Тыл ардагерін құттықтады

«Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы аясында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Бақыт Алазов бастаған №6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тыл ардагері Аққағаз Айтмағанбетқызының шаңырағына барды.
Бақыт Алазов Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еңбегі үшін ардагерге өз ризашылығын білдіріп,естелік сыйлықтар табыстады.
№6655 әскери бөлімінің әскери оркестрінің старшинасы, 3-сынып сержанты Кенжетай Серіков домбыраның сүйемелдеуімен, соғыс жылдарындағы әндерді орындады.
Жылы жүздесу барысында Аққағаз Айтмағанбетқызы сұрапыл соғыс жылдарының ауыр кезеңдерін еске алды.
— Біз ол кезде өзіміз туралы ойлаған жоқпыз. Ең бастысы, майданға көмектесіп, Жеңісті жақындату болды. Бар күшімізді салып жұмыс істедік, себебі соғыс тағдыры біздің де қолымызда екенін білдік, — деп көзіне жас алып, естеліктерімен бөлісті.
Полковник тыл еңбеккерлерінің ерлігі Отанға деген сүйіспеншіліктің және жанқиярлықтың үлгісі екенін атап өтті.
— Аққағаз Айтмағанбетқызын құттықтау — біз үшін үлкен мәртебе. Қиын-қыстау кезеңде елімізді қорғауға зор үлес қосқан жандарға алғысымызды білдіру — біздің борышымыз, — деді ол.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы аясында құттықтауды жалғастырып, олардың ерлігі мен еңбегін өскелең ұрпаққа насихаттауды мақсат етіп келеді.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік
қолбасшылығының баспасөз қызметі.



