Адал азамат —Адал еңбек

Ауылдың дәмі

Жұмысшы мамандықтары жылы

Ауылшаршашылығы саласында қызмет етіп, ырысын жерден көріп, ауыл-аймақты мал азығымен, мал өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған шаруалардың бірі — қобдалық Жәнібек Бекпаев.

«Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек — қадірлі», — деп Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қоғам­дағы еңбекқорлық, кәсібилік тәрізді қасиеттердің жоғары бағалануы керектігін айтқан еді. Президент бастамасымен жұмысшы мамандықтарды дәріптеу, оларға қажетті жағдай жасау арқылы өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда еңбек ететін жұмысшы мамандықтарға жастардың қызығушылығын арттыру бүгінгінің басты мақсаты болып отыр.

Әкемнің ізімен ауылшаруашылығы саласында қызмет етіп келемін. 2002 жылы «Рақыш» шаруа қожалығын ашып, аудан халқына қызмет көрсету мақсатында жерге тұқым сеуіп, егін оруды бастадық. Әкем — дала еңбегіне әбден шыныққан адам. Бала күнімізден әкемнің қасынан қалмай, еңбекке ерте араластық. Шамамен 1987 жылдары 10-11 жасымда комбайн айдап, тауға беттедім. Бала болғасын қызық көрдім бе, әлде әкемнің бір шаруасын бітірейін деп ерте жауапкершілік алдым ба, белгісіз, әйтеуір, тізгінге отырдым. Алайда тауға шыға алмай, артқа жүріп кеткенім есімде. Әкемнен сол күні сөз естіп алғаным бар. Содан әбден машықтанып, 13 жасымда «Ка700» тракторын жүргізіп үйрендім. Трактормен ауылға емін-еркін шөп тасып жүрдім. Әкемнің үйретуімен көп нәрсені зердеме тоқып өстім, — деді ол. Әкесі Оразбек Бекпаевкезіндегі «Победа» ұжымшарының озат механигі, агроном болып, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, бірнеше Алғыс хаттармен марапатталған. Әлі де ауыр техникаларды тізгіндеп, малдың жемшөбін әзірлеп, шаруаға тың дейді.

Қыс айында қардың мол болуын, жазда жаңбыр жауып жерге нәр беруін тілейтін диқан көктемге кетпенін сайлап, әзір отыр. Кәсібін жетік меңгерген маман ретінде тәжірибесімен де бөлісті.

Шаруа қожалығын ашпай тұрып, аудандағы шаруа қожалықтарына техникалық қызмет көрсеттік. Егін егу, өнім жинау науқандарында трактор мен комбайндардың жұмысын жеделдетіп, ауылшаруашылық өнімдерін бір орталыққа жинап, тарату жұмыстарына қатыстық. Сөйтіп, жинаған тәжірибеміздің арқасында өз алдымызға жер алып, егін егуді бастадық. Қазір 100 гектар жерге бидай, арпа, шөп егеміз. Одан бөлек 100-ден аса ірі қара мал ұстаймыз. Шаруа қожалығында бізден бөлек бір жұмысшы мен бір сауыншымыз бар. Мал еті мен сүтін алыс-жақын аймақтарға сатылымға шығарып отырмыз. Көбіне Орал, Атырау қалаларынан сұраныс жоғары.

Күз айында тұқым салатын жерімізді бөліп, белгілеп алдық. Қыста қардың еруін бақылап, қорғаныш пакеттер төсеп, тұқым себуді бастаймыз. Әуелі тұқымды зиянкестерден қорғау мақсатында неше түрлі сұйық тыңайтқыштарға салып,залалсыздандырамыз. Сөйтіп, ала жаздай қыр басында болып, күзетіп, жақсы өсуін қадағалап, бақылауда ұстаймыз.Әкемнің жасы үлкейген соң, жұмыстың денін өзім атқарамын.Ауыл-аймаққа білікті мамандар қажет. Қазір неше түрлі технологияны пайдаланып, қыста бидай, арпа өсірудің жолдары көрсетіліп жатыр. Мұндай іске жастар епті ғой, —деген Жәнібек Бекпаев әке аманатын сақтап, аудан жұрты артқан сенімді ақтап, абыройлы еңбек етуді өмірлік ұстанымына балайды.Өзі бірнеше мәрте аудандық, облыстық «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі»  атанып, марапаттарға ие болған.

 А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button