Тәлімгерлік және әлеуметтік қолдау

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы іс-шаралар» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Облыстық білім басқармасының жаңа басшысы Бұлбұл Күзембаева былтыр бала құқықтарын қорғау саласында 3 негізгі заң қабылданғанын айтып, осы бағытта атқарылған іс-шаралар туралы баяндады.
— 2024 жыл елімізде балалардың құқықтарын қорғау бойынша маңызды оқиғаларға толы кезең болды. Ең негізгісі — балалардың жағдайын жақсартуға, әсіресе әлеуметтік қолдау мен балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған үш негізгі заң қабылданды. Өткен жылдың ақпан айында «Баланың құқықтары туралы» заңға жетім балалар үшін тәлімгерлік институтын енгізу бойынша өзгерістер енгізілді. Енді ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәлімгерлердің жеке қолдауына жүгіне алады. Бұл жоба қазіргі таңда облыстағы «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы мен «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында белсенді түрде жүзеге асырылып отыр, — дейді Бұлбұл Күзембаева.
Қазіргі таңда 17 тәрбиеленушіге тәлімгер бекітілді. Тәлімгерлер балаларға орталықтан тыс жерде өзін-өзі ұстауды, көпшілікпен араласуды, сыртқы ортаға бейімделуді, өз бетімен өмір сүруді, сенімділікті, түрлі үстел және интеллектуалды ойындар ойнауға үйретеді. Тәлімгерлік — бір реттік шара емес, үлкен жауапкершілікті талап ететін ұзақ мерзімді жоба.
Мәселен, Әділжан деген баланың тәлімгері Костромин Алексей Петрович — ағылшын тілі курсының жетекшісі. Жоспары — Әділжанға ағылшын тілін тереңірек үйрету.
Былтыр сәуір айында әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында заңға қол қойылып, маусым айынан бастап өз күшіне енген болатын.
— Бұл заң 70-тен астам өзгерісті қамтып, балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Оның ішінде тәулік бойы көмек көрсететін 111 байланыс орталығының қызметінің бекітілуі, сондай-ақ балалардың құқықтары бойынша өңірлік уәкілдер институтын құру туралы жаңашылдықтарды атап өтуге болады. Осы мақсатта облыста «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы қызмет етеді. Ол жерде жетім балалар және қиын жағдайға тап болған балалар, сонымен қатар арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балалар орналастырылады. Былтыр орталықтың көмегіне 257 бала жүгінсе, қазіргі таңда мұнда 77 бала тәрбиеленіп жатыр.
Сонымен қатар тәулік бойы көмек көрсететін 111 байланыс орталығы қызметі мен өңірлік бала құқығы жөніндегі уәкіл туралы ақпарат барлық білім беру ұйымдарының ақпараттық стендтеріне, бала жүретін барлық жолдарға ілінді. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірде «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы ашылды. Орталық мамандары мектептегі психологиялық қызметтерді әдістемелік сүйемелдеу және балалар мен олардың ата-аналарына психологиялық және консультациялық көмек көрсету жұмыстарын атқарып жатыр, — деді Бұлбұл Күзембаева.
Елімізде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға қатысты маңызды қадамдар жасалды. Былтыр желтоқсан айында Сенат мұндай балаларға арналған отбасылық құрылымның жаңа формасын — кәсіби қабылдаушы отбасын енгізетін заңды мақұлдады, бұл олардың тұрақты ортадағы өмір сүру және тәрбиелеу жағдайларын жақсартпақ. Сондай-ақ заң бойынша қамқоршылық органдары мамандарының штат саны 5 мың балаға кемінде бір маман болып белгіленген, осылайша олардың жұмысының тиімділігін арттыру көзделіп отыр.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, былтыр 15 тамызға дейін облыста қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметін 21 маман атқарған. Маман қажеттілігін толығымен шешу мақсатында қосымша 45 қызметкер бекітілген.
Тағы бір өзгеріс — әлеуметтік көмектің кеңеюі. Енді жекеменшік мектептерде оқитын осал топтағы отбасылардың балалары қажетті мектеп керек-жарақтары мен тауарларды мемлекеттік мектептегі оқушылармен бірдей алатын болады.
Білім басқармасы басшысының баяндауынша, былтыр жекелеген санаттағы 17543 баланы мектепке қажетті оқу киімдері мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында жалпыға міндетті білім беру қорынан 761 445,6 мың теңге қарастырылған.
Сонымен қатар «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында өткен жылы үлкен жұмыстар атқарылды. Көктемгі су тасқыны салдарынан көмекті қажет ететін отбасылардың балаларын мектепке дайындау мақсатында ірі кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер қолдауларын аямады. 18122 балаға демеушілер тарапынан 548 573,0 мың теңге көлемінде мектеп формасы, спорттық киім, күрте, оқу құралдары алып берілді.
Ал 2025 жылға облыстағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының оқушыларын тегін тамақтануға 8,4 миллиард теңге (оның ішінде осал топ отбасының балаларына — 1,7 млрд теңге, 1-4 сыныптағы балаларға — 6,7 млрд. теңге) қаржы бөлінген. Мектепке қажетті оқу киімдері мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 16 624 балаға 768 494,3 мың теңге қаражат қарастырылған. 1 балаға — 46 228 теңге.
Бүгінге дейін 23 жекеменшік мектептегі әлеуметтік осал топтағы отбасылардағы 138-ге жуық оқушыға тиісті нормативтік құжат болмауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетілмеді. Жаңа оқу жылынан бастап меншік нысанына қарамастан, жекелеген санаттағы барлық оқушыларға толығымен қолдау көрсетілетін болады.
Өңірдегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 809 баланы тәрбиелеуге де мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп тұрады. Бұл топтағы балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету де жолға қойылған. Мәселен, былтыр 29 жасқа жетпеген жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша 178 (Темір — 1, Қобда — 2, Ырғыз — 4, Әйтеке би — 10, Байғанин — 10, Шалқар — 10, Ақтөбе — 142,) жас тұрғын үймен қамтылды.
А.БАЛЖАНАЙ.



