Білім

Артық шыққан бір түп жусан

Ұрпақ

«Бір қозы туса, бір түп түп жусан артық шығатыны» туралы байлам баяғыдан-ақ айтылып келеді. Қазақ даласы қозы азайып, жусан шөлдеген шақтың да талайын бастан кешті. Бірақ, шүкір, қозы тіпті де таусылған жоқ, жусан  әлі шығып жатыр.

Қазақ баланы әдетте сол қозыға теңейтін, баланың ертеңгі нәпақасын құба жонда тегін өсетін сол жусанмен теңестіретін.

Енді баяғыдан бүгінге түсейік. Анау заманда, дәлірек айтқанда, өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары қозылардың қалай дәурендегені, жусанның қаншалықты бітік шыққаны, жұмбақтамай айтсақ, балалар әдебиетінің ырысы қалай тасығаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Мұзафар Әлімбаевтың балаларға арналған «Аспандағы әпке» өлеңдер жинағының Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлық алатыны немесе Қадыр Мырзалиевтің сәбилерге базарлық, үлкендерге нұсқаулық болған «Күміс қоңырау» таңдамалысының 40 мың дана таралыммен шыққаны сол кезеңнің жемістері еді.

Балалардың да, балаларға арнап жазатын қаламгерлердің де бір несібесі солайша артық болған сол заманның тағы бір тәуір үрдісі бар еді. Үкімет қаржыландыратын «Жалын» баспасы жыл сайын балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығармаларға республикалық жабық конкурс жариялайтын. Мысалы, кейін көрнекті жазушыларға айналған Тынымбай Нұрмағамбетов, Молдахмет Қаназов, Марат Қабанбаевтар қалың оқырманға ең әуелі сол конкурс арқылы танылған, олардың қазір қазақ балалар әдебиетінің алтын қазынасына енген «Қош бол, ата», «Қарлығаштың ұясы», «Чика — Дабылдың баласы», «Бақбақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виоленчель, және қасапхана» тәрізді повестері сол жылдарғы ілкі табыстар еді. Сол конкурста жүлде алған Күләш Ахметованың «Диалогтар», Ұлықбек Есдәулетовтің «Қара пима», Есенғали Раушановтың «Бердәулет пен Жоламан» атты толғау, поэмалары да оқырманды ерекше елең еткізгені де естен шыққан жоқ.

Бірақ балалар әдебиетінің басынан сипап жүретін сол үрдіс тоқсаныншы жылдардың басында демін үзді де, қайтып бас көтере алмады. Оның есесіне бұл кезде, ақындар айтыстарын айтпағанның өзінде, қазақтың көрнекті тұлғаларының есімдеріне арналған немесе ұлтымыздың тарихындағы елеулі даталарға орайластырылған республикалық мүшәйралар көбейді. Әрине, әдебиетімізді әлпештеуді мақсат тұтқан бұл бәйгелерге де дән риза болдық. Дегенмен бұлар әр тақырыпты қамтитын, әр кезеңде ұйымдастырыла салатын бір мезгілдік додалар ғана еді. Ал балалар әдебиетіне көз қырын салған ешкім болмады.

Міне, осындай ұзаққа созылған үнсіздіктен соң балалар әдебиетіне жаны ашитын бір меценат табыла кетті. 2006 жылы балаларға арналған үздік шығармаларды сарапқа салатын, ақшасы бар жүлде беретін республикалық «Дарабоз» бәйгесі жарияланды. Расын айтсақ, алғашында бұл бәйгенің ғұмыры ұзаққа баратындығына көпшілік күдікпен қарады. Үкімет мойнына алмаған шаруаны жеке ісімен жүрген адам жыл сайын тиянақтап отыратындығы сенімсіздік туғызуы заңды да еді. Бірақ бұл меценат, «ZHERCU» корпорациясының президенті Бауыржан Оспанов балалар әдебиетінің нәпақасына арналып жер бетіне артық шыққан бір түп жусан болды. Міне, жетінші жылға кетті, бәйге, тіфә-тіфә, жүрісінен жаңылған жоқ.

Әрине, Ақтөбеден тым шалғайда жүргендіктен көрмегесін, әңгімелеспегесін Бауыржан мырзаның (иә, шын мәнісіндегі мырзаның) былайғы жұрттан қандайлық ерекшеліктері бар екенін білмейміз. Бірақ бөтен біреудің шаруасындай көрінетін іске жеке қалтасынан ақша шығарып, таныс емес талайларға қазір кітап баспалары да төлей бермейтін қомақты қаражат ұсына салатын кісінің өзге бай-бақуаттылардан өзгешелеу екенін сырттай болжамдаймыз да қоямыз.

Әңгімеміз қалай да ақшаға келіп тірелген соң Б.Оспановтың осы бәйге үшін жыл сайын (жеті жыл бойы) қаншалықты шығынданатынын есептеуге тырысып көрелік. Мысалы, биыл 12 жүлдегерге жалпы алғанда, бұйырса, 2 миллион 728 мың теңге төленбек. Бұл — бір. Екіншіден, бәйгеге түскен шығармаларды таразылайтын қазылар алқасы қаламақысыз қалмайтыны және түсінікті. Үшіншіден, жүлде алған шығармалар үш-төрт айдың көлемінде белгілі жазушы Арасанбай Естен басқаратын «Баянжүрек» баспасынан екі тілде (қазақ, орыс) «Кәусар бұлақ», «Чистый родник» деген атпен әрқайсысы 1000 дана кітап етіп шығарылып, мектептер мен кітапханаларға тегін таратылады. Әрқайсысы 250-300 бет шамасын құрайтын, аса сапалы қағазға басылып шығарылатын жылтыр мұқабалы мұндай кітаптың құны қанша тұратынын баспагерлер анық біледі, біз әйтеуір арзанға түспейтінін сеземіз. Төртіншіден, бұл ретте қазақ тіліндегі шығармаларды орыс тіліне тәржімалайтындардың да, кітапты безендіруші-суретшілердің де ақысы желінбейтінін ұмытпайық. Сонда Бауыржан мырзаның қалтасынан жыл сайын шығатын қаражат, қазір тілге алдымен оралатын шамамен есептегенде, қанша шетелдік автокөліктің құнын құрайтынын ішіңіз білсін.

Ал мұндай жомарттықтың түп қазығы қайда жатыр? Деректер мынаны айтады. Жетісу өңірінде 1899 жылы Мамания мектебін ашқан Мамановтар әулетінің кенжесі Есенқұл қажы 1913 жылы роман бәйгесін жариялап, оған 2 мың сом ақша тіккен. Сол бәйгеде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы мен Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» шығармалары бас бәйгені иеленіпті. Би, батыр, бай бабаларына лайықты болғысы келгендер, осындай қимылдарымен лайықты болуды ойластырса, еш артықтық етпес еді-ау.

Айтпақшы, «Дарабоз» додасының бас бәйгесіне ие болғандар Есенқұл қажы Маманов атындағы сыйлықтың иегері болып саналады.

Біздің қолымызда «Кәусар бұлақтың» 2010, 2011 жылдары шыққан екі кітабы ғана бар. Бәйгенің өрісін осы кітаптар арқылы да баяндап өтуге болатын сияқты. Мысалы, бұл жылдары белгілі балалар ақыны Қастек Баянбайдың Есенқұл қажы Маманов атындағы сыйлықтың лауреаты болуы әйтпесе алты алашқа танымал қаламгерлер Сәкен Иманасов, Тұрлыбек Мәмесейіт, Әбубәкір Қайран, Нұрғали Ораздың жүлдегерлер қатарында тұруы заңдылық болып көрінетін болса, жиырма жастан енді ғана асып бара жатқан қаламгер Әлібек Байболдың «Теміржол вокзалы» хикаятының шымырлығы немесе мектеп оқушысы Алтынай Амангелдінің «Қаладан келген қағылез» атты сахналық қойылымының жүлдеге ілігуі көңілді қуанышқа бөлейтін оқиғалар болды. Оның үстіне бұл додаға Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қытайдағы қаламгер туыстарымыз да ат қосып жатады.

Тағы бір ескере кететін жайт, бәйгенің ұйымдастыру алқасының төрағасы Шәкен Күмісбайдың мәліметі бойынша, осы екі жылда озық шыққан 24 шығарманы былай қойғанда, додаға 1116 шығарма ұсынылуының өзі бір ғана Бауыржанымыздың қазақ балалар әдебиетіне хал-қадірінше үлес қосуды мақсат тұтқан қаншама талапкердің ықыласын оятқаны әбден көрініп тұр емес пе?!

Меценаттықтың түрі көп. Орыс жұрты, мысалы, аса дәулетті фабрикант, Түркістанда да мақта алқаптары болған Савва Тимофеевич Морозовты (1862-1905) атақты меценат есебінде қатты қадір тұтады. Сол Морозовыңыз не істеп еді дегенге келсеңіз, оның, мысалы, Мәскеу көркем театрының (қазіргі МХАТ) құрылысын жүргізуге, кейін дамытуға тұрақты түрде қаржы аударып отырғаны, Ресей социал-демократтарының «Искра» газетін қаржыландырып отырғаны алдымен айтылады. Демек, Есенқұлы қажылар, Савва Тимофеевичтер қай заманда да болған, қазір де бар екендігін көзіміз көріп отыр.

Бізге балалар жыл сайын 1 маусымда аталып өтетін Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ғана емес, қай кезде де керек. Оларға киім-кешек пен ас-тағам ғана емес, рухани азық та қажет. Көйлегі көк, тамағы тоқ балалар сөз арқылы келетін жарық сәулелерге де шомылып жүргені қандай ғанибет. Әу баста қандай тақпақтарды жаттап есейгеніміз, мектеп кітапханасына алғаш кірген кездегі ерекше сезім, өзімізбен шамалас сол ілгерідегі ұрпақтың қай кітаптағы қандай кейіпкерлерге еліктеп өскені, бәрі-бәрі әлі де санамызда жаңғырып тұр.

Балаларды ұмытпайық!

Ертай АШЫҚБАЕВ,

ақын, Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің екі дүркін жүлдегері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button