Адал азамат —Адал еңбек

Еңбек ерлері

Ғабден АЯЗБАЕВ (1899-1960)

1899 жылы Астрахан губерниясы Бөкей ордасы №8 ауылда туған. Қаржы саласының маманы Социалистік Еңбек Ері (1949). Азамат және Ұлы Отан соғыстарына қатысқан. 1920-1944 жылдары Орал қаласы мемлекеттік қаржыны бақылау бөлімшесін, Батыс Қазақстан облыстық жоспарлау бөлімін басқарды. Соғыс алдында Мағаджанов атындағы кеңшар (Новоресей ауданы) директорының орынбасары, 1945 жылы «Жұрын» кеңшарының директоры болды. Еңбекшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ауыл шаруашылығы өндірісін көркейтуге үлкен үлес қосқан. Ленин, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

Алтынбек ӘКІМЖАНОВ (1922-2000)

1922 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы №26 Қожакөл ауылында туған. Социалистік Еңбек Ері (1971). Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. 1941-1947 жылдары әуелі Ұлы Отан соғысына қатысып, одан әрі әскер қатарындағы қызметін жалғастырды. 1947-1959 жылдары Шалқар, Жұрын аудандарында партия жұмысында болды. 1959-1977 жылдары Байғанин, Қобда, Исатай аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, 1977-1983 жылдары Ақтөбе облыстық кәсіподақтары кеңесінің төрағасы, 1984-1990 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік жабдықтау орталығы мемлекеттік орман инспекциясының бас инспекторы болды. Қазақстан Компартиясы ІХ-ХІІ съездерінің, КОКП XXIV съезінің делегаты Қазақстан Компартиясы Х-ХІІІ съездерінде Орталық Комитет мүшесі болып сайланды. Облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты болды. Екі рет Ленин, Октябрь революциясы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, 11 медальмен марапатталған. Мәскеуде өткен Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 55 жылдығына арналған салтанатты шеруге қатысты (2000). Ақтөбе қаласының бір көшесіне есімі берілген.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button