Ауыл

Түлеген Тасөткел

Тасөткел — Ақтөбе облысының Ресеймен шектесіп жатқан, бұрынғы уақытта Қарабұтақ ауданына, беріде Хромтау ауданына қарайтын ауылдық округ. Тасөткел — менің туған жерім болғандықтан, оның да арғы-бергі даму тарихына біршама қанықпын, соны шамам жеткенінше қолжазба деректерге сүйене отырып, жазуды мақсат тұттым.

Тасөткелде жергілікті халықтың отырықшылыққа дейінгі тіршілігінде жайлауы  Шот-Жосаның бойы болса, қыстауы — Кішіқұм, Қарашоқат деп аталған. Жайлауы — қырда, қыстауы — ойда, құмның арасы. Жаз жайлауға көштің басын түзегенде наурыз тумай қозғалады екен де, мамыражай мамырда жайлауға жететін болған. Қазір Тасөткел ауылдық округінің аумағында да, Кішіқұм ауылдық округінің аумағында ежелден ел табанына тұрақтаған аталықтарға тиесілі жер-су аттары жақсы сақталған…

Ел аузынан жазып алынған ескі деректер бойынша Шот-Жосаның бойында Тасөткел атауы 1928 жылдардан бастап тұрақты қалыптасқан делінеді. 1932 жылы серіктік, 1933 жылы артель, 1935 жылдан бастап толықтай колхоз болып бекіген. Колхоз дегенде ірілі-ұсақты 12 колхоздың іргесі қалыптасқан, олар: Үйтас, Ұйымшыл Үйтас, Тереңсай, Ақтасты, Ащы, Тасөткел, Калинин, Құдықсай, Шөлқараған (Киров), Қарасу (Молотов), Жоса (Чапаев), Жаркөл. Бірақ аталған колхоздардың ішінде ірісі Тасөткел болғандықтан басқарма үйі, бастауыш мектеп, дүкен, астық қоймасы сынды шаруашылық нысандары осы жерде қалыптасқан.

Дәл сол кездері артель, серіктік, колхозды құрған және басқарған адамдардың қатарында Бөтенбай Алмағамбетов, Алдаберген Қосин, Балапан Жанбалин (серіктік), Сәрсен Балымбетов (артель), Тобықбай Молдиманов (колхоз), Набайдар Өткелбаев (ауылдық кеңес), содан кейін соғыс жылдарынан бастап Сәдуақас Қошалақов, Әділ  Сарманов, Шеген Серікбаев, Байзақ Ұзақбаев, Смағұл Бәйімбетов, Жұмағали Сарыбасов, Қожағұл Қарағұлов, Мырқы Өталин, Жолеке Қоянбаев, Есіркеп Малайдаров деген кісілер  ел тізгінін ұстаған.

Ел отырықшылыққа өтпей тұрған замандарда қазақы ауылдардың ұйытқысы байлар болған. Сондай байлардың бірі Тасөткелде Смағұл Тасмырзаұлы деген азамат өте сауатты адам болған, орысша тіл білген, бала оқытқан. Бұл кісі өзінің сауаттылығының арқасында шығар, бізге белгісіз, кәмпескеге дейін, артық малын елге таратып, өзіне қараған шағын малы мен отбасын алып, елден сыңсу айтып, қоштасып, көшіпті дейді. Сол Смағұлдың қарағай ағаштан салған биік, еңселі үйін жаңа өкімет өкілдері ауыл балаларын оқытатын мектепке айналдырған, Кейінірек, яғни 1937 жылы жаңадан 7 жылдық мектеп салынған соң әлгі үй интернатқа, одан кейін ауылдың кеңестің кеңсесіне, одан соң жылқы қамайтын қораға айналып, қазір тек орны ғана төмпешік болып сақталған. Мектеп құрылысына көрші колхоздар да белсене атсалысқан. Жүз жасаған әже Дәмегөй Жанбалинаның айтуынша, «Тасөткел» колхозы мектептің құбыла жақ бетінде тұрғызылған. Бұл адам осы мектептің іргетасын қазуға араласқан. Қазып жатқан кезде мектеп орнынан адамның асықты жілігі, құмыраға салынған ұсақ тиынға ұқсас заттар табылған. Кейбір ақсақалдардың болжамынша, осы орында ескі қорым болған дейді. Осы жағдай кейінірек мектептің бұзылуына тікелей себеп болған көрінеді. Мектеп еңселі, жеті бөлмеден тұратын, сынып бөлмелері 35-40 балаға есептеліп салынған екен. Құрылысты Ақтөбе қаласынан келген ұлты ноғай, прораб басқарған. Айтылған, табылған заттарды сол адам алып, Ақтөбе қаласына тапсырамын деп, кейін хабарсыз кеткен.

Жеті жылдық мектептің алғашқы директоры Нұркин Іскендірге, ерекше еңбегі үшін 1939 жылы 17 шілдеде Ленин ордені берілген. Аталған орденді оған Мәскеу қаласында Кремльде М.Калинин өз қолымен тапсырғаны туралы дерек бар. Оқу-ағарту жүйесінде мұндай жоғары атақ алу әсіресе сол кезде ерекше оқиға еді.

Негізінде жеті жылдық мектептің жаңа құрылысы сол кездегі ауылды басқарған Толықбай Молдимановтың уақытында қолға алынған. Жалпы мектептің орны есте жоқ ерте заманда ескі қорымдардың орны, тіпті «Бай қорғаны» деген жер деп те аталған делінеді…

Тасөткел ауылы сол кездегі саяси оқиғалардан да тыс қалмаған. Елді ұжымдастыруды өткізу үшін байлардың мал-мүлкін тәркілеген. Сондай тәркілеудің біріне Рысмағамбет деген бай ұшыраған. Мың жылқы айдаған байды барынан айырып, бала-шағасымен қоса Қарқаралы деген мекенге жер аударыпты. Бірақ Рысмағамбет бай кейінірек ретін тауып, елге оралып, ауырып қайтыс болып, сүйегі елде қалған дейді. Басқа байлар ертерек әрекет етіп, түрлі жолдармен нәубеттен жасырынудың жолдарын тауып, тәркілеуден аман қалған, бірақ қиындықтарға тап болған. Елден «Алашордамен байланысы бар» деген желеумен де айдалған адамдар болған, соның бірі —Торғай Темірбайұлы (менің немере атам), кейін ақталған.

Колхоз жұмысын жандандыру мақсатында стахановшылар қозғалысы деген ұйым құрылып, адамдар соған іліну үшін аянбай еңбек еткен. Соның ішінде соғыс уақытындағы тылдағы адамдардың еңбегі зор болған. 1935 жылы құрылған колхоздың уақытынан бастап, еңбек ардагерлері атанған адамдар қатарында соғыстан бронмен қалған: МТМ бастығы Ноғай Қалимуллин, комбайншы Төбет Есекенов, бригадир Шүкімбай Төлеубаев, шөп шабушы Құдайберген Айбергенов, сабан айдаушы Жұмабек Шотаев, дизельді трактор жүргізген Сербай Ыбыраев, әмбебап тракторының тізгінін ұстаған Сағын Қайрақбаев, сиыршы Быдыр Нысанов, тағы да басқа аты аталып, аталмаған азаматтар болған. Осылардың ішінде, айрықша айтқым келетіні, сол кездегі аудан орталығы болған Қарабұтақ ауданына соғыс уақытында елде қалған Шүкімбай атам жұмысты тоқтатпау мақсатында тракторын жөндету үшін жаяулап, алпыс шақырым жол жүріп, апарып-әкелетін болған дейді. Не деген жанкештілік, не деген еңбекке берілгендік десеңші! Біз атамыздың сол кездегі ерлігін мақтанышпен еске аламыз.

1935-1940 жылдары колхоз тұрмысы кеңінен құлаш жая бастаған тұста Ақтөбеден ұлты орыс Паша (қазақтар Бәшін атап кеткен) Тасөткел жеріне келіп, картаға түсіріп сызған. Ауыл жерінде негізгі өнім — тары егіліпті. Әркім өзінің қолынан келетін жұмысын жасап, колхозға көмегін берген. Осы жылдары елде стахановшылар қозғалысы қолдау тауып, «Тасөткел» колхозынан үш адам қатарға ілінген. Олар — Ахмет Жиенқожин, Жабай Көшербаев, Дәмегөй Жанбалина.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында ауылдық кеңестің төрағасы болып Байғабыл Сейітпаев қызмет жасаған. Соғыс басталғанда ауылдың ер-азаматтары түгелдей дерлік майданға аттанған. 12 колхоздан тұратын Тасөткел жері №13 ауылдық кеңес болып аталып, қазіргі қолда бар деректер бойынша осы жерден 165 адам соғысқа алынған. Негізінде одан да көп болуы мүмкін, өйткені Қарабұтақ әскери комиссариатынан да, Орск әскери комиссариатынан да соғысқа алынғандар болған. Сондықтан тізімде ала-құлалық бар, тереңірек зерттеуді қажет етеді. Майданға кеткендердің орнында жас балалар, ақ шашты аналар және тылдағы жұмысқа қажет деген санаулы адамдар колхоздың ертелі-кеш жұмысын атқарған. Соғыс уақытында ерлердің көбі әскерге алынып, әйелдер ауыр жұмыстарда жүрді. Солардың қатарынан колхоздың жұмысына белсене араласқан Үрбіш Тәжаяқова, Нағипа Бабаханова, Жұмагүл Жанбалина, Алданыш Жүсіпова, Нақила Сәрсенбаева,  Сұлу Өмірбаева, Бибіш Нұрымбетова, Тұрсын Төремұратова, Айсұлу Жанаева, Жаңылдық Қожабекова, Ермек Серікбаева, Құрақ Ізімова, Нәзипа Арықбаева, Айкөркем Школова, Рахман Боқаева сияқты апаларымыз аянбай еңбек етіп, тер төккен.

Сөйтіп жүргенде соғыстың жаманшылық хабары елімізге келе бастаған. Бірінші қара қағаз Сәдуақас Қошалақовтың атынан келген. Ауылға бірінші болып майданнан Жылкелді Төлеубаев, Сарбас Шыбынтаев сияқты жауынгерлер елге аман-есен оралған.

Германия жеріне дейін жеткен жауынгер-ұстаз Қошқылбай Бисеналин, екі майданның куәгері болған Оразғали Қартбаев, фашистік Германияны талқандаған соң, сонау Қиыр Шығыстағы Жапониямен арадағы соғысқа қатысып, Квантун армиясын жеңуге үлес қосқан Сәлімгерей Жетпісов, Кеңес Одағының маршалы К.Рокоссовскийдің қолынан мақтау қағазын алған Төлеген Әбілов, соғыстың аяғына дейін жауынгерлік ерлік көрсеткен, бейбіт заманда отыз жыл металлург болған Тағыбай Қынабаев секілді жерлестеріміздің есімдері әлі есімізде.

Соғыс аяқталған соң бейбіт өмір де өз арнасына түсе бастаған тұста халық шаруашылығын қалпына келтіру, соғыста күйзелген ел тұрмысын жақсарту бірінші кезектегі міндет еді. Аталған шараларды жүзеге асыруда әр жылдары басшылық қызмет атқарғандар қатарында Қожағұл Қарақұлов, Бимағанбет Меңдіғұлов, Рақыш Төрегелдин, Қанымбай Жетіруов, Сқақ Жәкеновтер абыройлы еңбек етті.

Қарапайым шаруа жұмысында өз еңбектерімен көріне білген. Ұштап Нұғыманова, Зібира Еселова, Лайық Жұмабаева, Нәзипа Арықбаева, Дәржан Оянова, Балуашан Бөгенбаева сияқты сауыншылар да бар. 1954 жылы тың игеруге байланысты колхоздарды біріктіру, ірілендіру шаралары қолға алынған кезде, 1957 жылы Тасөткел ауылдық кеңесі «Ярослав» совхозына №5 бөлімше болып қосылады да, 1962 жылы «Тасөткел» совхозы болып өз алдына отау құрады. Осыған сәйкес «Ұйымшыл Үйтас», «Тасөткел», «Шөлқараған» («Киров»), «Қарасу» («Молотов»), «Калинин», «Құдықсай» колхоздары «Ярослав» жеріне берілген.

Ащы, Ақтасты, Тереңсай «Щербаков» совхозының иелігінде болды.

Жоса, Жаркөл — Бөгетсай Үшінші интернационал аумағына берілген. Бір айта кететін жайт, аталған жерлердің барлығы Қарабұтақ ауданына тиісті болған.

1962 жылы «Тасөткел» совхозы құрылып, оның бірінші директоры болып Әбдікәрім Қойшекенов (1962-1966 жж.) тағайындалады, одан кейінгі директорлар: Абай Асанов (1966-1977 жж.), Орынбасар Наурызбаев (1977-1985 жж.), Өтеген Әділов (1985-1987 жж.), Мақсот Мұхамбетжанов (1987-1994 жж.), Асқар Сейітмағамбетов (1994-1998 жж.) уақыттарда шаруашылықты басқарған.

1992 жылы «Тасөткел» совхозының құрылғанына 30 жыл толуына орай, үлкен мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, ауыл халқы бұл белесті атап өтті. Сол кезде совхозда 28 мың қой, 2 мың ірі қара болыпты. Мұның барлығы Тасөткел ауылының халқы — біздің әкелеріміз бен ағаларымыздың өлшеусіз еңбегінің арқасында қол жеткізген табыс еді. Егіннен бидай, арпа, тары, жүгері өсіріліп жоғары өнім алынған. Оның ішінде бригадир ретінде аянбай, табысты еңбек еткен механизатор, әкеміз Әбдіжәми Төлеубаев аудан және облыстың «Таңдаулы тракторшысы» деген атағына ие болған еді.

1998 жылы совхоз таратылып, Тасөткел ауылдық округі болып аталып, ауылдың басшысы ретінде селолық кеңес төрағасы қызметі — әкім деген лауазымға өзгертілді. Сөйтіп, осыған дейін совхоздың уақытынан кеңес төрағасы болып қызмет атқарып келген Бақытберген Байсейітов Тасөткел ауылдық округінің бірінші әкімі болып тағайындалды. Сол кезден қазірге дейінгі уақытта Бақытберген Байсейітов (1998-2016 жж.), Қайрат Ташенов (2016-2018 жж.), Асқар Сейітмағамбетов (2018-2020 жж.), Аманғос Сасырауов (2020-2022 жж.) ауыл әкімі болып, қызмет атқарды. Ал қазіргі ауыл әкімі — Асылбек Баймұрзин.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдың тұрмысын көтеру туралы жүйелі жүргізіп келе жатқан саясатының нәтижесінде облыс аумағындағы ілгері дамыған көптеген елдімекендердің қатарына Тасөткел ауылдық  округінің де бүгінгі тыныс-тіршілігі қуанарлық жағдай.

Бейнелеп айтсақ, ауылда ғасыр жаңалығына татитындай жаңалықтар орын алды. Бұрын қорадағы малымен, алқаптағы егінмен күн көрген ауыл енді теміржолшылар мекеніне де айналды.

Тасөткел ауылдық округінің аумағынан Елордамыз Астана бағытында «Хромтау-Алтынсарин» теміржолы өтіп жатыр, Құдықсай, Жоса, Үйтас аталатын разъезд-станциялар бар. Ауылдың тұрғындары бұрынғыдай от жағып, күл шығармайды, әр үйге газ бен су кіріп тұр. Жол асфальт, көше жарқырап тұр, мектепке автобус қатынайды. Жаңа мектеп, жаңа медпункт, жаңа әкімшілік үйі алыстан көз тартады. Жеке кәсіпкерлер мал мен құс шаруашылығын жүргізіп, шағын дүкендер саудасын жүргізуде…

…Ауылымыздағы жасалып жатқан игілікті істердің әрқайсысында жанашыр жерлестеріміздің қамқорлығын сезінеміз. Сол ауылда туып-өскен әрбір перзенттің елге бүйрегі бұрып тұрады, жаны ашиды. Олардың туған жердің абыройын көтеруге алда да қызмет жасай беретіндігіне сенімдіміз.

Серік ӘБДІЖӘМИ,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button