«Мақтанам ұлыңмын деп сенің, қазақ…»

Қуандық Шаңғытбаев — 100
Биыл Қазақстанның халық жазушысы, драматург Қуандық Шаңғытбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай облыста бірқатар іс-шара өткізіледі. Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Мақтанамын ұлыңмын деп сенің, қазақ…» атты жыр кешін ұйымдастырды. Оқырмандардың басын қосқан іс-шара №78 жалпы білім беретін мектеп гимназиясында өтті.
Қазақтың белгілі ақыны Қуандық Шаңғытбаев 1925 жылдың 21 наурызында Қарабұтақ ауданында дүниеге келген. 1940-1943 жылдары Алматыдағы КазМУ-дің филология факультетінде оқыған. 1944-1955 жылдары Ақтөбе педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, «Актюбинская правда» газетінде тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Соғыстың соңғы жылдарында халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің әдеби хатшысы, 1955-1973 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы, «Жұлдыз» журналының бас редакторының орынбасары, бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Қазақфильм» киностудиясы сценарий-репертуар алқасының бас редакторы, «Мәдениет және тұрмыс» журналының жауапты хатшысы, қазақ радиосының әдеби-хабар бөлімінің бас редакторы болды.
1940 жылы І курс студенті Қуандық Шаңғытбаевтың тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Бұл — ұстазы Мәулен Балақаевпен бірге жазылған «Қазақ тілі» оқулығы. 1942 жылы «Қазақ жүрегі» деген атаумен тұңғыш өлеңдер жинағын баспаға ұсынған. Бірақ 1942 жылы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романына Бейсембай Кірісбаевпен бірігіп жазған рецензиясы үшін қудаланып, оқуын тастап, Ақтөбеге кетуге мәжбүр болған. Бұл жаққа Нұрпейіс Байғаниннің хатшысы ретінде жіберілген.
Әдеби кеш барысында қалың елін — қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақырған қаламгердің өнегелі өмірінен сыр шертетін қызықты деректер айтылып, ақынның әртүрлі тақырыпқа жазған өлеңдері оқылды. Сондай-ақ «Өмірім… Өрнектелсін өлеңіммен…» атты кітап көрмесі оқырман назарына ұсынылып, кітапханашылар арнайы жасақталған кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.
Қуандық Төлегенұлы — қазақ поэзиясында «Ар» атты жинағымен ерекшеленіп, өз үні, өз бояуымен танымал болған жазушы. Ол поэзияны қадірлейтін оқырмандардың сүйікті жазушысына айналды деп ойлаймыз. Оның шығармалары — ерік-жігерге, қайсарлыққа, намысты болуға үндейтін озық туындылар.
Біз осы жыр кеші арқылы ақын, жазушы, аудармашы Қуандық Шаңғытбаевтың мәңгі өлмес мұраларын насихаттап, оның қазақ әдебиетне қосқан өлшеусіз еңбегін өскелең ұрпақтың бойына сіңіре білдік. Биік рухымен, талантымен әдебиет әлемін мойындатқан жазушының шығармалары халық жадында сақтала бермек.
Айдана АСЫЛХАНОВА,
Н.Байғанин атындағы облыстық балалар
кітапханасының кітапханашысы.