Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру — негізгі міндет

Жеңісгүл МҰХАМБЕТПАЙЫЗОВА,
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры:
— Елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста еліміздің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Мәселен, биылғы«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жұмысшы кәсіптердің беделін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шара қабылданатын болды. Яғни кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін толық қайта қарау жоспарланып отыр.
Бүгінде Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі 12 мамандық бойынша кәсіптік-техникалық мамандарды даярлайды. Оның 10-ы — жұмысшы мамандықтары.
Барлығы 2500-ге жуық оқушының 750-і — осы оқу жылында мемлекеттік тапсырыспен қабылданды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік тапсырыс мөлшері көбейтілетінін айтты. Сонымен біргеәкімдер кәсіпкерлермен бірлесіп, өңірлер үшін басым мамандықтарды айқындап, колледждерді сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағдарлау мүмкіндігіне ие болмақ.
Колледжіміз өңіріміздегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» және «KEGOC» акционерлік қоғамдары, «Қазхром» трансұлттық компаниясы, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Энергосистема» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді 100-ден астам кәсіпорынмен тығыз қарым-қатынаста. Оқу орнында дуальды оқыту жүйесі жолға қойылған. Оқушыларымыз 3-4 курста жүргенде дуальды оқыту бағдарламасы аясында өндіріс орындарында тәжірибеден өтеді. Кәсіби шеберлігімен көзге түскендер өндіріс шеберлерінің ұсынысымен, келісімшарт негізінде жұмысқа қабылданып жатады. Оқушыларымыз шәкіртақысына қосып еңбекақысын алып, нағыз маман болып жатса, біз де қуанамыз.
Тағы бір жайт: колледждерге оқуға түсу үшін аттестаттың орташа балы есептеледі ғой. Осыған байланысты қазіргі таңда орта арнаулы оқу орындарындағы білім сапасы едәуір артты.Себебі оқуға түсерде байқау жоғары болып жатады, мәселен, кейде бір орынға 10 адамнан келеді. Әсіресе ақпараттық технологиялар, электрмен жабдықтау секілді мамандықтарға сұраныс өте жоғары екені байқалып отыр.