Жастар

Ақтөбелік жастар Еуропада бизнес-форум өткізеді

Ынтымақтастық

Польша мен Испанияда 7-10 ақпан аралығында «Қазақ іскер әйелдер бизнес- форумы» өтеді. Бұл іс-шараға Қазақстан, Германия, Венгрия, Франция, Моңғолия, Біріккен Арап Әмірліктері, Қытай, Хорватия елдерінен әртүрлі сала мамандарының үздіктері келеді. Мақсат — кәсіпкерліктегі жаңа идеялар мен инновацияларды бөлісу, іскерлік байланыс құру, білім алмасу, кәсіби өсуге мүмкіндік жасау. Форумды Польша-Қазақ қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Негізгі ұйымдастырушылардың қатарында ақтөбелік жастар бар.

— Польшадағы қазақ қауымдастығы —  бұл халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықтың көпірі. Бұл ұйымның құрылуы — тек екі елдің мәдени байланысын нығайту ғана емес, сондай-ақ ортақ құндылықтарды дәріптеп, бір-бірімізге қолдау көрсету. Ал бұл жолғы бизнес-форумның негізгі мақсатының бірі — қазақ мәдениетін әлемге таныту, Еуропадағы қазақ қауымдастықтарының тарихы мен дамуы, қазақ кәсіпкер әйелдерінің табысты бизнес тәжірибелері туралы айту, онлайн бизнес және әлеуметтік медиа арқылы бренд құру. Себебі Қазақстан мен Польша арасындағы іскерлік байланыс жыл өткен сайын нығайып келеді. Сауда, инвестиция, агроөнеркәсіп, фармацевтика және көлік-логистика салалары  қарқынды дамып, екі ел арасындағы ынтымақтастық беки түсуде, — дейді форумды ұйымдастырушының бірі ақтөбелік Аружан Малаева.

Форумға Мажар-Қазақ қоры президентінің орынбасары, Лакителек ұлттық университетінің Шығыстану бөлімінің оқытушысы Оңайша Мандоки Мақсым,   Еуропа елдеріндегі Қазақ қауымдастықтарының төрайымы, Кельн қазақтары мәдени бірлестігінің президенті Садие Сүрер-Кусшы және іскер әйелдер қатысады. Форум 7-8 ақпан күндері Варшавада өтсе, 10 ақпанда  Испанияның  Барселона қаласында ұйымдастырылады.

Аружанның айтуынша бұл — ақтөбелік жастардың алғашқы ірі жобасы.

— Польша-Қазақ қауымдастығының негізін қалаушы — Роза Мизанбай. Біз Ақтөбеден оқуға барған жастар осы кісімен танысып, кейін қауымдастықтың құрылуына күш салдық. Қазіргі таңда менің қасымда Айдана Әбдірова, Асылжан Әбдіров,  Дариға Асқарқызы секілді ақтөбелік достарым бар. Барлығымыз осы форумның өтуіне күш салып жатырмыз. Ақтөбенің атынан өзім спикер боламын. Жалпы, Польшада ақтөбелік жастар көп. Көпшілігі білім қуып келген. Мәселен, Білім-инновация лицейі мен Вистула университетінің арасында байланыс бар, — дейді Аружан.

Оның айтуынша Ақтөбе мен Польшаның арасында білім беру саласынан бөлек, іскерлік байланыс бұрыннан бар. Гастрономия бағытында Варшавада тамақтану орнын ашқан кәсіпкерлер де бар екен.

Аружанның өзі бес жылдан бері Польшаның Варшава қаласында  тұрады. 2020 жылы білім қуып Вистула университетіне оқуға түскен.  Былтыр оқу орнын аяқтаған соң, осы елде қалуды жөн көреді. Қазір қауымдастық шаруасынан бөлек, италиялық мейрамханада менеджер-администратор болып жұмыс істейді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button