Басты жаңалықтар

Халқымен мәңгі жасайтын Әлия…

Биыл Жеңістің 80 жылдығы болса, сол қан майданда ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына — 100 жыл.

Екінші дүниежүзілік соғыс дегенде ақтөбеліктердің есіне, алдымен, есімі талай ән-дастанға арқау болған мерген Әлияның түсетіні сөзсіз. Өйтпегенде ше, небәрі 19 жасында Отан үшін отқа түскенқаһарман қыздың өмірі мен ерлігі қандай құрметке де лайық. Батыр қызын Ақтөбе өз деңгейінде дәріптеп жүр: қаланың басты көшелерінің бірі соның атымен аталса, осыдан 4 жыл бұрын Ақтөбе халықаралық әуежайына Әлияның есімі берілді. Сол сияқты Астана мен Әлияның туған жерінде еңселі ескерткіштер де бар. Бұдан басқа Әлияның атындағы нысандарға, жалпы оған арналған өнер туындыларына шолу жасасақ дейміз…

Әйгілі әнге — 50 жыл

Әйгілі әнші Роза Рымбаева орындайтын «Әлия» әнін білмейтіндер кемде-кем. Әлия Молдағұлова есімі аталғанда бірінші боп ойымызға осы туындыоралады. Алғашқы аккордынан-ақ тыңдарманды тебірентіп, асқақ рух сыйлайтын композицияның авторлары — Ақтөбеден шыққан ақын Бәкір Тәжібаев пен композитор Сейдолла Бәйтереков, осылайша, батыр қызымызға әннен ескерткіш орнатты. Әйгілі ән қалай жарыққа шықты?

Әнді 1975 жылы шығардым. Оған дейін осы әуен біраз ойымнан кетпей, құлағымда «ойнап», ыңылдап қана жүрдім. Бірде Бәкір Тәжібаевтің жыр жинағын оқып отырғанымда, Әлия Молдағұловаға арналған өлең жолдары көзіме түсті. Әлгі музыкаға салып едім, құйып қойғандай дәл келді. Бұл арнау емес, жоқтау ән. Балғын қыздың ерлігін ұлықтау, ел жадында қалдыру үшін осындай ән қажет-ақ, — деп көзі тірісінде естелігімен бөлісіпті С.Бәйтереков.

Бір қызығы, аталған әнді алғаш боп «Жетіген» ансамблінің сүйемелдеуімен Қазақстанның халық артисі Нағима Есқалиева студенттер арасындағы ән байқауында шырқапты. Осы орайда Нағиманың да Ақтөбеге бөтен емес екенін, әкесі осы өңірдің тумасы екенін айта кету керек. Дей тұрғанмен көпшілікке «Әлия» әні Роза Рымбаеваның орындауында танылды. Сахна сандуғашы 1977 жылы Болгария мемлекетінде өткен «Алтын Орфей» фестивалінде осы әнмен бас жүлдені иемденді.

Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаеваның өзіне хабарласып, «Әлия» әнінің оның шығармашылығына қалай әсер еткенін білдік.

— «Әлия» — менің бойтұмарымдай болған ән. Қай қалаға барсам да, көрермен «Әлияны» айтыңыз!» деп сұрайды.

Бір айтарым, қай кезде де нақты бір адамдар туралы ән өте сирек жазылады. Ал Ақтөбенің батыр қызы — Әлияға арналған ән бұл жағынан шоқтығы биік. Өйткені ол — Кеңес Одағының Батыры, сұрапыл соғысқа аттанған санаулы қыздардың бірегейі. Әрі Әлияның өзі айтылуға жеңіл, естілгенде де құлаққа жағымды есім ғой. Әннің әуені өте әдемі, ал сөзі қандай! Кез келген байқауларда ұялмай орындауға болатын, әншінің вокалдық мүмкіндігін толық аша алатын күрделі туынды. Осы әніммен әлемнің жартысын аралап, талай музыкалық байқауларда шырқадым. «Әлия» әнінің авторлары — Сейдолла, Бәкір ағаларға алғысым шексіз. Әнді өңдеп, әрлеген жолдасым Тасқын Оқаповтың да еңбегін атап өтпесем болмайды. 

Әлия апамыз соғыстан аман оралғанда, арамызда немерелерімен бірге жүрер ме еді?! Өкініштісі, жастайынан қиындықты көп көрген ол өмірдің ешқандай қызығын көрмей кетті. Әке-шешесі жоқ, турасын айтқанда, қорғансыз жетім қыздың басындағы трагедия ғой бұл. Бір жағынан, бұны Әлияны жоқтау ән деп қабылдауға болады. Сондықтан оны орындағанда, ән кейіпкерінің тағдырын ойлап, жылағым келеді, — деген Роза Қуанышқызы соңғы рет гастрольдік сапармен Қобда ауданында 2018 жылы болғанын, ұйымдастырушылар табылса тағы да баруға дайын екенін айтты.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына 122423 ақтөбелік аттанып, олардың 36 мыңнан аса жауынгер майдан шебінде мерт болды. Жауынгер-жерлестеріміздің 35-і Кеңес Одағының Батыры, 9-ы «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.

Тасқа қашалған тарих

Мерген арудың құрметіне облыс орталығында — 2, ал туған жері Қобда ауданында 3 (Қобда, Әлия және Бұлақ ауылдары) ескерткіш орнатылған.

Ескерткіштердің арасында 1960 жылы тұрғызылған Ақтөбе қаласы Шернияз көшесінің бойындағы Ә.Молдағұлованың ескерткіш-бюсттің шоқтығы биік. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген монументтік өнер құрылысы — төртбұрышты гранитті стилобад (3,3мх3,3м) түріндегі архитектуралық құрылыс. Ортасынан трапеция тәрізді биіктігі 2,6 метр, ені 0,6 метрлік төрт қырлы тұғыр көтеріледі. Тұғырда батыр қыздың биіктігі 1,3 метр мүсіні орнатылған. Онда белден жоғары әскери гимнастерка киім және басында пилоткамен бейнеленген. Кеудесінде Кеңес Одағының Батыры деген жұлдызша бар. Авторлары — Е.Штамм және Л.Рапутов.

Әлияның құрметіне қойылған Ақтөбе қаласындағы Ағайынды Жұбановтар көшесі мен Ә.Молдағұлова даңғылы қиылысындағы мемориалды ескерткіш кешені де көпшілікке жақсы таныс. 2005 жылы бой көтерген сәулет өнерінің көлемі 830 шаршы метрді алып жатыр. Батыс жағында екі жартысфера тәрізді барельефте қазақ халқының тарихы бейнеленген. Барельефтің биіктігі — 2метр, ал ұзындығы — 13,8 метр. Қола мүсіннің биіктігі — 3,5 метр, гранитпен қапталған тұғырдың биіктігі — 2,43 метр. Стилобадтың үстіне қоладан құйылған солдат дорбасы мен каскасы қойылған.

Мемориалды кешеннің мүсіншілері — Б.Әбішев, Е.Сергебаев, сәулетшілері— В.Кацев, Ж.Айнабеков.

Соңғы аталған мемориалды кешеннің көшірмесі Астана қаласында орнатылған.

Ресми деректерге сүйенсек, облыста Ұлы Отан соғысына байланысты ескерткіштерден республикалық маңызы бар тізімге тек 2 сәулет өнері енген: Кеңес Одағының Батырлары В.Пацаев пен Ә.Молдағұлованың ескерткіш-мүсіндері.

11703 жәдігері бар мәдениет мекемесі

Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай ашылған Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі де биыл атаулы датаны еңсергелі отыр. Жалпы көлемі 331,6 шаршы метрлік мәдениет мекемесі 40 жылдан бері келушілерге Әлия туралы сыр шертіп келеді.

Мемориалды музей — жастарға әскери-патриоттық тәрбие беріп, ақтөбелік батырлардың ерлігі мен Ұлы Отан соғысына қатысты естеліктерді, құжаттарды жинақтап отырған  орталық.

Мұнда батыр қыздың өмірі мен ерлік жолын айқындайтын мәліметтер, «Виртуалды промоутер», 3D форматындағы рельефті карта секілді қазіргі заманауи музей жабдықтарыбар. Музей қорында 11703 экспонат сақтаулы.

Әлияға тікелей қатысты құнды экспонаттардың бірі —  батыр қыздың Ресейдің Ярослав облысы Вятское селосында оқыған кезіндегі сынып журналы. Вятское селосындағы Әлия Молдағұлова оқыған мектептің сынып журналы Ақтөбеге 1980 жылдардың басында әкелінген. Қазір музей қорында сынып журналының бірнеше беті сақтаулы. Оның басқа жәдігерлерден ең басты артықшылығы — түпнұсқа екендігінде. Сарғайып кеткен журнал парағында 29 оқушының аты-жөні бар. Пән атауы деген тұсқа «география» деп жазылған. Лия Молдагулова тізімге 24-ші болып алыныпты. Журналдағы 29 баланың соңғы тоғызының аты-жөні сиясы қанықтау қаламмен толтырылған. Әлия музейіндегі бұл құнды экспонатты Ақтөбеге журналист Орынбасар Бекмағамбетов алып келген.

Батырдың туған жері — Қобда ауданы Бұлақ ауылында 2021 жылы 11 қыркүйекте музейіміздің бөлімшесі ашылды. 90 шаршы метрлік аумақта да Әлияға қатысты жәдігерлер қойылған. Атап айтсам, бірінші бөлмеде қаһарман қыздың өмірбаяны,  ауылдас тума-туыстарының суреттері болса, екінші бөлмеде соғыс уақытында пайдаланған заттар, майдандастар туралы мәліметтер жинақталған.

Біздің қызметкерлер Әлияның табаны тиген жерлерге сапарлар, туыстарымен кездесулер, басқа да танымдық-тағылымдық шараларды өткізіп, сол арқылы батырдың есімін ұлықтауға айрықша мән береді, — дейді аталған музейдің директоры Жанар Мақсұтова.

Мемориалды музейде барлығы 19 адам еңбек етеді.

АЙТПАҚШЫ…

Әлия Молдағұлованың шын есімі — Ылия Нұрмұхамбетқызы Сарқұлова. Ылия деп үлкен нағашы әжесінің есіміне ұқсаттырып, ырымдап қойылған Бірақ Ресейде оны Лия деп атаса, кейіннен ол Әлия деп аталып кеткен. Кей жерлерде оның есімін Ілия деп те келтіреді. Дұрысы — Ылия. Себебі Әлияны 40 жыл зерттеген әлиятанушы Ғалымжан Бәйдербестің кітабында және нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың естеліктерінде  шын есімі Ылия деп жазылған.

Патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы

Қызғалдақ ғұмырдың иесінің құрметіне Қобда ауданында «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы жұмыс істейді. 2005 жылдан бері қызмет ететін мекемеде, аты айтып тұрғандай, Әлия Молдағұлованың өмірін, ерлігін үлгі ете отырып жастарға патриоттық тәрбие беру — басты мақсат. Мұнда мәдени іс-шаралар, спорттық және әскери-патриоттық сайыстар өткізуге және жастардың демалуына жағдай жасалған. Бұл жерде Әлия білім алған, тәрбиеленген, жалпы жүріп өткен — Алматы, Ресей Федерациясындағы Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосокольники, Вятск өңірлеріндегі музейлермен тығыз байланыс орнатылған. Орталық жанынан құрылған «Балауса», «Жас ұлан» клубтары бар. Шағын музей жасақталған.

Батыр атындағы әуе қақпасы

 2021 жылдың 27 сәуірдегі Үкімет отырысында «Ақтөбе халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамына Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімін беру туралы ұсыныс қаралды. Келесі күні Премьер-Министр қол қойып, Үкіметтің №276 қаулысы шығарылды. Көп ұзамай аталған құжат ресми түрде жарияланып, Әділет министрлігінде арнайы тіркеуден өтті.Сөйтіп, осыдан 4 жыл бұрын Ақтөбенің әуе қақпасының маңдайшасына латын әріптерімен батыр қыздың есімі жазылып, ішіне Әлияның бюсті (авторы — мүсінші Жеңіс Жұбанқосов) қойылды.

Елішілікті айтпағанда, халықаралық бағыттағы рейстер жүргізілетін әуежайсағатына — 450, ал жылына 3 миллион жолаушы қабылдай алады. Жасанды ұшу-қону жолағының ұзындығы — 3300 метр, ал ені — 45 метр. Жалпы аумағы — 905 гектар.

 

Молдағұлова даңғылы

Ақтөбе қаласының орталық көшелерінің бірі — Ә.Молдағұлова даңғылы.Даңғыл автомобиль жолдары көпірінен басталып, қаланың оңтүстік-батыс шетіне дейін созылады. Даңғыл Әбілқайыр хан, Сәңкібай батыр даңғылдары, Есет батыр, ағайынды Жұбановтар,Рысқұлов көшелерімен қиылысады. Даңғылдың бойында халық серуендейтін гүлзарлар, Даңқ обелискі, сауда орындары, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университет, т.б. ғимараттар бар. Ең бастысы — Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі, еңселі ескерткіш те осы даңғылдың бойында орналасқан.

Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі ұсынғандерекке сүйенсек, елімізде Молдағұлова атындағы 1 даңғыл, 53 көше, 1 ауылдық округ бар.

P.S. Отан үшін кеудесін оққа тосқан Әлия Молдағұлованың есімі елімізде ғана емес, Ресей Федерациясында да ұлықталады. Атап айтсақ, көршілес мемлекетте мерген қызымыздың құрметіне 6 ескерткіш, 3 мемориалды тақта қойылып, мектептер мен училище жанынан 6 шағын музей ашылған, сондай-ақ 1 даңғыл, 3 көше бар. Өйткені Кеңес Одағының Батыры атанған қазақтың қайсар қызы — ТМД-ға ортақ бірегей тұлға.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button