Тағзым

Алтын жүректі адам

Иә, ол көзі тірісінде осындай жоғары теңеуге лайықты еді.

Абайша айтқанда, «ақырын жүріп, анық басатын» осы бір ерекше адамның — Борис Нұрдәулетұлы Байжарқыновтың жүрегі жылылыққа толы болатын.

Ол үлкенмен де, кішімен де жарқын жүзбен амандасып, әр адамның тағдырына алаңдап жүретін.

Жағдайы кетіп, жасып қалған, тіршілік қиыншылығына тап болған жандарды демеуге тырысатын, оларға қолдан келген көмегін жасап бағатын.

Осындай ғибратты ғұмыр кешкен Борис ағаның өмірден өткеніне де қырық күн толып қалыпты.

Оның артында ізгілікті істері, өнегелі тәлім-тәрбиесі, көпке жасаған шапағаты қалды.   

Ізгілікті істер иесі еді…

Адам баласының тағдырына жазылған тіршілік жасын аз не көп деп айтудың өзі қиын. Тəубеге тоқталып айтсақ, Борис ағамыз ғибратты ғұмыр кешті.

Рас, біздің қоғамымыз бастан өткерген, жалпы қазақ халқы тап болған қиындықтар мен қысым атаулыдан бұл əулет те тыс қалған жоқ.

Бəкеңнің əкесі Нұрдəулет Байжарқынов елімізге қарсы соғыс басталғанда Қызыл армия қатарына шақырылып, Кавказ майданында минометші болып, жаумен шайқасқа түседі. 1942 жылы елде қалған зайыбы Закия одан соңғы хатын алады.

Кейін Бəкең қанша іздестіргенімен, майданда шейіт болған əке туралы бір дерекке қолы жете алмады. Бұл перзент үшін үлкен қасірет еді. Осындай ауыр халді майдангердің баласы өмірден озғанынша бастан өткергенін білеміз.

Ол Ақтөбе қаласында балаларымен бас болып, бір жағынан халықтың қолдауымен тұрғызған зəулім ғимаратқа да əкесі Нұрдəулеттің есімін бергізді. Бұл оның өзі есін білер-білместе қалған аяулы əкесіне деген бір жағы құрмет-тағзымы, бір жағы сағынышы болатын.

Байжарқыновтар отбасы бір кездері аудан орталығы болған Жұрын станциясында тұрады.Бористің інісі мен əпкесі сырқаттан қайтыс болып, жалғыз бала болып қалады.Борис Нұрдəулетұлы əке мейірімін көрмей, өзінің жігерін қайрап, осылай жетіледі. Ол əскер қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін разъезде станция кезекшісі болып жұмысқа орналасады. Алға ұмтылумен қарапайым жұмысшыдан жетіліп, жоғары білім алып, аудандық партия комитетінде біраз жыл бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады.

Біздің Борис Нұрдəулетұлын жақын біле түскен кезіміз — оның Ақтөбе қаласының тұрғыны болып, облыс орталығының тыныс-тіршілігіне кеңінен араласа бастаған уақыты. Ол құрылысы тоқтап қалған ғимаратқа жан бітірді, сауда үйінің бір бөлігіне «Нұрдəулет» мешітін тұрғызып, елді имандылық жолына шақырды. Осы жерде ол көптеген қайырымдылық істермен шұғылданды.

Мен облыс əкімі болып қызмет істеген жылдарымда Борис Нұрдəулетұлының осындай адамгершілік асыл қасиеттерін көбірек көрдім. Ел ішінде əлеуметтік жағдайлары нашар адамдар болды, көпбалалы аналар көмекке зəру жағдайлар кездесті. Соның қай-қайсысында да Бəкең тартынып қалған емес.

Осындай елеулі еңбектері үшін 2008 жылы оның кеудесіне өңірдің əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени дамуына, қазақстандық патриотизмді насихаттауға

сіңірген еңбегі мен қосқан елеулі үлесі үшін «Ақтөбе облысына еңбегі сіңген қайраткер» төсбелгісін таққаным есімде.

2012 жылы Борис Байжарқынов «Жыл меценаты» номинациясы бойынша «Алтын жүрек» қоғамдық ұлттық сыйлығының иегері атанды.

Шынында да, ол алтын жүректіадамеді.

Ол өзінің бастамасымен «Нұрдəулет» сауда үйінің алдын балалардың ойнап-демалуына лайықты етіп көріктендірді, ойын алаңдарынжасап, түрлі жабдықтар орнатты.

Үлкендер бір мезгіл тыныс алатын алаңға Абай ескерткіші бой көтерді.

Қаланың орталық бөлігінде орналасқан «Сұлтан» қонақ үй кешені ұлттық бояу-нақыштарымен көз тартады. Мұнда келушілерге қашанда да жақсы жағдай жасалып, қызмет көрсетіледі.

Осының барлығы көпшілікке қамқорлықтың, ізгілікті ниеттің көрінісі болатын.

Өз заманының өнегелі ақсақалы, жақсылық атаулының жанашыры, көптің құрметтісі Борис Нұрдəулетұлының жарқын бейнесі біздің жадымызда жақсы істерімен сақталады.

Бəкеңнің өмірлік серігі, қандай кезеңде де жанынан табылған зайыбы Мəнзапа Əмірқызына, əкеісін лайықты жалғастырып келе жатқан балалары Бекбол мен Ерболға қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.

Жақсы жанның жарығы ешқашанда өшпейді, ол оның көз көрген замандастарының жүрегіне сəуле түсіріп тұратыны анық.

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,

мемлекет жəне қоғам қайраткері,

Қазақстан Республикасы Парламенті

Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Астана қаласы.

Ұлағаты ұмытылмайды

1998 жылы «Нұрдəулет» жауапкершілігішектеулі серіктестігінің шұғыл кірісуімен Əбілқайыр хан даңғылы бойындағы бұған дейін басталып, бірақ он жыл бойы аяқталмай тұрған «сақалды құрылыс» Жастар сарайы ғимаратының орнына сол кезде Қазақстанда теңдесі жоқ «Нұрдəулет» сауда орталығы мен «Нұрдəулет» мешіті бой көтерді. Ашылғаннан бері адамнан арылмаған мешіт пен орталық көпшіліктің сүйікті бас қосатын орнына айналды.

Өте қысқа мерзімде тұрғызылған ғимараттар туралы ауыз толтырып айту оңай болғанымен, оны тұрғызу тек тəжірибе, ізденіс, тынымсыз еңбектің арқасында керемет нəтижеге ие болды.

Жарты жылда салынған, ішіне мыңға жуық адам сыятын, биіктігі 57 метр мұнарасы бар, көлемі 2000 шаршы метрді құрайтын мешітке Құран аяттары жазылған кафельдер, кілемдер мен аспалы люстралар шетелден əкелінді.

1999 жылы 29 маусымда Мəуліт мерекесі қарсаңында «Нұрдəулет» мешіті халыққа есігін айқара ашты.

2001 жылы «Нұрдəулет мешіті» жеке қайырымдылық қоры құрылып, құжат бойынша бекітілді.

Содан бері көптеген игі істер, қайырымдылық жұмыстары жүргізілді. Борис Нұрдəулетұлы көмекке нағыз мұқтаж жандар үшін мешітте арнайы жəшіктер де орнатты. Алғадағы облыстық балалар үйіне, «Үміт» сəбилер үйі, Тамды, Жайсаң балаларүйі, «Шағала» сауықтыру мекемесі жəне қарттар мен мүгедектер үйіне түскен қаражатты аталған жерге жеткізіп отырды. Одан бөлек көмек сұрағандардың қолын қайтармай, жүзден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етті.

Борис Нұрдəулетұлының қамқорлығын Ақтөбе өңірінде тұратын мыңдаған адам көрді.

Ел ағасы атанған азамат қалада Абай, Байғанин мүсінін, Тəуелсіздік монументін, ұлттық нақышпен көмкерілген ғимараттар, ұлттық рухты көтеретін «Дəст үрүйі», жастардың жадында жүрсін деп солар көп баратын ең биікжерге «Шаңырақ-Бесік» ескерткішін тұрғызды.

Қайырымдылық жасауда алдына жан салмаған Байжарқыновтар отбасы республикаға да танымал.

2012 жылы Орталық Азиядаа налогі жоқ ең беделді əрі ауқымды «Алтын жүрек» қоғамдық сыйлығын алды.

«Алтын жүрек» —игі істердің алғысы. Бұл—жылдар бойы талай жанға жанашыр болып, мұқтаждарға көмектерін аямаған «Нұрдəулет» ЖШС мен қайырымдылық қордың, оның басшысы Борис Нұрдəулетұлының елден алған алғысы. Алматыд аөткен салтанатты кеште «Жыл меценаты» номинациясының жүлдегері атанған ел ағасына сыйлықты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, əнші Нұржамал Үсенбаева мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаев табыстаған еді. Бүгінде бұл сыйлық халықаралық белеске шыққан.

«Алтын жүрек» сыйлығының мақсаты—ұйымдар мен жеке тұлғаларға қоғам дамуына игілікті ықпал ететін қайырымдылық саласын дамытқаны, əлеуметтік маңызы бар істерді жүзеге асырғаны үшін қоғам атынан алғыс айту.

Алтын жүректі адам десек те, Борис Байжарқынов ешқашан марапат, мадақ үшін жақсылық жасап, ел көрсін деп еңбек еткен емес. Əрбір ізгілікті іс жұдырықтай жүректің əмірімен жасалған…«Нұрдəулет» компаниясы құрылғаннан бері оның бастамасымен 300 миллиондай теңге қайырымдылық мақсатқа жұмсалған.

Елдегі өтіп жатқан шарадан ешқашан тыс қалмайтын әулеттік кəсіпкерлер жыл сайын өтетін «Мектепке жол» акциясына өз үлестерін тұрақты түрде қосып келеді.

«Нұрдəулет» мешіті діни мерекелерде Құран жарыс, Рамазан айында мешіт жамағатына сый-сияпат дайындап, ықыластарын білдіріп отырады.

Жыл сайын Жеңіс күнінде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері де назардан тыс қалған емес.

Ақтөбенің «Алтын жүректі азаматы» атанған Борис Нұрдəулетұлы білімге ұмтылғандарға, өнерлі жастарға жəне спортшыларға қолдау білдіріп отырды.

Жақсының есімі ұмтылымайды. Ол кісінің өнегелі өмірі оның көзін көрген, шапағат-қамқорлығын сезінген замандастарының жадында ұлағат үлгісі болып сақталып қала береді.

Батырбек БИСЕМБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button