Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бағыты
Ләззат ОРАЗБАЕВА,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.
Жұмыспен қамту қай деңгейде?
Өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және жұмыссыздықты азайту — өзекті мәселе.
Бұл ретте облыста «ҚР еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бағдарламасының іске асырылуы оң әсерін тигізіп отыр.
Бағдарламаның негізгі мақсаты — халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту.
Аталған тұжырымдама шеңберінде кәсіби білім беру, кәсіпкерлікті дамыту, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту жұмыстары жүргізіліп келеді.
Жыл басынан екі қолға бір күрек таппай жүрген 53 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына қатысты.Мұндай шаралардың бірі — еңбек нарығында тапшы болып отырған мамандар даярлау үшін аталған тұжырымдама шеңберінде жұмыс берушілердің сұранысы негізінде жұмыссыздарды қысқа мерзімді кәсіптік оқу.
Оқудың ұзақтығы (біліктілік пен дағды ерекшеліктерін ескере отырып) — 6 айға дейін. Бүгінде 738 адам оқуын аяқтап, оның 732-сі жұмысқа орналасты.
Оқу процесі 15 мамандық бойынша 5 колледжде және 12 оқу орталығында ұйымдастырылды.
Жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау бағытында халықтың нысаналы топтары үшін мемлекет субсидиялайтын 11 мыңнан астам уақытша жұмыс орны құрылып, әлеуметтік осал топтағы адамдар мемлекеттік қайтарымсыз гранттарға ие болды.
Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында мемлекеттік қайтарымсыз грант алғандар да баршылық. Грантқа ие болғандар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп, сақтандыру мен зейнетақы жүйелеріне енгізілді. Мемлекеттік гранттар алуға өтінімдер беру мерзімін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгілейді және Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік гранттар кімге беріледі?
Мемлекеттік гранттың нысаналы мақсаты — жаңа бизнесті іске қосу және дамыту болып табылатын өтеусіз берілген бастапқы капитал. Грант көлемі — 400 АЕК (1 476 800 теңге). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің жеке кәсібін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге, яғни қажетті инвентарьді, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды сатып алуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік грант алуға әлеуметтік осал топтар қатарынан тіркелген жұмыссыздар немесе жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады. Яғни әлеуметтік осал топтарға: Аз қамтылған отбасы мүшелері (яғни АӘК алушылар); еңбекке қабілетті мүгедектігі бар азаматтар; мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар; көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы); оралмандар немесе қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар тұлғалар; асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар жатады.
2024 жылы облыс бойынша 566 адамға (мүгедектігі бар бала тәрбиелеуші — 83 адам; көпбалалы отбасы — 355 адам; мүгедектігі бар азаматтар — 96 адам; асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушылар — 24 адам; атаулы көмек алушылар — 8 адам) грант беріліп, жоспар толығымен орындалды.
Жұмыспен қамту шараларының бірі — жастарды меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы, алдыңғы 3 жыл ішінде оқуын аяқтаған және 35 жастан аспаған жұмыссыздарға арналған жастар тәжірибесіне жолдау. Қатысу мерзімі — 12 айдан аспайды.
Сонымен қатар «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске қосылып, еңбек нарығында жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларға қажетті еңбек дағдыларын үйрету, алғашқы жұмыс орнына бейімдеу мақсатында, алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, жиырма тоғыз жастан аспаған, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ жастар қатарындағы жұмыс іздеп жүрген адамдар үшін жүзеге асырылып келеді.
Жұмыс берушімен жасасқан шарт негізінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша қатысушыны кемінде жиырма төрт айға тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастырады, бұл ретте жұмыстың бірінші жылы үшін еңбекақыны субсидиялайды.
«Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» жобалары
Зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыскерлерді кейін алмастыру бағытында «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы да іске қосылды.
«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша жұмысқа орналасуға жастар, көпбалалы, табысы аз отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер басым құқыққа ие. Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде «Еңбек» бағдарламасына қатысушыны кемінде он сегіз айға тұрақты жұмысқа алады, бұл ретте еңбек мобильділігі орталығы жұмыстың алты айы үшін еңбекақы төлеуді субсидиялайды.
Жалақысын субсидиялау арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына облыстың 1 800 адамы жұмысқа орналасты, олар — негізінен көпбалалы аналар, мүгедектігі бар азаматтар, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандар, зейнет жасына толмаған жастағы адамдар.
Зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартуға бағытталған «Күміс жас» жобасына 50-ге толған жұмыссыздар 3 жылға дейін қатыса алады, оған 1 300-ге жуық адам бағытталды.
Біліктілік пен білімділікті қажет етпейтін, экономикалық және әлеуметтік маңызы бар ақылы қоғамдық жұмыстарға 5 500-ден астам адам жіберілді. Олар, негізінен,белгілі бір себептермен өз бетінше бос жұмыс орындарына тұра алмаған азаматтар. Қоғамдық жұмыстарға қатысушылардың 69 пайызы тек орта білімі бар, шалғай ауылдарда тұрады.
Аталған бағытта жұмыс істеп жатқан адамдармен кездесіп, жұмыс барысымен танысу мақсатында Мұғалжар ауданына қарасты Қандыағаш қаласы, Еңбек, Ақкемер ауылдарына және Алға ауданына қарасты Алға қаласы, Тамды ауылына, Мәртөк ауданына қарасты Мәртөк пен Сарыжар ауылдарына барып, сұхбат жүргізілді. Мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар, көпбалалы аналар, жұмысқа жарамды мүгедектігі бар адамдарға икемді кестемен ақылы қоғамдық жұмыстың маңызы зор. Санитарлық тазалық, жұмысшы, абаттандыру жұмыстары, кіші қызметкер, құжаттарды тіркеу, күзетші ретінде жұмыс атқарып жатыр, сонымен қатар«Күміс жас» жобасы мен мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болған адамдармен кездесу жүргізіліп, сұрақтарына жауап берілді.
Сонымен қатарМұғалжар және Алға аудандарының Мансап орталығы тарапынан көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтердің жай-күйімен танысып, қызметкерлермен кездесті.
Электронды порталды пайдаланыңыз!
Жұмыс іздеп жүрген адамдар электронды еңбек биржасы порталы (enbek.kz) немесе e-gov электронды үкімет порталынан жұмыссыз ретінде тіркелуге болады. Мансап орталығына жолықпай, Электронды еңбек биржасы порталына өз түйіндемесін жариялап, бос жұмыс орындарымен танысып, тікелей жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бар.
Сонымен қатарЭлектронды еңбек биржасы порталында (enbek.kz) еліміз бойынша бос жұмыс орындары, жұмыспен қамтудың шаралары, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқу, мамандықтар атласы, мамандықтар бойынша 2024-2026 жылдарға қажеттіліктер көрсетілген. Онлайн режимде кәсіптік оқыту (skills.enbek.kz) платформасында әртүрлі бағыттар бойынша 603 курс жарияланған, оның 271-і — тегін оқыту. Ұялы телефон арқылы аталған электронды еңбек биржасы қосымшасын жазып алып, мемлекеттік қолдау шараларымен танысуға болады.
Жұмыспен қамту мақсатында жоғары және арнаулы-орта оқу орындарының түлектеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, адам көп шоғырланатын жерлерге акциялар ұйымдастырылып, бекітілген жоспарға сәйкес бос жұмыс орындары жәрмеңкелері үнемі өткізіліп тұрады.
Жыл басынан 137 бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, 1764 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты. Нәтижесінде жұмыспен қамту бағытында алынған іс-шаралар оң қолдау тауып, әр отбасының табысын көбейтуге мол мүмкіндік берілді.
Осы қабылданған шаралар нәтижесінде Ақтөбе облысының статистика департаментінің мәліметі бойынша 2024 жылдың 3 тоқсанына жалпы жұмыссыздық деңгейі — 4,7%, жұмыссыздар саны — 22,7 мың адам болды.
Әлеуметтік көмек алушылар
Қолданыстағы Заңнамаларға сәйкес отбасына кіретін кірісі адам басына шаққанда белгіленген кедейшілік шегінің мөлшерінен аспайтын (күнкөріс деңгейінің 70%-ы, статистика департаментінің мәліметіне сәйкес тоқсан сайын өзгеріп отырады) отбасының АӘК алуға құқығы бар.
Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы кірісі мен белгіленген кедейшілік шегі мөлшерінің ортасындағы айырмашылық ретінде есептеледі.
Жан басына шаққандағы орташа табыс атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеп шығарылады.
Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептi кезеңде алынған табыстың барлық түрлерi ескеріледі.
Атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру Электронды Үкімет порталының «Әлеуметтік қамсыздандыру» — «Отбасына көмек» бөлімінде қолжетімді.
Интернет желісімен және компьютермен қамтамасыз етілмеген аз қамтылған отбасылары Мансап орталықтарына, қалалық, ауылдық округі әкімдіктерінде өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы мамандардың көмегімен өтініш бере алады.
Алайда, отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмыс жасамаса немесе жұмыс жасап, міндетті жарналары аударылмаса, міндетті түрде жұмыспен қамту органдарының жолдаған белсенді шараларына қатысуы қажет.
Бала күтімімен аналар 3 жасқа дейін үйде отыра алады. Егер ол адам ұсынылған жұмыстан бас тартса немесе жұмыспен қамтудың белсенді шараларына (тұрақты немесе уақытша жұмыстарға бару, оқу, шағын несие алу,т.б.) қатыспаса, барлық отбасына АӘК тағайындаудан бас тартылады.
Жыл басынан 3 006 отбасына— 15 765 аз қамтылған азаматқа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек— 1 443,3 млн теңге және осы отбасылардың 1-6 жастағы 5 014 баласына қосымша 222,3 млн теңгеге әлеуметтік төлем төленді.
Облыстың 226 отбасына 3,8 млн теңгеге тұрғын үй көмегі тағайындалды. Одан басқа жергілікті өкілетті органдардың шешімдері негізінде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы ақшалай төлем қарастырылған, 43 769 адамға 4 816,9 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Оның ішінде 4 683 мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына 702,3 млн теңге және табиғи жағдайлардан зардап шеккен 4 722 отбасына 1 753,6 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.
Мүгедектерді әлеуметтік қолдау
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау—басты міндеттердің бірі.
Бүгінгі таңда өңірде 30 308 мүгедектігі бар азаматтар тұрады, оның ішінде 5 313-і — балалар. (Анықтама: 1-топ — 3316, 2-топ —10312, 3-топ — 11367).
2020 жылдың қаңтарынан бастап мүгедектерді техникалық оңалту және қызмет көрсету құралдарымен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді.Әлеуметтік қызметтер порталы — мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді өз бетінше сатып алуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе.
Портал мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы болу және көрсетілетін қызметтер мен оңалтудың техникалық құралдарының сапасын арттыру үшін енгізіледі, онда оларға жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оңалтудың техникалық құралдарын таңдау құқығы беріледі.
Әлеуметтік қызметтер порталының енгізілуіне байланысты мүгедек адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мерзімі қысқартылады.
Әлеуметтік қызметтер порталында мүгедектігі бар адамдар қызметтің 55 түрі бойынша өткен жылдың 1 желтоқсанына 22 659 адам техникалық оңалту құралдарымен және санаторлы-курорттық сауықтырумен қамтамасыз етілді.
Облыста мүгедектігі бар адамдарды оңалту, реабилитациялаудың жеке бағдарламаларына сәйкес қарт азаматтар, мүгедектігі бар адамдар және 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын медициналық-әлеуметтік мекемелер қызмет көрсетеді.
Онда 762 мүгедектігі бар азамат арнайы әлеуметтік қызметтерді стационар жағдайында алуда, олар — 250 орындық «№1 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де (қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат үйі), тұрғындар саны 229 адам(оның ішінде: 142 қарт, 87 мүгедектігі бар азамат); 430 орындық «№2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де (жүйке аурулар интернатүйі), тұрғындар саны — 424 адам; 70 орындық «№3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де 18 жасқа дейінгі (жүйке ауруымен ауыратын) 49 мүгедектігі бар балаға қызмет көрсетілуде.
Былтыр 22 қазанда Ақтөбе қаласында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы және «Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры өкілдерінің қатысуымен менталды бұзушылықтары бар балаларға арналған №4 «Қамқорлық» орталығы іске қосылды, онда 60 бала әлеуметтік қызмет алып жатыр.
Жыл сайын арнаулы әлеуметтік қызметтерді 3 мыңнан астам қарттар мен мүгедектігі бар адамдар алады. Бұл ретте әлеуметтік қызмет көрсету нысанын (стационар, жартылай стационар (күндізгі бөлімшелер) үйде күтім жасау жағдайында) таңдау мүмкіндігі жасалды.
Үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерді бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларға, бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға, психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, жасына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын адамдар ала алады.
Бұл экономикалық жағынан да, әлеуметтік жағынан да, мүгедек балаларды оңалтудың күндізгі орталықтарында, мүгедек балалар мен қарт адамдардың отбасында тұруын ынталандыру және қолдау орталықтарында әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа нысандарын дамыту тиімдірек болып табылады.
Осыған байланысты ҮЕҰ-ның арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге қатысуын кеңейту туралы ерекше атап өткен жөн. Бүгінгі таңда облыс бойынша жартылай стационар және үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерді 8 үкіметтік емес ұйым көрсетеді.
Үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерді 18 әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі көрсетеді, онда 391 мүгедек бала және 1668 жалғызбасты қарттар мен мүгедек адамдар қызмет алды.
Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Ақтөбе қаласында және облыс аудандарында «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда облыста 24 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бар, онда 2132 адам қызмет алды. Алға және Қобда аудандарында осы жобаны іске асыру аясында коммуналдық мемлекеттік мекемелер ашылды.
Облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Инватакси» қызметтері көрсетіледі. Аталған қызметтерді мүгедектігі бар 1849 адам алды.
Мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне кедергісіз қол жеткізуі үшін 2023-2027 жылдарға 1292 объектіні бейімдеу жоспарланып, бүгінде 904 объект бейімделді. Бейімделген объектілер «Интерактивті қолжетімділік картасы» порталына тіркелді.
Өңірде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары жалғасуда.