Жасанды интеллект және инновация: өңірдегі алғашқы «Codi play» жобасы Хромтау гимназиясында іске қосылмақ

Хромтау гимназиясында «Codi Play» инновациялық жобасының көмегімен оқушылар жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын игеріп, болашақ технологиялар әлемінде жаңа көкжиектерін ашады.
Хромтау қаласының №5 гимназиясында ERG компаниясының қолдауымен цифрлық білім беру тетіктері енгізілді. 2024 жылы компания оқу орнын жаңғыртуды қаржыландырып, заманауи жабдықтармен және инновациялық білім беру бағдарламаларымен қамтамасыз еткен.
Хромтау ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Асхат Шахаров гимназияда болып, оқушылардың жетістіктерімен танысты.
Білім ошағы ERG компаниясының 179,5 млн теңге көлеміндегі инвестицияларының арқасында күрделі жөндеуден өтіп, заманауи жабдықтармен қамтылды: оқу кабинеттерінде интерактивті панельдер орнатылды, асхана блогы толығымен жаңартылып, спорт және акт залдары үшін қажетті жабдықтар сатып алынды.
Асхат Шахаров мұғалімдер мен оқушыларға арналған қолайлы жағдайларды бағамдап, бұл білім алушылардың тиімді оқуы мен дамуына ықпал ететін атап өтті.
Гимназия оқушылары облыс әкіміне әлемнің 13 елінде енгізілген «Codi Play» инновациялық құрылғыларының жұмысын ұсынды. Бұл білім беру жүйесі балаларға инженерлік ойлау мен логикалық шешім қабылдауды дамыта отырып, Заттар интернетін (IoT) бағдарламалау мен технологияны ойын түрінде меңгеруге көмектеседі.
ERG қолдауымен жабдықталған STEM және шығармашылық орындарға ерекше назар аударылды. Олардың ішінде, инновациялық құрылғылармен жұмыс істеуге және «Codi Play» робототехникасын зерттеуге арналған кабинет, қыздарға арналған «Creativity Studio» шығармашылық шеберханасы және ғылыми тәжірибеге арналған зертханасы бар химия кабинеті бар.
Асхат Шахаров гимназияда заманауи білім беру технологияларын енгізудің маңызына тоқталып, сапалы білім беру мен болашақта бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың негізі екенін тілге тиек етті.
«Ауылдағы мектеп біліміне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу – әлемдік деңгейде бәсекеге түсе алатын болашақ мамандарды даярлаудағы маңызды қадам. Ел Президенті жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізуді қамтамасыз ету міндетін қойды және біз оның Хромтауда шындыққа айналғанын көріп отырмыз. Білім беруді цифрландыру біздің балаларымызға болашақта табысты болуға көмектесетін озық білім мен дағдыларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл білім беру сапасын жақсартып қана қоймай, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқартып, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді облыс әкімі.
Асхат Шахаров «Codi Play» жобасы сияқты бастамалар заманауи технологиялардың ауыл мектептерін дамыту және аймақтық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлау құралы бола алатындығының тамаша үлгісі екендігіне назар аударды.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.