Алтықарасу ауылында дәрігерлік амбулатория және Ақсай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункті пайдалануға берілді.
Жаңадан салынған медициналық ғимараттар ауыл тұрғындарына заманауи талаптарға сай әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге толықтай дайын.
Күніне 40 науқасты қабылдауға қауқарлы бірқабатты мекеме ғимараты медициналық қызмет көрсету үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ғимаратта қабылдау бөлмесі, вакцинация кабинеттері, акушер, физиотерапия, туберкулезге қарсы кабинет, 4 керуеттік күндізгі стационар, сондай-ақ, дәріхана орналасқан.
Алтықарасу ауылының дәрігерлік амбулаториясының бас мердігері – «КазПромСтройГрупп» ЖШС, жоба құны – 393 млн. теңге. Ал Ақсай ауылының фельдшерлік-акушерлік пунктінің бас мердігері – ПТ «ЕРКЕН и К», жоба құны – 190 млн.теңгені құрайды.
Бұдан былай, Алтықарасу және Қайыңды ауылдық округтеріне қарасты 6 елдімекеннің 2,5 мыңға жуық тұрғыны қажетті анализдерді тапсыру, күндізгі стационарда ем алу, реабилитациядан өту және басқа да маңызды қызметтер алу үшін аудан орталығына бармай-ақ, осы Алтықарасудағы амбулаторияға жүгіне алады.
Медициналық қызмет көрсететін мекеменің ашылу салтанатына қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Мұратжан Қажығалиев, аудан әкімі Алмас Жақсылықов ауыл тұрғындарын жаңа медициналық нысанның ашылуымен құттықтап, мекеме ұжымына сәттілік тіледі.
«Бұл Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тапсырмаларын іске асырудағы маңызды қадам. Біз әрбір азаматтың заманауи медициналық көмекке қол жеткізуі үшін ауылдық жерлерде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуды одан әрі жалғастырамыз»,- деді Алмас Жақсылықов.
Ақсай және Алтықарасу ауылдарының тұрғындары жаңа медициналық мекеме салынып, ел игілігіне берілгеніне ризашылықтарын білдірді.
«Бүгін біз үшін қуанышты күн. Жаңа жылда ауылымызда жаңа амбулатория ашылып жатыр. Барлық кабинеттер жаңа жабдықтармен жасақталған. Менде осы жерде 35 жыл жұмыс істеп, зейнеркерлікке шықтым. Бізден кейін жас мамандар, медбикелер, дәрігерлер келіп жатыр. Осы медицина қызметкерлері, жаңа амбулаториямыз халыққа қызмет етеді деп сенеміз. Жалпы ауылымызда жағдай жасалған», – деді Алтықарасу ауылының тұрғыны Гүлжан Мырзағұлова.
Жаңа амбулатория – Ақсай және Алтықарасу ауылдарының тұрғындарына уақытылы әрі қолайлы жағдайда медициналық көмек алуға мүмкіндік бере отырып, өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы жұмыстың бір көрінісі.
А.ІЛИЯС.