Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Нұрлыбаев: Ақтөбенің денсаулық сақтау саласы халыққа медициналық көмек көрсетудің өңірлік көшбасшысына айналады

Ақтөбеге жұмыс сапарымен Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев келді. Ол әріптестерімен бірге биыл жаңа туған нәрестелерге хирургия орталығын ашу жоспарланып отырған облыстық перинаталдық орталықты аралап шықты.
Кеңейтілген көшпелі алқа барысында вице-министр 2024 жылдың қорытындыларымен танысты, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің бір жылға арналған дамыту перспективаларын айқындады.
Облыстың бас дәрігері Ерлан Сұлтангереев өңірде ана мен бала өлімін болдырмау бағытындағы жұмыстарды айтты.
«Аталған мәселені шешу жолдары анықталды. Олардың ішіндегі ең маңыздылары: отбасылардың гравидаралды даярлығын күшейту, алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсететін мамандар мен көпсалалы стационарлар арасындағы кәсіби байланысты нығайту, тар шеңберлі мамандардың біліктілігін арттыру», – деді басқарма басшысы.
Ерлан Сұлтангереев сондай-ақ өңірдің медициналық мекемелерінде, әсіресе ауылда кадр тапшылығын атап өтті. Әлеуметтік қолдау шараларының арқасында 100-ге жуық маман облыстың шалғай ауылдарына жұмыс істеп жүр, оның 25-і – тар шеңберлі.
Алқа барысында өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығы туралы «ӘМСҚ» КЕАҚ филиалы директоры Нұрбол Тымпиев баяндамасын оқыды, проблемалық мәселелер мен медициналық көмек көрсету өтініштерін МФБКД басшысы Әлия Латыпова қозғады, өңірдегі эпидемияға қарсы шаралар туралы СЭБД басшысы Райхан Қойшанова айтып берді.
Алқа қорытындысы бойынша денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Ақтөбе бүкіл Батыс Қазақстан халқына медициналық көмек көрсетудің өңірлік көшбасшысы болатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол ақтөбелік әріптестерімен бірге қол жеткізілмеген негізгі индикаторларға талдау жүргізді.
Оның сөзінше, өңірге тар шеңберлі кадрларды даярлау үшін резидентураға атаулы гранттар бөлінеді. Сондай-ақ Ақтөбеде сүйек кемігін трансплантациялаудан онкогематологияның Өңірлік орталығын құру және телемедицинаны дамыту жоспарлануда.
Д.АЙДАР.