Жеңіс

Жиырмасында от кешкен

Ол  кісі осыдан он  жыл бұрын тоқсан екі жасында дүниеден озды. Маңдайын әжім басқан, көненің көзі іспетті қазына қартты көрген сайын өзім тек кинодан тамашалап, кітаптан оқыған сұрапыл соғыстың отты шежіресін бұрынғыдан да анығырақ ұғынғандай болушы  едім. Оның себебі, бәлкім, сол бір ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қиын шақта Отан қорғау жолында күрескен ардагер аға Зәрубек Мырзағұловтың сұрапыл соғыс жайлы шерткен әңгімелерінің әсерінен болар.

Ұлы Отан соғысының отты оқиғаларынан әңгіме қозғаған сәтінде ардагер жүзі қатуланып, әжім сызықтары қатпарланып, дауысы да қатқыл шығатын. Сол мезетте мен де ақсақалдың көңілкүйін айқын пайымдағандай боламын. Өйткені сол бір адамзат басына қара бұлт төніп, сан жүректерге айықпас жара салған алапат соғыс оқиғасының зардабы ешқашан ұмытылмасы хақ.

1942 жылдың мамыр айында жиырма жасқа енді  ғана толған балғын жігіт Зәрубек те көптің бірі болып әскер қатарына шақырылады. Әрине, оларды бірден ұрысқа араластырған жоқ. Чкалов қаласында он шақты күн әскери жаттығу сынақтарынан өткізілгеннен кейін сауаты бар жігіттер тоғыз айлық полк мектебіне оқуға жіберілді. Олар Уфа төңірегіндегі Алкино станциясындағы полк мектебін мерзімінен бұрын төрт айда бітіріп, ұрысқа Харьков қаласында 216-атқыштар дивизиясының құрамында араласады. Зәрубек бөлімше командирлігіне тағайындалды. Сержант, бөлімше командирі болып Украинада Харьков майданына ұрысқа қатысады. Мұнан әрі Украина мен Молдавияда соғысып, Калининградқа дейін барады.

Соғыста не жағдай болмайды дейсің?! Әсіресе мына бір оқиға ұзақ уақытқа дейін көз алдында сақталғанын айтып отырушы еді.

Күз мезгілі. Ұрысқа алғаш араласқан кез. Біздің солдаттар түнде бір селодағы бақша ішіне бекінеді. Айнала қалың ағаш. Таң қылаң бере жауынгерлер ағаш арасымен жау шебіне «уралап» шабуылға шықты. Жау тұтқиылдан басталған шабуылға абдырап қалды. Дегенмен естерін жиып, олар да оқты боратып жатыр.

Кенет Зәрубек жүгіріп келе жатып дәл жанынан, ағаш арасынан әлдекімнің көмек сұрап ыңырсыған дауысын естіді. Жетіп келсе, бейтаныс жауынгерді жау снаряды екі қол, екі аяқтан айырыпты…

«…Егер мына зұлым жау қарақшылық пиғылмен соғыс ашпаған болса, мына солдат та мұндай күйге түспес еді ғой. Жоқ, жаудан кек қайтару керек. Фашистердің күлін көкке ұшыру керек!». Осы ойға берілген еді ол сол сәтте. Әлгі жаралы солдатты бір жауынгерге медпунктке жеткізуді бұйырып, өзі алға қарай жүгіре жөнеледі.

Сол жолы біздің әскерлердің күші басым түсті. Ұрыста жау бекінісі алынып, көптеген қару-жарақтары қолға түсірілді. Бірақ біздің солдаттардан да көп шығын болыпты. Бір ротаның 60 адамынан небәрі 12-ақ адам тірі қалыпты. Сол ұрыстағы жауынгерлер ерлігі бағаланып, Отан наградаларына ұсынылды. Зәрубек Мырзағұлов ІІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.

1943 жылдың аяғы. Ол кезде Зәрубек — рота старшинасы. Фашистердің бұрынғыдай емес, беті қайтқан кез. Карпат тауларының арасында арбадан басқа көлік жүре алмайды. Біздің солдаттарға азық-түлік есек жегілген арбалармен жеткізіледі. Егер жазатайым есек арба оққа ұшар болса, онда солдаттардың жағдайы ауырлай түспек.

Бірде Зәрубек және екі жауынгер — үшеуі арбамен азық-түлік әкеле жатады. Есектер арбаларды қатпарлы тау арасынан әзер тартып келеді. Жау да бұларды байқап қалған екен. Қастарына қарсы беттен снарядтар түсе бастады.

Кенет жау снаряды Зәрубектің айдап келе жатқан арбасының дәл жанына түскендей болады. Бір алып күш ұшырып түсіргенін ғана сезді. Есін жиып, көзін ашса, жауынгерлер жан-жағынан қоршап отыр екен. Мұның басындағы каска, үстіндегі шинелі шұрқ тесік. Бір абырой болғаны, денесіне ауыр жарақат түспеген екен. Солдаттар оның аман қалғанына қуанып әрі таңданып жатыр. Жау снаряды дәл есектердің үстінен түсіпті.

Иә, соғыс жайлы әңгімені айтып та, ол туралы жазып та тауысу мүмкін емес. Ұлы Отан соғысы — ол бір таусылмас шежіре. 1944 жылдың наурыз айында Зәрубек ауыр жараланып, госпитальда он бір ай жатты. Ауылға 1945 жылдың желтоқсан айында бір аяғын сылтып оралды. Бірақ жай емес, майданнан кеудесіне ІІІ дәрежелі «Отан соғысы», ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерін, бірнеше медаль тағып келді.

Зәрубек Мырзағұлов елге оралған соң Ақтөбе педагогикалық училищесін сырттай оқып бітіріп, 35 жыл бойы ұлағатты ұстаздық жолда еңбек етті. Ұзақ жылдар бойы бастауыш сынып оқушыларына дәріс беріп, 1978 жылы құрметті демалысқа шығып  еді…

Оның бейбіт өмірдегі еңбегі жоғары бағаланып, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен және басқа да грамота, сыйлықтармен марапатталды.

Зәрубек ағадан алғаш білім алған шәкірттер — қазіргі шақта ел сеніміне ие болған абзал азаматтар, олардың өзі үлкендік қатарға ілікті.

Ардагер көзі тірісінде мектеп оқушылары арасында да жиі болды. Ұлы Отан соғысының оқиғаларын, ондағы біздің жауынгерлердің өшпес ерлігін жастарға  әңгімелеуден еш жалықпайтын.

Күні кешеге дейін Нұра ауылында бала-шағасының ортасында ұзақ ғұмыр  кешіп, өмірден  озған, соғыс пен еңбекте бірдей шыңдалған екі майдан ардагері, қартұстаз Зәрубек Мырзағұловтың есімін жерлестері ұмытпайды.

 Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button