Пікір

Тепе-теңдік сақталуға тиіс

Анар ДАРЖАНОВА,
қалалық мәслихат төрағасы

Қосымша құн салығының мөлшерлемесі бойынша қабылданатын кез келген шешім мемлекет, бизнес және халық арасындағы экономикалық тепе-теңдікті сақтауы тиіс. Президенттің бұл мәселе бойынша сындарлы көзқарасы халықтың әл-ауқатын жақсартуға және экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталғанын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырғаны белгілі. Аталған салық мөлшерлемесін көтеру арқылы бюджетті толықтыру қысқа мерзімді перспективада нәтиже беруі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімді кезеңде экономиканың баяулауына және әлеуметтік шиеленістің артуына әкелуі ықтимал. Сондықтан, салықтық реформаны енгізбес бұрын, барлық мүдделі тараптардың – бизнес қауымдастықтарының, сарапшылардың, депутаттардың және қарапайым азаматтардың пікірлері ескерілуі қажет. Мұндай тәсіл Үкіметтің ашықтығын көрсетіп қана қоймай, қоғамның сенімін арттыруға және реформаның тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы қосымша құн салығының мөлшерлемесін белгілеу кезінде ғылыми негізделген талдаулар мен нақты экономикалық есептеулерге сүйену қажеттігін баса айтты. Егер сараптамалық есептеулер 20% мөлшерлеменің экономика үшін шамадан тыс ауыртпалық екенін дәлелдейтін болса, онда оның төмендетілуі немесе сараланған жүйенің енгізілуі заңды шешім болады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button