«Алтын ине» сайысы өтті

Қарғалы ауданында аудандық жастар ресурстық орталығы мен №2 Бадамша орта мектебінің ұйымдастыруымен «Алтын ине» сайысы өтті. Сайысқа №2 Бадамша орта мектебі, Бадамша агротехникалық колледжі мен Жосалы орта мектеп-балабақшасынан жиналған 10 тігінші қатысты.
Іс-шара барысында жас тігіншілер шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, өздері тіккен киімдерді көпшілікке ұсынды.
— Жас тігіншілердің қолынан шыққан киімдері кәсіби тігіншілерден кем түспейді. Бүгінде ісмерлер этностильдегі киімдерді көптеп тігеді. Себебі оған сұраныс жоғары. Аталған сайысқа қатысушылар тыңғылықты дайындалып келген. Кейбірі киім үлгілеріне жоғары сапалы тігіс түрін қолданған. Қазылар алқасы қатысушылардың еңбегін бағалап, олардың жұмысына әділ баға берді, — дейді қазылар алқасы.
Нәтижесінде Жосалы ауылынан келген Милла Ботнарь сайыс жеңімпазы атанды. Жүлделі 2-орынға №2 Бадамша орта мектебінің оқушысы Арайлым Асанова ие болса, 3-орын София Заглядова мен Ұлдана Бараузоваларға бұйырды.
Сайыс соңында жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Іс-шарада белсенділік танытқан қатысушылар Алғыс хатпен марапатталды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА,
Қарғалы ауданы.