Жамандықтан қашық бол…

Облыстық жастар ресурстық орталығы Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидасы негізінде Хромтау ауданының жастарымен кездесу өткізіп, профилактикалық әңгіме жүргізді. «Жастарға кеңес» тақырыбы аясында өткен іс-шараға 100-ге жуық колледж оқушысы қатысты.
Кездесуге облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин, облыстық кәсіпкерлер палатасының Хромтау аудандық филиалының директоры, аудандық мәслихат депутаты Ұлан Жаналин, Хромтау аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Оралбек Ешпанов қатысты. Құқық қорғау органдарының өкілдері қоғамдағы нашақорлық, құмар ойындар, қаржылық алаяқтық тәрізді өзекті мәселелерді көтеріп, жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды.
— Қоғамда құмар ойын ойнап, жеңіл ақша тауып жүрген жастар жиі кездеседі. Олар өздері ойнағанымен қоймай, таныстарын, достарын да шақырып, қызықтырады. Басы қызық болғанмен, арты жақсылыққа апармайтынын кеш түсінеді. Сондықтан қасыңызда жүрген досыңыз немесе танысыңыз сондай жолда жүрсе, тиісті мамандарға, ата-анасына айтып, көмектесуге ұмтылыңыз,— деп ескертті полиция майоры.
Хромтау тау-кен техникалық колледжінің оқушыларына әкімшілік және қылмыстық кодекстердің талаптары түсіндірілді. Іс-шараға қатысушылар мамандарға сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.
ҚР Бас Прокуратурасының «Нашақорлыққа жол жоқ!» ведомствоаралық жоспарын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған жиын құмар ойынға тәуелділік, нашақорлыққа әуестік тақырыбындағы бейнематериалдармен жалғасты.
Айдана АЛТЫБАЕВА.