Тарих

Болжау сөз

Ақтан Керейұлының туғанына — 175 жыл

Қазақта сәуегей деген сөз бар. Мұны кейде көреген, көріпкел деп те жатады. Сәуегейлер дала мәдениетінде көптеп кездеседі. Расы, бұндай адамдардың көбі ақын-жырау – жалпы сөз ұстаған жандар болып келеді. Сәуегейлер болмысы, әрекеті бақсы-балшылардан өзгешелеу деген ойға тоқтаймыз. Халық осынау болмысы бөлек кісілерді құрметтеп, төрінен орын беріп әспеттейді. Ондай адамдарды тылсым дүниемен байланысы бар деп есептейді. Алдыңғы күнін болжаудың түрлі жолдары тағы бар. Мысалы, жауырыншы, құмалақшы, т.т. Жауырыншы қойдың жауырын сүйегімен келешекті бағдарлап жатады және сол айтқаны дәлме-дәл келіп тұрған соң көпшілік еріксіз мойындайды. Құмалақшы  бал ашып, жұрттың жоғалған малын-мүлкін, сапарын, т.б. алдын-ала айтып, бағыттап отырады. Біз көрген жерде жауырынмен көбіне-көп ауа райын қарайтын. Төрт түлік малымен күн көрген қазақ баласына қыстың, көктемнің, жаздың күн райы әбден маңызды. Сондықтан осындай балшы-балгерлердің пікірлерімен санасуға тура келген. Кезегінде балгерлер де нақты болжап, жылдың төрт мезгілінің райын өзінше айтып отырған.

Ал кейбір жыраулар, ақындар келешегін болжап, толғап келтірген. Асан қайғы, Бұқар жырау, Мөңке би секілді абыздар өз заманының заңғар тұлғасы атанып, кейінгіге кемел ойлар қалдырған. Мысалы, Мөңке би Тілеуұлы:

Құрамалы, қорғанды үйің болады,

Айнымалы, төкпелі биің болады.

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,

Ай сайын бас қосқан жиын болады.

Ішіне шынтақ айналмайтын

Ежірей деген ұлың болады.

Ақыл айтсаң ауырып қалатын

Бежірей деген қызың болады.

Алдыңды кес-кестеп өтетін

Кекірей деген келінің болады.

Ішкенің сары су болады,

Берсең итің ішпейді.

Бірақ адам оған құмар болады.

Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады,

Жастарға билігі жүрмес кәрің болады.

Ертеңіне сенбейтін күнің болады,

Бетіңнен алып түсетін інің болады.

Алашұбар тілің болады,

Дүдамалдау дінің болады.

Халықтың қанын сорған адамдар болады,

Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады,

Ит пен мысықтай ырылдасқан

Еркек пен қатының болады.

Сарылып келіп тосарсың,

Құны жоқ көк қағазды судай шашарсын,

Соның бәрін көресің,

Көріп барып өлесің, — деп, осы заманның келбетін жүздеген жылдар бұрын дәлме-дәл айтып кеткен еді. Мұндай кереметке қалай қарсы келерсің?! Түйсінесің де таңданасың.

Ал кешегі Әбубәкір Кердері шайыр өзінің білімдарлығымен келер күннің шырайын шын аңғарып, өркениеттің, ғылыми-техникалық прогрестің кезең-кезеңімен дамуының адамзатты табиғи эволюциясынан, адами табиғатынан бөлектеп, ұлттық салт-дәстүрлерден алшақтататынын аңғарған.

Тар шалбар, бешпет шықты қынамалы,

Жігітке шапан киген ұнамады.

Сары жез самауырыны тағы шықты,

Машина шүмегі бар бұрамалы.

Төсектен ерте тұрып бас ауырса,

Бөтен ем шайдан басқа сұрамады, — дейді шайыр. «Машина шүмегі бар бұрамалы» деп технологиялық өркендеу барысын тап басады һәм жаңашыл заман сұрын көп ұната қоймайды. Жігіттің шапанды тастап, тар шалбар, қынамалы бешпет кигенін де жақсы көрмейді. Жалпы, көшпенділік мәдениетте, далалық дүниетанымда белден төмен тырситып шалбар киіп жүрудің өзі өрескелдік. Қазір ерлер түгілі, әйелдердің өзі, Әбубәкір айтқандай, «тар шалбар, қынама бешпетке» құмар болды.

Кешегі бабалар, бүгінгі ғұламалардай қағаз кемірмей-ақ, Аристотель, Әл-Фарабиді оқымай-ақ, торы атын сипай қамшылап, қойын құрттап, шалабын ұрттап жүріп-ақ, небір философиялық ойлар қозғап кеткен. Әр қазақ бір Жаратқанға күмәнсіз сеніп, күнәлі іс жасауға бармай, арына дақ салмай өтуді арман мүддесіне айналдырған. Көшпенді жұрт дала философиясын терең меңгерген. Бірауыз сөзге керемет ойлар сыйдырып айтқан.

Мысалы, Ақтан ақын:

Адал жүріп, ақ сөйле,

Асығың түсер алшыдан, — деген екі жол сөзімен үлкен ой салады. Адалдыққа шақырып, жалған айтпай, ақ сөйлесең, бәрі жақсы болатынын келтіреді. Қазақы дүниетанымда асықтың алшыдан түсуі жолың ашылып, бәрі жақсы болады деген мағына білдіреді ғой.

Осы Ақтан ақын Мөңке би, Бұқар жыраулар жолымен осы заман сұрқын көзбен көргендей болжап айтып кеткен еді.

Бісміллә, рахман рахим —

Әуелі бастар сөз еді…

Асыл сөзді түсінер,

Қазағым дархан ел еді.

Таусылмайтын көңілі,

Ағайынға мол еді.

Сарқылмайтын байлығы,

Жарқыраған көл еді.

Ағалары ініге,

Үлгілі ұлы жол еді.

Ер-азамат сөз бастап,

Қызыққа елім толы еді.

Үлкенге кіші бағынып,

Заңы елдің жөн еді, — деп бұрынғылардың асқақ қалпын, байсалды болмысын байыптап тереді сөз зергері.

Жалпы, Ақтан ақын бұрынғы бабалардың жөніменен, әрбір жырын «бісмілләдан» бастайды. «Сөзімнің басы бісмілләм, бісмілләсіз іс қылман» деген нақыл да осы Ақтандікі. Ақынды кейбір ақсақалдар «діндар жан, шариғаттан түйгені мол» дейтін. Осы сөздің растығына көз жеткендей әсер аламыз. Оны:

Лә-илаһа ил алла,

Мұхаммед — Расулаллаһ—

Дәлелім мағруф Құраннан…

…Бесіншіден не жаман —

Бес уақыт намазың

Қаза болған сол жаман, — деген сөздерінен де аңғаруға болар еді. Ақтанның терең ілім меңгерген даңғайыр шайырлығына әлі де тоқталатын боламыз.

Шариғаттан мейлінше сусындаған жырау болжау сөзінде бүгінгінің шынайы жүзін былайша толғайды.

…Ағайын-туыс, дос-жаран

Бірін-бірі өлтіріп,

Татулық шамы сөнеді.

Шайтаны бар шараптар

Елдің болар қорегі.

Ағалардың ел басы

Нәжісі болар әлегі.

Жазылмас дерттер көбейіп,

Шомылып ұрық себеді.

Ақ жолдағы молдалар

Елін талап сөгеді.

Бақсы-балгер көбейіп,

Еліне салар бәлені.

Бір-біріне азаяр

Адамдардың көмегі.

Ел алдына шықпайды,

Болса да жігіт өнері.

Жомарттық кетіп байлардан,

Жетімге болмас берері.

Құл-құтандар би болып,

Арасын елдің бөледі.

Болжай алмай алысты,

Аяқ астын көреді.

Ішерге елім тарылып,

Қиын өмір сүреді.

Төрелік айтар билердің

Ақша болар қорегі.

Өсірген қыз бен келінің

Ойламас ата-енені.

Батасыз жастар көбейіп,

Оттары жанбай сөнеді.

Тірі жетім көбейіп,

Мейірімсіз өсіп-өнеді.

Керексіз болып туылар,

Дүнияның тәтті бөбегі.

Ұят кетіп қызыңнан,

Жалаңаштар денені.

Жез тырнақты, жалбыр шаш,

Кейпіне жынның енеді.

Ата-анасы ұл-қыздың

Айтқанына көнеді…

Осылай кете береді. Арғыдағы Мөңке бидің сөзінен кем дей алармысың. Айтқаны айнымай келіп тұр-ау, жарықтық! Бұл не сонда?

Ғалымдардың пікірінше, кейбір пенде ойы озық туып, ерекше ғұмыр кешеді. Кейбір жандар өзін-өзі дамытып, биік дәрежеге өз күшімен жетеді. Жалпы, барлық адамның да мүмкіндігі зор келеді. Тек сол мүмкіндікті дамытып, шегіне жеткізу кемшін. Ол үшін пенде өзінің кемшіліктерін жеңуге тиіс. Өз әрекетімен өзі күресіп, жеңіске жеткен кісі ғана тылсыммен байланысқа түсіп, небір кереметтер жасай алады. Яки санасы, жаны мен тәні таза кісінің көкірек көзі ашылып, өзгеге көрінбейтін ғажаптармен беттесе алады деген тылсым түсінік бар.

Саналы кісі бұл дүниенің мәнін, сырын ұғынуға тырысып шарқ ұрады. Яғни ақиқатқа жету жолына түседі. Мағжан Жұмабаевтың «бұл өмір абақты ғой саналыға», деуін тым тереңнен түсінген жөн. Шын ойланған адамға, расында, мына өмір абақты. Адамның ойы, қиялы шексіз, кең болғанымен, пенденің мүмкіндігі шектеулі. Әрбір кісі, мейлі ол бай болсын, мейлі дана болсын— мүсәпір. Мына жарық дүниеге қамаулы. «Мүсәпір» сөзі арабша «мусафыр» — саяхатшы, жолаушы, қонақ дегенге саяды. Ислам мәдениетінде адамды мүсәпіргетеңейтіні, өмір — тірлік-керуен, адам — жолаушы, яғни мүсәпір дегені. Бәріміз — жолаушымыз. Ұлы өмір-керуен жолын жалғай береді. Замана желі тоқтамайды. Керуеннің жолаушылары, керуен басы алмасып отырады. Бары сол-ақ. Тірлік, мына жалған дүние баянсыз. Өтеді, кетеді, бітеді. Адам байғұс қасірет шегіп, өксумен өтеді. Қорқыттың өлімнен қашып, мәңгі өмір іздеуінің мәні осында. Мәңгі өмір сыйлайтын су – «Әбілхаят» делінеді. Әбілхаятты іздеп табам деп шарқ ұрудың өзі пендеге үміт сыйлайды. «Мәңгі өмір сүремін» деген үміт қана. Осы себепті де саналы адам тым болмаса құс болып ұшып, еркін шалқып өткісі келеді.

Ақтан секілді алып ақындар легі де тірліктің сырын мейлінше ұғынып, ақиқатқа ұмтылғанын толғауларынан анық көре аламыз. Олар фәнидің жалғандығын сезініп, адами қасиеттерді жоғары ұстанып, бойы мен сойын таза сақтап, рухын ластамай, мұсылмандық көзқараспен мәңгілік мекенге — бақиға әулие кейпінде кетуді мансұқ етулі. Өзінің өскен ортасына мейлінше қызмет қылуға тырысқан. Көрген-түйгенін қазақы қалыпта, сұлу сөзбен сомдап, тыңдаушысының көкірегіне нәр құя білген. Сол жолда ізденіп, жетістіктерге жеткен.

«Мен кішірек қалада тұрамын, оны одан да кішірейтпеу үшін сонда тұра бермекпін», — депті Плутарх атты ғұлама. Ақтан Керейұлы да өзінің ойымен, шешендігімен, айтқыштығымен ауылының, жұртының абыройын асырды.

Әр пенде ұлты үшін, ұлысы үшін осындай ой кешсе, мемлекет жарқырап, жайнап, өсе түсер еді. Бұл — мәдениетті мемлекеттің бір көрінісі. Саналы, білімдар кісі жалпылықты ұстанады. Не көрсе де ұлысымен көреді. Хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ойын пайымдай білген жөн-ақ.

Бұған келгенде Ақтан ақынның да ой шеңбері ауқымды. Ол толғауларында алыстан орап, құлашты кеңге сермейді. Бірақ сол мезгілдегі заман талабынан аса алмайды. Ортасына сай ғана шендейді.

Аруақты аталар —

Барлығынан өтетін,

Қазақты асыл деп еді.

Сондықтан да ұрпағым,

Түзелер деп қисайып –

Сендерге бабаң сенеді.

Ақын, көрегендікпен келтірген толғауының соңын «түзелер» деп түйеді. Абыздың сәуегейлігі осылай деп тұрса, қазақтың халі әлі-ақ оңалып, көштің түзелеріне сеніммен қараймыз.

Ақтан Керейұлы төңірегін бұрында біраз қаузап, насихаттағанбыз. Сондықтан нақпалап таныстыруға асықпадық. Көзі қарақты оқырманға қысқаша мәлімет ұсынсақ, Ақтан Керейұлы (1850-1912) — Жем-Сағыз, Маңғыстау өңірін жайлаған жұрттың арасынан шыққан белгілі ақын, жырау, әлеуметтің алқасынан айшықты орын алған әйгілі «бес жүйріктің» бірі. Айтулы тақ-тақ. Азулы айтқыш. Бүгінге оның «Қаражан» атты әні де жеткен. Ол әндіқазақтың музыкалық мұрасын зерттеуші,1920 жылдың көктемінен 1923 жылдың аяғына дейін қазақтың 1000 әнін жинап,нотаға түсірген ғалым А.Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні»музыкалық-этнографиялық жинағына«Ақтан» деген атаумен таңбалап кеткен. А.Затаевич бұл әнді Жалау Мыңбаевтан жазып алғанын қалдырған.

Сонымен қатар Ақтан «Қырымның қырық батыры» аталатын циклдік батырлар дастанын жырлап кейінгіге ұластырған жыршы. Өнерге пәк періште көзімен қараған тума талант. Ол өзінің ұлы Бақтиярды Сағыз бойындағы Абдолла Хазірет Жаналыұлына мүрит етіп, шариғат жолына түсірген. Бақтияр кейін қудаланып, Орынбор аймағы, Ақбұлақтың «Советский» ауылына қоныстанып, 1930 жылдар үстінде жазықсыз шатылып кетеді. Бұл туралы З.Байдосұлының «Зұлмат пен үрей: зобалаң анатомиясы» жинағында мынадай ақпар жазылған: «Ақтанов Бақтияр, қаз. 1888 ж. Гурьев обл. Мақат пос-де туған. Мәртөк ауд. «Советский» с-зында бақташы. КССР ПХК Әск. тр. шеш. АЖК. 27.08.59ж. СССР ақтаған».Осы Бақтиярдың қызы Әминаның айтуынша, содан оралмаған.Бақтиярмен бірге Әлімнің даңқты жыраулары Үкі, Бекберген, Жаскелең, Бітегендердің соңғы тұяғы Махует (бір жерде Махмет деп те жазады) қоса шатылған деген де ақпар бар.Махует, Қарақалпақ, Бесқала жеріне жиі қатынап, сол жаққа қоныс аударған Хайролла Иманғалиевке бата берген, сол жақтың көптеген жырауларына өнегелі жол салған дүлдүл болатын. Әйгілі Жаскелең мен Бітіген жыраулар тірлігінде Ақтан ақынмен үзеңгілес жүргені белгілі.

Ақтан ақынның мұралары — жан-жақты зерделеуді қажет ететін толағай теңіз дүние. Ол «Қазақтың салты», «Сахилықтың белгісі», «Ерлік жыры», «Қайыспас бұлан нар едім», «Сен күштімін деп мақтанба!», «Замана жайында айтқаны», «Қармыс, Төлеп» дастаны, т.б. шығармалары легінде терең философиялық ойлар қозғап, арғы-бергі тарихтан тартып, адамзатқа ой тастап отырады. Шайыр замана жайында айтқан толғауында келер ғасыр сұрын салмақтап, ғұмырдың өткіншілігін, тозбайтын нәрсе жоқтығын сомдай келе былайша сабақтайды:

Кез болып орынды жер сөз басталған,

Өлең-жыр қатарынан тез басталған.

Жұрт болып назар етіп айт дегенде,

Ажарлы бола алам ба мен қашқаннан?

Қашаннан топқа қосқан бәйгекермін,

Желігіп дуды көрсе қайраттанған.

Өтіпті бізден бұрын неше жүйрік,

Арқалы талай жерде байрақты алған.

Әсемдеп өрнек төккен шебер де өткен,

Уыттап бал тамызған бармақтардан.

Тақылдап шерлі тілді шешенде өткен,

Халқына қызыл тілмен ардақталған.

Жарылған маңдайынан батыр да өткен,

Шеп құрып талмай шауып қалмақты алған.

Шамалы осы күнді абайласам,

Бұрынғы заман қалды айбаттанған.

Ақсақал биден білім, шешеннен сөз,

Батырдан, палуаннан қайрат қалған…

Жүрісінен жаңылмаған жорға көкірегіндегі қатталған пікір-кеңесін жырларымен өріп, өрістетіп жүрген ғой.Пенде шіркін жас уағында жасындай жарқылдап, өмірінің соңына таман ой кешіп, зарлы дүниелер төгетін әдеті ғой. Дәурені сарқылған сайын толғануы молайып, фәнидің опасыздығына шарасыздық танытып, жарық күннің шапағын қимай, өткен өмірін саралап, өзегін өртеген өкініші мен өткіншілікті жазмышқа балап, көнбіс күйге түседі. Абайшыласақ, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деуден басқа лаж бар ма?

Ақтан ақынның да салмақты, ойлы, замана келбеті туралы ашына айтқан толғаулары егде тартып, кемелденген шағындағы  шығармалары екенін ескереміз. Сондай-ақ болжау сөзі де егде тартып, жұртының қыры мен сырына әбден қанығып, рухани кемелденіп, биікке көтерілген тұсында айтқан дүниесі болса керек. Қалай десек те Ақтан Керейұлының «Болжау сөзі» ақынның болмысын, биік қабілет, көкірегінің нұрлылығын аңғартып, яки көрегендігінен хабар береді. Мұндай көреген кісілер ілуде біреу ғана. Болжауы Мөңке бидің сәуегейлігінен кем соқпайтын кереметтердің бірі. Сондықтан әлі де болса насихатталып, ақын шығармашылығы әр қырынан зерделене түскені абзал.

Есен-Түгел ӘЗИ,

философия докторы (PhD),

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button