«Мен өмірді жырлау үшін келгенмін»

Әдеби кеш
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қалалық ұйымы, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық ұйымы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультеті жанынан құрылған «Жас қаламгер»клубымен бірлесіп қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты әдеби-сазды кеш өткізді.
Кезінде қазақтың аяулы ақын қызы Фариза Оңғарсынова: «Мұқағали поэзиясы — таңғы шықтай мөлдір, сырлы, мұңлы поэзия» деген екен. Шынында да,ақынның қай өлеңін алсақ та, оның бойынан өлеңге деген іңкәрлікті, тазалықты сезінбеу мүмкін емес.
Әдеби кешке елімізге белгілі қаламгерлер мен университеттің ұстаздары және жас ақындар басқосты.
Кештің ашылуында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысындағы өкілі, ақын Бауыржан Құрманқұлов құттықтау сөз сөйлеп, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында болашақта жинақ шығатынын айтып, көңілдерін көтеріп тастады.
Ақынды еске алуға арналған әдеби кешке «Жас қаламгер» клубының мүшелері тыңғылықты дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Бірі ақынның өлеңдерін мәнеріне келтіріп оқыса, енді бірі ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады. Ақын жырынан қанаттанған жастар өз өлеңдеріне де кезек беріп, кештің көркін ашты. Ұстаздар да бұл кештен қалыс қалмай ой-пікірлерімен бөлісті.
— Өлеңді жақсы көретін жастардың бойында ұлттық тәрбиенің негізі бар. Осындай кештер арқылы елін, жерін сүйетін, тілін қадірлейтін ұрпақ тәрбиелейміз. Басты мақсат — осы. Сонымен қатар «Жас қаламгер» клубының жұмысын облысымыздың басқа оқу орындарына насихаттап жатырмыз, — дейді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе қалалық ұйымының төрағасы Нұрдәлет Алдашев.
Кеш соңында ұйым мүшелері әдеби кештерді бірлесіп өткізуге сөз байласты.
Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.