Жүгірер ем жалаңаяқ болмасам,

Кетер екен деймін мына қар қашан.

Күнде осылай тұра салып төсектен,

Ақ мамамның арқасына жармасам.

 

Табиғатқа бас иместен ол күшті,

Боранымен, жауынымен жұлқысты.

Жеңілмеді,

Жеңді бәрін жан анам,

Мені арқалап өткерді ақыр сол қысты…

 

Ізтай МӘМБЕТОВ

Өгей шеше

Анам жоқ! Қалдым жетім, жас моншақтап,

Он төрттен жаңа ғана асқан шақта-ақ.

Көп өтті көңілсіз күн керуені,

Кенет кірдің cен үйге жасқаншақтап.

 

Жатырқап сонда саған кілт қарадым,

Жабылған болар жайсыз бұлт-қабағым.

Үндемей қалғанымды көрсе-дағы,

Жанына үңілмеді жұрт баланың.

 

Дөңбекшіп көз ілмедім түніменен,

Жетті деп «Өгей шеше күні» деген.

Елестеп туған анам жарқын жүзі,

Қалықтап кетпей қойды үні менен.

 

Сәл ұйықтап қалған екем таң алдында,

Ояттың: «Бар, — деп, —

Ізтай, сабағыңа!»

Дір етті алғаш сонда бала жүрек,

Бір сезім жалт еткендей жанарыңда.

 

Сан рет шұғыла шашып шығыс таңы,

Апталар айды қуып жылыстады.

Шешіліп сөйлеспестен жүрдік ұзақ,

Әке де аңдамады жұмыстағы.

 

Ұмытпан інім мені шақырғанын,

Жығылып, жасын төгіп жатыр жаным.

Есімде сен де сол сәт жетіп келіп:

«Апыр-ай, қарағым!» — деп аһ ұрғаның.

 

Мен үнсіз екеуіңе қарап едім,

Тұрғызып, жұққан шаңын қаға бердің.

Сипадың маңдайынан еркелетіп,

Сонда алғаш келді сені ана дегім…

 

Есімде алыс жолға аттанғаным,

Онда да саған сырды ақтармадым.

Өз анам өскенімді көрмеді-ау деп,

Жанымда жабырқаулы жатты арманым.

 

Жасырды көз жасымды алагеуім,

Бір сүйіп маңдайымнан қала бердің.

Мен кеттім, ізіме үнсіз тұрдың қарап,

Сонда алғаш іштей сені ана дедім.

 

Аузынан жырып алып сары шалдың,

Барыңды маған сақтап, маған салдың.

Сағынып жүрдім сені, өзім сезбей,

Жаныңа тез жетуді сан аңсадым.

 

Өзіңмен көрісуге құмарландым,

Бітердей көңілдегі бар арманым.

Сағынған жас жүректің жалынымен

Сонда алғаш «Анажан!» деп жыр арнадым…

 

Қуандың өскеніне талабымның,

Қуандым, құрбылардай аналы ұлмын.

Бір ыстық дәстүрі ғой туған жұрттың,

Баламды бауырыңа алып, бала қылдың.

 

Жан анам көз жұмса да ерте менің,

Құрбымның қатарына сен теңедің.

Сен-дағы өз анамсың, өгей емес,

Келеді кеш болса да еркелегім.

 

Сағи ЖИЕНБАЕВ

Сен жақта Шолпан жұлдыз тұр ағарып,

Сен жаққа қарай берем құмарланып.

Сен жаққа асығады асау өзен,

Құзынан көкірегімнің құлап ағып.

 

Дарияның ақ жүзігін ала қашып,

Көп толқын барады, әне, жағаласып.

Тулаған толқын емес, илан, жаным,

Жүрегім ол да менің саған ашық.

 

Әндетіп аспан деген теңізбенен,

Барады құстар ұшып көл іздеген.

Құс емес, көлбеңдеген көк айдында

Көңілім ол да менің сені іздеген!

 

Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ

Назым

Күзеуде шөптің басы қыраулаған,

Күз еді… тырна көші тыраулаған.

Мен онда қара жаяу жолаушымын,

Ауылынан Қыз Назымның жыр аулаған.

 

Ауылынан Қыз Назымның сыр аулағам,

Сол жылдар сағыныш боп жүр-ау маған.

Күз де жоқ, күзеу де жоқ, тырна да жоқ,

Басым бар қыс аязы қыраулаған.

 

Тағдырдың тарам-тарам жолдарында,

Қорған боп қорғадың да, қолдадың да.

Қыз Назым екендігің аян сенің,

Мен Қамбар бола алдым ба, болмадым ба?

 

Болмасам, бола алмасам, кеш, қарағым,

Есепсіз ерлігіңді еске аламын.

Есенбай өмір бойы жыр әлдилеп,

Бесігін сен тербеттің бес баланың.

 

Бақытты еттім бе әлде етпедім бе?

Мұратқа жеттің бе әлде жетпедің бе?

Бар малым баққан менің Өлең болып,

Шаруаның сен ұстапсың кетпенін де.

 

Тар шақта салғыласып, даурықпаған,

Табылмас өзіңдей ақ жаулық маған.

Кейде бір еркектікпен кейіп алсам,

Ауыр сөз айттым-ау деп ауырып қалам.

 

Тұрмыстың болар-ау деп түбі шүлен,

Үй тіккен үйелмен ек үмітінен.

«Назымның шалы» дейді енді мені,

Кеп-кеше сенің ақын жігітің ем.

 

Білмеппін қарттық жақтан жел тұрғанын,

Зу етіп ерке дәурен, еркін жазым…

Ұштасқан үш тілектей үш белесің —

Қыз Назым, келін Назым, кемпір Назым!

 

Жанар НҰРҒАЛИ

Ана сағынышы

Күттірдің ғой көп,

келсеңші, бала.

Түсіме күнде

енсеңші, бала.

 

Жүрсің бе, сенбен,

сағынбай, бала?

Сағыныш менде —

жалындай, бала.

 

Қаннен-қаперсіз,

асықпай бала…

Жүр ме екен өзге,

жасытпай, бала?

 

Көрмесе бір сәт,

өбетін бала.

Көзімнен мұңым —

көретін бала.

 

Тіледім Тәңір,

қосқанын, бала.

Алаңдап  күн-түн —

тосқаным — бала.

 

Индира КЕРЕЕВА

Анаға хат

Түсуге әзір мен деп орға, торға да

Мені өмірде кешіретін де — сол ғана.

Мендік тағдыр өмірінің өзегі,

Мен қадірін ұқпай келем сонда да…

 

Әжімі оның — ұлы өмірдің іздері,

Өзін емес, мені ойлайды түздегі.

Шалыс басып, сүрінсем де тірліктен,

Сол ғана тек…

Менен үміт үзбеді…

 

Маған ғана арналады бүгіні,

Маған ғана арналады ғұмыры.

Өмірімнің тұмарына айналған,

Әлдиі мен жүрегінің жылуы.

 

Ершат ҚАЙБОЛДИН

Ақтаудың қызы

Ақтаудың қызы, қалайсың,

Тұрсың ба қарап теңізге?

Телміріп неге қарайсың,

Теңіз де менімен егіз бе?

 

Түсірме, жаным, еңсені,

Емеспін саған мен бөтен.

Сен аққусың ғой,

Мен сені

Теңіздей толқып тербетем.

 

Жүрегімізде — егіз мұң,

Тілегіміз де егіз бе?

Жалғызсырасаң, теңіздің

Жағалауынан мені ізде…

 

Мен Ойыл болып туылғам,

Сен аққу болып қал енді.

Айдын мен аққу бұрыннан,

Біріне-бірі тәуелді.

 

Менімен мәңгі болсаңшы,

Шалғайға кетпе, шаттығым.

Ойылға келіп қонсаңшы,

Ойымда жүрген аққуым!

 

Дәурен ТІЛЕУХАН

Ана

Жан адамға жазығы жоқ жаны ізгім,

Саған арнап гүл мұңымды тағы үздім.

Кеткім келмей сенен алыс жолдарға,

Көп түндерге көз жасымды тамыздым.

 

Маңдайыңда — шер-уайымның табы анық…

(Қайрылмайды-ау қатыгез күн қабарып.)

Қанатыңды жаралаған жалғанға

Мен келгенмін маңдайыңнан жаралып.

 

Сөнбеуі үшін бір шапағат білтелі —

жұттың қайғы…

білмейді, әттең, жұрт оны.

Саусағыңнан саулаған сол Мейірім,

Маңдайыма қонған Мұңды сүртеді.

 

Бейқам күннің бақшасында көктесем,

Ойлар мүжіп осынша азап шекпес ем.

Безіп кеткім келген мынау өмірге,

Өзің үшін қаншама рет кетті есем.

 

Жалғанды да жауар бұлттай түнерген,

Сен емес пе ең жадыратып жіберген?!

Қайтсе де осы қоңыртөбел тірлікті,

Ешкім сендей сүйе алмайды, білем мен!

 

Жылдар анау, жымысқы өмір тонаған…

Сол Өмірде сенен мықты жоқ адам —

Аспаннан да ауыр мұңды арқалап,

Жазмыш жолда жығылмаған Жан анам!

(Бол аман!..)

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button