Білім

Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту керек

Мектеп

Қазіргі таңдағы мұғалімнің басты міндеттері оқушыны тек біліммен сусындату ғана емес, шығармашылық ойлауын дамыту, іскерлік пен қабілет дағдыларын өз бетінше қалыптастыру. Шығармашылық  шыңдау – заман талабы.  

Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында оқушылармен шығармашылық жұмыстар жүргізудің орны ерекше. Шығармашылық жазба сипатындағы жұмыстар оқушылардың оқуға қызығушылығын арттырады, бір жағынан алға қойылған мақсатты өз бетімен шеше білуге үйретеді. Бұл жерде мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақтастықтың ықпалы өте зор.

Оқушылардың бойында шығармашылық қызығушылықтардың болуы – олардың сабақ барысындағы белсенділігінің, білім сапасынын, оқудың оңды серпіндерінің  артуына ықпал етеді, бұл оқытудың тиімді үдерістерінің дамуына жол ашады. Әрі бұл оқушылардың зерттеу икемділіктерін, соның ішінде ғылыми әдебиеттермен, анықтамалармен жұмыс жасауға, хабарламалар, рефераттар мен баяндамалар дайындауға, эссе жазуға үйретеді.

Осындай бастамадан жазылған шәкіртім Амираның шағын эссесін ұсынғым келеді.

Базаргүл СЕЙТОВА,

№55 орта мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 

 

БОЛАШАҚҚА ХАТ

Мен сенен 13 жас үлкенмін. Бұл саған үлкен аралық болып көрінуі мүмкін. Қазір мен 7-сыныпта оқимын. Әртүрлі сүйікті істерім бар: қызықты кітаптар оқимын, сахналық қойылымдарға, әскери сап байқауларына қатысамын. Кино көру де сүйікті істерімнің бірі. Мен саған үмітпен хат жазып отырмын: бұл хатты оқу қызықты да пайдалы деп ойлаймын.

Мен өз жоспарларымның барлығы жүзеге аса қоймаса да, саған үлкен үмітпен қарап, сенім артқым келеді. Ересек адамдар күйбең тіршілікпен өзін жоғалтып, балалық арманын артқа қалдырып, жаңасына ауысуы мүмкін. Себебі менің де арманым жыл сайын өзгеріп тұрады. Өзіңе талапшыл бол, уәдеңді жүзеге асыр!

Болашақ, өзіңе осы хатымды жолдай отырып, тілегімді білдіргім келеді: ешқашан көңіліңді кірбің шалмасын; жақсылық жаса, өзгелерге көмектес, жеке өміріңде қол жеткізген жетістіктеріңмен шектеліп қалма, тоқтама, жаңа мақсаттарға ұмтыл, өзіңді күт, ақылды да батыл болу үшін алға ұмтыл, өз күмәндарыңды сейілт, жасқанба.

Мен саған сенемін, болашақ!

 Амира ТӨЛЕУОВА,

8-сынып оқушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button